Мәзір

Жақып Омаров

Ұлт тәуелсіздігінің бір белгісі ұлттық театр. Бүгінгі ел Астанасы «Қалибек Қуанышбаев» атындағы қазақ театры. 35 жыл. Тарих уақытына орай туған ұлы өнер. Театрдың негізін қалап шаңырағын көтерген қайраткер, режиссер Жақып Омаров. ТҰЛҒА. Бұл сөз бүгінде әркімге айтылар жауыр сөз емес, ақ адал еңбектің арқасында ұлтқа еңбек еткен нағыз «қайраткерге» айтылар еңбектің өз бағасы. Айтылар сөз берер бағамыз да өзіңе.

Жақып Омаров Жақып Омаров
ЖИ көмегімен жасалған

Театр өнеріне орай ең алғашқы өнер жолыңдағы алғашқы оқу орның Мұғаң (Әуезов) атындағы қазақ драма театрының жанынан ашылған «екі жылдық студия». Осы оқу орнын бітірген не бір мықтылар Республикадағы бар қазақ театрының ірге тасын қалаған талантты ұрпақ. Соның бірі маңдайлысы да жігерлісі де өзің. Актер, режиссер, Жақып Омаров. Туған ауыл атамекенің Ақмола облысы Мәдениет ауылы. Арғы тегің «Абылай ханға алты қатын алып берген Атығай Қарауыл». Текті ұрпақ бел бала. Қанға біткен тектілік. ­Содан да болар өнер жолындағы бергенің мен алғаның бір бөлек. Өкініштісі, көпке тиесілі сұлу өнердегі аз ғұмыр. 56 жас. (1939-1996). Тағдыр.

Ең алғаш, өнер жолыңды (Әуезов театрында) актерлық оқу қызметпен бастап (1960), режиссер мамандығын оқып (1969), осы театрда он жылдай адал қызмет атқардың. (1961-1971) Әуезов театрынан ең бір ұтқаның театр өнерінің негізін салған Қаллеки, Сер-аға, Ел-аға, Сабира апам бастаған театр өнерінің ұлы майталмандарымен бірге өсіп, өнер тәжірибесінен өткенің. Қатар өскен құрбы замандас достар Молдабеков, Әшімов, Оразбаев, Тасыбекова, Мышбаева, Әуезбаева, Жайсанбаев. Басқадай үлкен аға ақсақалдар өз алдына. Режиссурада Мадиевский, Мамбетов. Бұл өнер жолың тарихи тұрғыдан алғанда әркімге бұйыра бермейтін өнегелі мектептің таптырмас ерекше соңғы сарқыты. Талапты талантқа құдай бұйыртқан уақыт жемісі. Өнер жолындағы алғашқы қуаныш үмітің осылайша өте сәтті басталды. Тәуба дерлік нағыз даңғыл жол. Бұл да бір бұйрық. Мектеп.

Режиссер мамандық иесі, талант. Мамандығына қарай бұл қызмет те (әлем бойынша) үшке бөлінді. Қоятындар жоятындар және айтқыштар. «Қоятыны практик, жоятыны «сауатсыз», айтқышы «ақымақ». Бұ сөзді қадап айтқан театр өнерінің білгір практигі Бертольд Брехт. Бұл ұғым сахна өнерінде ежелден келе жатқан ескі ұғым болса да бар шындығы осы. Үшке бөлінсе де күшке келмейтін байламы жоқ осындай бағасыз сор еңбектің ит тірлігін өмір бойы жалғыз көтердің. Бұл да өнердегі өз тағдырың. Айтқыштар мен жойғыштардан бөлек қоятындардың (практик) қатарында өзіңді өзің жетектеумен жалғыз өстің. Алақанға салып аялап өсірген әке-көкең, болмаса басыңа бақ қондырған ағайын болған емес. Не көрсең де өз талант талабыңнан танылдың. Жалпы режиссер болып жаралу «Галактика»-дан тыс тылсым күш, жұмбақ ие. Табиғатынан ерекше туған  қам көңіл жалғыздық, жетім жанашырлық. Бұл баға білімді талантқа ғана берілетін ерекше бағаның бір сыры.

Осы бағытта еңбек жолыңды Жамбыл театрында (1971-1972) бастап одан кейін Қарағанды театрында (1972-1980) «Бас режиссер» иесі болып режиссер мамандығының алғашқы ауыр да азапты ащщы-тұщщы дәмін бір адамдай-ақ тарттың. Арғы тарихы әріден (1932) бастау алған Қарағанды театры еліміздегі бірден-бір аталы театр екені ежелден белгілі. Сүйегі асыл өткені өренді ордалы мекен. Өзің де алғашқы жастық күшіңді осы театрдың өнер бағытын басқадай бағытта айқындаумен ерекшелендің. Бар сенген күшің бойға біткен мінез, қазақы тіл, өнер талабы. Сахнаға керегі қашаннан өр мінез. Мінезсіз адамнан режиссер шықпайды, шыққан да емес. Күнделікті әр жұмысы ұрыс майданмен басталып әр қойылым сайын ойлап біткенше ойнап бітер ащщы өмір. Оны да көрдің, азабына шыдадың. Одан өзге өнер ішіндегі болар (актерлардың) арсыз сатқындығы мен шарасыздығы өз алдына. Сезіп білсең де іштен тындың. Бұл да режиссурадағы қайталанбас мектептің ұмытылмас өз қайғысы. Кейін келе әр өнеріңнің күнделікті күндес күнін өз мінезіңнен таптың. Ұрындың соғылдың. Жақсы десең де жаман десең де режиссер өмірі режиссер жолы өз несібеңнен. Тартыс талас ит жығыс бітімсіз бәсеке. Жеңіліп жүріп жеңдің. Режиссерсың.

Қарағандыдағы жиған біраз еңбек табысыңды гастрольдік сапармен (1975 жыл) Алматыға келіп арнайы көрсеттің. Алғашқы Абылай «Сабалақ», Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым», және Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» т.с. озық қойылым. Режиссурадағы бұл мезгілің, өзіңді өнер жолындағы алғаш өсірген айқын жолыңның басты жеңісі. Оған өнерің куә. Одан кейін де Қарағанды елінде бес жылдай қызмет еттің. Оған дәлел жақсы түсініскен жақын досың Сәкен-сері (Жүнісов) жазып кеткен достық естеліктер. Режиссер үшін драматургпен дос болу бір жағынан жақсы, екінші жағынан қисыны келіспейтін қыйын жол. Оны да көрдің. Дегенмен, әр режиссер бір театрда кем дегенде 5-7 жылдан артық қызмет етпегені дұрыс. Одан арғы мезгіл режиссер үшін өте қауіпті. Театр шаршап актерлар марқайып, кей қарттарың қартайып шалқаяр күндердің азабы мен мазағы. Кейінгі келген жастардың да айтқаныңа көнбейтін түсініксіз кезеңдері мен егесі. Одан өзге әр актердың  жеке қайғысы мен алар атағы не бір өкпе шатағы. Бәріне жауапты бір режиссер. Дегенмен әр нәрсе өз уақытымен. Өнер де өз өмірің. Көндің. Көтердің.

Осыны білгендей (әлде басқадай себеп те болар) өзің де қызметіңді басқа театрдан іздедің. Таптың. Ол өзің оқып өсіп қанаттанған Әуезов театры. Бұл театр со кезде өз басшысы Әзекең (Мәмбетов) бастаған бір тұтас қанатты театрға айналған мықты шағы. Сырттан оралғандарға орын берер орны жоқ зор театрға айналған уақыт. Әрі кетсе бір жылдай қызмет жасап өзіңе керек өз театрыңды қайта іздедің. Ол өрісің Шымкент театры болды. Бөтен ел басқа жұрт. Не ойласа да режиссер өкпесі өз ішінде кетер тар сахна кең көңіл. Бұл елдегі торқалы тоғыз жылың да өз сәтімен жемісін молынан берді. Тек, соңы, өзің ойлағандай болмаса оған да бір себептің болғаны. Басында айтқандай режиссер еңбегі әр театрда 5, 7 жылдан аспағаны. Одан арғысы жақсылық пен еңбектің өз соры. Өнер өмір, көрер көзге тәтті болғанмен кермек дәмі қашанда ащщы. Бар ұтқаның еңбегің мен өз мерейің. Режиссер жалғыз актер көп, Оған да өкпе жоқ. Артық сөздер айтылса да ар таза. Азаматтық атыңның қасиеті де осы. Жеңдің. Жеңіс.

