Мәзір

Бүгінгі біз көріп жүрген театрдың биігі - кешегі алыптардың иығына көтерілген биік

Бекжан Тұрыс

Бүгінгі біз көріп жүрген театрдың биігі - кешегі алыптардың иығына көтерілген биік Бүгінгі біз көріп жүрген театрдың биігі - кешегі алыптардың иығына көтерілген биік
Almaty.tv

Өнерде жаңалыққа ұмтылу қандай маңызды болса, өткеннің өнегесін ұмытпау да сондай қымбат. Бүгін сахна төрінде жүрген әр буын өзінен бұрынғы буынның еңбегін қадірлегенде ғана өнердің тамыры тереңдеп, дәстүрдің жібі үзілмейді.Кейде адам өнерге келеді, ал кейде өнер адамның тұтас ғұмырына айналады. Әубәкір ағаның өмір жолына қарап отырып, осыны ойлаймын. Театр ағаның өмірінің бір бөлшегі ғана емес, тұтас ғұмырына айналды. Сахна үшін өмір сүрді, өнер үшін еңбек етті.Өнерде жылдар өткізу - бір бөлек те, өнердің ішінде өзіңді жоғалтпай, адал қалпыңда қалу - бір бөлек. Ағаның қадірі де осында деп ойлаймын. Уақыт өзгерді, талғам өзгерді, театрдың тынысы да талай құбылды. Бірақ ағаның өнерге деген адалдығы өзгерген жоқ.Әубәкір аға, тақыр жерден театр тұрғызған, сахнаның қасиетін қалыптастырған ұлылардың ұлағатын көрді. Сол алыптардың талайымен бірге жүрді, талайынан тәлім алды. Сол дәуірдің үнін естіді, олардың сахнадағы ізін ғана емес, адамдық болмысын да тани білді. Әзербайжан Мәмбетовтің театрдағы дәстүрі мен шығармашылық мұрасына адал болған жандардың бірі болды.

Бір адамның ғұмырына тұтас бір дәуірдің куәсі болу — үлкен тағдыр. Ал сол дәуірдің талай белесін өз көзімен көріп, талай буынның өнердегі жолына куә болған Әубәкір ағаның менің өмірімде де өзіндік орны бар. Мені алғаш рет жұртқа «шал» қылып танытқан да осы Әубәкір аға еді. Ол кезде тұрмыстық пародиялар жасап, шал мен кемпірдің образын айнытпай салып жүретінмін. Сондай бір кездері Әубәкір аға менің бойымнан басқа бір мүмкіндікті көрген болуы керек. Т. Нұрмағанбеттің «Бес бойдаққа бір той» спектакліндегі басты кейіпкер — Қырманбай шалдың образын маған сеніп тапсырды.

Иә, ол кезде мен әлі отызға да толмаған жас жігіт едім. «Жас балаға шалдың рөлін бергені несі?» деген сияқты біраз сөздер де айтылды. Жұрттың күмәні болғаны рас. Бірақ Әубәкір аға өз шешімінен қайтпады. Маған сенді. Сол сенім мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Қырманбай шалдың образын ойдағыдай алып шығуға барымды салдым. Ең қызығы, сол спектакль театр сахнасынан әлі түскен жоқ. Арада қанша жыл өтті, қанша буын ауысты. Көрермен де, сахнадағы талай актер де өзгерді. Ал мен сол Қырманбай шалды әлі күнге дейін сомдап келемін. Уақыт өтеді, буын алмасады, бірақ жақсы кейіпкердің ғұмыры жалғаса береді.Содан кейін де Әубәкір аға қаншама қойылым қойды. Әр спектакль сайын жаңа кейіпкер, жаңа мінез, жаңа ізденіс болды. Ағаның актерге деген сенімі мен талабы менің шығармашылық жолымның қалыптасуына үлкен әсер етті.Бүгін ойланып қарасам, менің өнердегі талай белесімнің бастауында Әубәкір ағаның сол сенімі тұр екен.Театрдың талай буынына жол көрсетіп, талай актердің өнерін шыңдауға себеп болған еңбегі — өз алдына бір тарих.

Осындай азаматтың өнерге сіңірген еңбегі елдің елеуінен, мемлекеттің бағасынан тыс қалмаса екен деймін. Көп жылғы шығармашылық жолы, театрға сіңірген еңбегі, талай актерге берген тәрбиесі мен өнерге деген адалдығы лайықты бағаланып, Әубәкір ағамызға Қазақстанның Халық әртісі деген атақ бұйырса екен деген тілегім бар.Бұл - атақ үшін айтылған сөз емес. Ағаның өнердегі жолын көріп, еңбегін бағалаған актердің жүрекжарды тілегі.

 

Көп оқылды: