Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндірді.
Оның айтуынша, жұмыс істейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа дейін төленетін жәрдемақы сақталады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры соңғы екі жылдағы табысының 40 пайызын төлейді. Бұл ретте отбасының мұқтаждық деңгейі ескерілмейді.
Ал жұмыс істемейтін әйелдерге төлем тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Егер отбасы мұқтаж деп танылса, төлем беріледі. Ал жеткілікті табысы бар отбасылар бұл қолдауға ие бола алмайды.
Депутаттың мәліметінше, қазір Қазақстанда А және В санаттарына жататын 11 мың әйел осындай төлем алып отыр. Ол жұмыс істейтін әйелдерді жаңа өзгерістерге алаңдамауға шақырды.
— Сіз жұмыс істеп жүрдіңіз, ай сайын барлық жарнаны төлеп тұрдыңыз. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сіздің бұған дейін алған жалақыңыздың 40 пайызын балаңыз бір жарым жасқа толғанға дейін төлей береді. 1 қаңтардан кейін де дүниеге бала әкелген А категориясында және В категориясындағы әйелдер де декреттік төлемді ала береді, — деді Ләззат Қожахмет.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі толық көлемде іске қосылады. Отбасының мұқтаждығын бағалау кезінде табыспен қатар шығыстары да ескеріледі.