Әр театрдағы қырсық қыңыр қырық актерға қарсы тұрар жалғыз режиссер екенін бұл жолы да білмедің емес білдің. Білгеннен көндің. Көнбесіңе не шара. Қалай айтсақ та да өз сүйген өз мамандығың. Күйесің жанасың. Көрер қызығың тек режиссура. Тартыс керіс ит қорлықтың бітпес күндері мен жылдары. Бұл азап жолың өз  адал еңбегіңнің тағы да бір биік жеңісіне жеткізді. Ең бастысы өнер шындығы. Тазалық. Оған керегі де ұйымдастыру қабілет ерекше мінез, ұшқыр талант. Тоқсан актер неше жерден толғатса да бір режиссер бола алмайды. Талантты құдай береді өнер тудырады. Бұл жағдай бар театрға ортақ ежелгі жазылмас ескі дерттің ем болмас ессіз өз ауруы. Мұндай теке-тірестің аяғы орта қол таланттардың арыз шағымымен басталып, соңы режиссердың театрдан кетуіне әкелетін сор азап.

       Бұл қағида бар театрға ортақ ауру болғаннан жазып отырмыз. Әсіресе, «қазақы» қазақи театрлардың жазылмас іш мерез кем кетігі. Қазақтығымыз да осында. Өзіңнің де әр театрдан тауып тартқан әр азабың мен күйініш-сүйінішің осылай аяқталды. Сондықтан режиссер, режиссерсың. Жеңісің де марапатың да осы теке тіресте өсті. Алмадың емес алдың, бермедің емес бердің. Кім қарсы тұрса да өз өнері. Білгенге бұл да бір қуаныш. Одан өзге өзің қызмет атқарған әр театрдың талай актерының бағын ашып талантын да өзің таныттың. Бұл да режиссер үшін қайталанбас зор еңбек. Тек қайырымы жоқ қайырсыз еңбек демесең. Не десек те режиссердың аты зор еңбегі сор.  Білдің. Жеттің.

Режиссурадағы көбірек айналдырған қойылымың қашаннан «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы. Тәуелсіздік алып дінге бет бұрған заманда да (90 жылдар) мойымай қайта қойдың. Болмады. Болдырмаған алдыңғы «соцреализм»-нің сүйекке сіңген қасаң тәртібі. Одан өзге Ақан Ақтоқтының өз өмір жеке тарихы. Ірісі Науан хәзірет. Бұл жерде автор (пьеса бойынша) кінәлі кінәлі емес деген ұғымның ойы емес, өткен қоғамнан қалған ұлтқа деген ұлтсыздықтың басты кесірі. «Соцреализм». Тереңдете алсақ алдыңғы Шоқан, Ыбырай, Абайдың да нақты тарихи бейнесі со заманда солай жазылып басқадай айтылды. Сендік. Көндік. Заман желінен ықтасындап ықтап өскеніміз де осыған бір себеп. Ұрпақ болып көнгенбіз көндік. Әлі де көну сол көну. Өткен заман өмір өнер солай. Мойындау міндет. Бұл уақыт өлшемі, келер тарих.

Негізгі автор Ғабаң (Мүсірепов) ұлт тұлғаларын сақтаудың бірден бір қайласы (сыңаржақ қоғамға орай) ұлт ерлерін сақтаудың бір жолында осындай жаңсақ қулыққа көшпесіне және болмады. Пьесаның ең негізгі құндылығы автордың тіл байлығы, қабырғалы қара сөз. Поэзия. Бізге керегі де осы. Тарих солай болды екен деп пьесадағы Ғабаңның інжу-маржан құнды сөздерін жоққа шығарсақ және оңбаймыз. Ғабаңның қара өлеңмен жазған бұл шығармасы алдыңғы ұстазы Аймауытовтан қалған алтын сөз таптырмас үлгі. Сөз құдірет, ой маржан. Театр өнері ежелден тарих пен әдебиет үшін таптырмас мол қазына ұлт байлығы. Өнер тазалығы.

