Ошаққа басын беріп ол ойланып отыр. Қиыншылық кездерінде ылғи осылай отыратын.Үйде іліп алар ештеңе жоқ. Я киім, я көрпе-төсек, сандық, жиһаздар болсайшы! Тек шөп пен қойдың жүнін араластырып жасаған төсек тәріздес бірдеме... Кенет есік сәл қозғалып көтерілді де, ішке ит кірді. Ол өз орнын жазбай білетін, оң жақ қанатқа жатып алды. Отамалы итіне көңіл аудармай, сақалын төмен салып жіберіп үнсіз отыр. От пышырлап жанып жатыр. Мінеки, манадан бері от тимей тұрған баялыштың бір жуандау бұтағын жалын тілі бір жалап өтті. Бірақ ештеңе болмағандай, баялыш бұрынғы күйінде қала берді. От екінші рет соғып өткенде баялыш сәл күңгірттеніп қалды. Сонда да жанып кетпеді. От тілдері көбейіп келіп, үшінші рет шарпылғанда ғана баялыш денесіне от жабыстырды.