Осы ұғымдарды жақсы білгеніңнен болар соңғы қойылымдарыңда Ақанды Хәзіретке мұңдас ретінде де көрсеттің. Бұған келгенде сахнадағы кейіпкер қақтығысы мен диалог тартысы, әсіресе дін жолы тағы да қойылымыңа көнбеді, көндірмеді. Әсіресе Хәзірет бейнесі. Сөзбен ойдың ауыр әрекеті. Социализммен бірге сіресіп туған кер заман мектебі қалай қойсаң да режиссер еркіңдігіне жібермеді. Тас қорған темір есік. О заманның үні өзге сөзі басқа болғаннан арғы ойыңды дәлелдеуің де өте қиын болды. Заман уақытын мойындамасқа шара жоқ. Әлі де бұл ұғымнан өзгергеніміз шамалы. Оған дәлел, талай жыл күткен діннің бүгінгі сорақы қылығы мен өресіз өз үлгісі. Осы ойға оралғанда болашақты меңзей білген Ғабаң да көреген. Сенген дініміздің ел сенімін ақтамағанына (жат діндәрләрдің) бүгінде ел куә. Қалай айтсақта автордың «қара өлеңмен» жазған қасіретті қалың зарлы тарихи шығармасы өнер үшін әлі де бағалы. Өзің пір тұтқан «Ақан сері Ақтоқты» қалай сараласақта өмірдегі Ақтоқтың (Түймехан Атымтаева) өнердегі өз жеке биігіңнің қуанышы болды. Өнер. Өмір.

Өнердегі ерекше еңбегің Ғабаңның «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымымен ел Тәуелсіздігі жолында бір емес екі театрдың негізін қалағаның. Алғашқысы «Ақмола театры» (1991, 15 қараша) және, Көкше еліндегі тұңғыш «Көкшетау театры» (1996, 6 наурыз). Қара суықта қайыспай қара қабырғасын қалап қара шаңырағын жалғыз көтердің. Күндіз-түні бел шешпей еңбек еттің. Өзіңе сенген актерларды үгіттеп үйсіз-күйсіз тақыр жерден театр құрдың. Олардың көбі өзің тәрбиелеген Қарағанды актерлары. Олар да сенген сеніміңді ақтап біразы елге қайта қайтты. Оған бола өкпе жоқ. Қайтпас қара жолдан қайтпаған қара нар тек өзің. Шаршап шалдыққанда айналаңды жасытпай пианиноңда ойнап әніңді де салдың. Қалтаңа түскен қаражатты қылдай бөліп ашқарын актерлардың тамаған тойдырып киіміне дейін бүтіндедің. Жоқ театрдың жоғын түгендеп  реквизит бутафорына дейін (әр жерден жинақтап) жиғаның бір бөлек дүние. Дәл осы ісің сонау 1925 жылы Қызылорда жерінде Смағұл Сәдуақасов ашқан алғашқы қазақ театрының алғашқы күніндей. Тек, арасы алшақ 70 жылдың елесі ғана.

Алғашқы Ақмола театрының тарихын айтсақ, ең алғаш сонау 1919 жылы Сәкен (Сейфуллин) ағамыз негізін салған алғашқы «орыс-қазақ театры». Қалибек, Әміре, Исалар ән-сауық құрған Қоянды жәрмеңкесінің туын көтерген Ақмола халқы. Бұл театр да жеті жылдан соң жасырын жаулардың жаулығымен өртеніп, 1943 жылы қайта ашылып қайта жабылған театр. Өртенген орынның күлін өнерде қайта тұтатқан өзің. Өнер жолындағы қайта тұтанған Феникс, Жақып Омаров. Алғашқы қойылым. Өзің ежелден пір тұтқан сол «Ақан сері – Ақтоты». Тың игерушілер сарайы. 1609 орынды лықа толтырған алғашқы екі мың көрермен. Қуанған қазақтың қуанышты ел тойы. Театр. Сахна. Қара көз көп көрермен. Тұңғыш аншлаг. Өнер өмірдегі ақ туың қашаннан көздеген өз Ақтотың, өз жарың. Өмірдегі бейне Ақан серілігі, Ақан тойы.

Ел жадынан ұмытылған «Наурыз мерекесін»-де жалғыз көтердің. Өзекең (Жәнібеков) бастаған бастаманың бағын түлеттің. Бұл еңбегің тіптен өлшеусіз. Оған қарсы тұрғандарға жалғыз қарсы тұрған тағы да өзің. Өнер өлшемі шексіз. Осыған орай 40 адамнан құрылған тұңғыш оркестірің «Елім-ай» нөсерлете күй төкті. Ел сүйегінің сырқатын жазып көз жасының көңілін көтерген тағы да сол өз күшің. Өнер. Той. Мереке. Бұл да өнердегі өз жеке табысың. Қасыңа ерген қанаттас жақын дос туыс, әріптестер.

Ел алдындағы осындай ерен еңбегіңе айтар сөз, берер баға жоқ. Дегенмен дегенімізді десек айтар әңгіме әлі де көп. Соның бірі өз атыңда көше болғанмен екі бірдей театрдың негізін салған атыңа лайық бір театрдың жоқтығы. Атыңа сай театр атын береміз десек жоқ емес бар. Тек, мына кеселі мен заманы кері туған кер заманда осы Астанадағы бірнеше театрдың бір атын берсек аттан түспеспіз. Бұ жағдай бір кездері ұлы режиссер Әзекеңе (Мәмбетов) жасалған көп қиянаттың бірі болғаны да рас. Әзекең өсіргендердің атында айғайлаған талай театр. Өзі қайда?  Соның бірі ірісі нағыз өнер қайраткері де өзің едің. Осы жерде айта кетер бір жағдай, артист ешқашан қайраткер болған емес, болмайды да. Олардың өнердегі құрметі «еңбегі сіңген артист», одан кейнгі құрметі «халық артисі» Өнердегі нағыз қайраткер - Режиссер. Соның ең бір ірісі мен мықтысы тағы да өзің, еңбегің. Ол режиссер қайраткер Жақып Омаров. Театр өнерінің қос босағасын (тәуелсіздік жолында) қиыр шетте туын көтерген режиссердың бірегейі бірі. Қазағы азайып ортасы орыстанған байырғы қазақ жұртын театр өнерімен тірілткен нағыз «Қайраткер». Бүгінде, өзіңдей тіл құрметтеп, ел дәстүрін ұққан режисерлар жоқтың қасы. Шоу. Білімсіз жастық. Түсініксіз қойылым.

Өнерге де өмірге де өз мінезіңмен келіп өз мінезіңмен өттің. Отаныңды да от басыңды да өнерден таптың. Бұ да ұлы қуаныш. Ең ауыр өкінішің болса тағдырдың басыңа жазған жалған жастық аз өмірі. Бар жоғы жаратқаннан бұйырған орта жас. Кемеліңе келгенде өнер өмірге қош деместен бақилыққа мезгілсіз аттанғаның. Жат ел бөтен жұрт. Башқортстан. Уфа. 56 жас. Бұл 56 жас не бір талантты режиссерлар үшін өте қатерлі жас болды, болған. Олар кешегі Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев. Олар да осы 56 жастың мезгілсіз құрбаны. Солардың соңына ерген ердің бірі өзіңсің. Жақып атың өнер жадында, еңбегің ел жолында. Сен нағыз қайратты қайраткер режиссерсың. Келер ұрпаққа өзің қастерлеп атын тудырған Қалибек атындағы өз театрың (өнер жолында) өзіңе қарыз, әрі жауапты. Рухың өнерге. Бұл сұрау қазақ театрына ортақ өнердің өз сұрағы. Жауабына жауапты келер ұрпақ. Оған да уақыт төреші. Ылайым солай болғай.

Ерсайын Төлеубай. ҚР халық артисі. Режиссер – драматург.

Көп оқылды: