Мәзір
Бүгін, 16:27 / JariaLike / Күн-Жария

Жолда...

Көзім ілініп кетіпті. Бағанағыдай емес, көліктің ішіндегі көңіл күй де жақсарып қалыпты. Оның үстіне күн енді ғана көтеріліп, жылуын шаша бастаған. Өзінің де, жолаушылардың да көңілін көтергісі келгендей, Гауһар көңілді ән қосып қойыпты. Менің де жаным жай тапты. Терезе жақтан орын тигені қандай дұрыс болған. Алматының табиғатын тамашалап, ерекше бір сезіммен терең ойға бату төрт қабырғада отырып ойланғаннан екі есе жақсы екен.  

Жолда... Жолда...
ЖИ көмегімен жасалған

Жолда жүргенді жақсы көремін. Себебі сапар жанды жадыратар ойлар мен жақсы күндерге деген сенімді көңілге ұялатады. Қанша уақыттан бері маза бермей жүрген сезімдерім алғаш рет саябырлағандай. Оның үстіне бұрын-соңды көрмеген Көлсай мен Қайыңдыға бара жатқаным көңілімді одан сайын көтергендей. Табиғаттың тылсым жаратылысы тауға қаршадайымнан ынтықпын. Онда бір тылсым әлем бар. Ол көпті көрген. Көп сыр сақтаған. Алыстан менмұндалап шақырған тауға жетуге асығып отырмын.

Көліктің іші адамға толған соң, Гауһар:

- Екеуміз алдыға отырайық, – деді.

Алайда алдыңғы жақта жүргізуші мен оң жақтағы орындықтың ортасында бір ғана орын бар екен. Оның өзі тақтайдай тар.

Дәл осы жерде әншейінде ондай нәрсеге мән бере қоймайтын мен Гауһарға:

– Мен шетке отырайыншы. Белім ауыратын еді, – дедім.

Ол да «мейлі» дегендей басын изеді. Жай күндері ондайға мән бермейтінмін. Бірақ біреуді әрдайым ойлайтын «мейірімділігімнен» төсектен тұра алмай жатып қалған күндерім қаншама. Ал мынау – жолаушының дегбірін қашыратын, темір тұлпарлармен сан ғасыр тайталасып келе жатқан тас жолдар. 

Белімді зақым келу қаупінен құтқарып қалғаныма қуанып отырғаным сол еді, көлік құрық тимеген асаудай жұлқып ала жөнелді. Көлденең тақтайға жайғасқан Гауһардың оң қолы лезде менің оң жағымдағы терезенің тұтқасына жармасты. Өзінің жаны тәтті екен. Сәл салғырттау да секілді?! Сол қолының кірлеп қалғанын да байқамаған екен. Жаңа ғана сырттан бір заттар көтеріп, көлікке мінгенде былғап алған болар.

Межелі жерге жеткенде, ары қарай жаяу болмаса арнайы жалданатын аттарға мініп баруға болатынын білдім. Ақшаның көзін тапқандардың әрекетіне қарсылығымды көрсеткендей, тауға өзім көтерілуге бекіндім. Күннің ыстығы мен жолдың алыстығын енді түйсініп, атқа отыра салуым керек пе еді деп ойлап қоямын. Ораза ұстап шыққаным тағы бар. Әйтеуір, жеттім-ау.

Үшеуміздің әңгімеміз жарасты. Таңертеңгі арамызда болған түсініспеушілік те ұмытылған.

– Кейде мен көшіп кеткім келеді. Жағдайымды жақсартып, күн көріп емес, шынайы шалқып өмір сүргім келеді. Көп жерді көріп, аралағым келеді. Бірақ бар ғой, қайда барсам да, қайтадан еліме қайтқым кеп тұрады, – деді Айнұр.

Ал Гауһар:

– Мен де өз елімді жақсы көремін. Көп жерді араладым. Тіпті жұмыс істедім сол жақта. Алайда ол жақта біздің халықта кездеспейтін жақсы бір қасиет бар, – деді.

– Қандай?

– Ол жақта сенің кім екенің, қандай екенің маңызды емес. Мен үш жасымда сол қолымнан айырылдым. Апам мұны ешқашан кемістік деп қабылдама деп үйретті. Ал өсе келе адамдардың шұқып көрсететініне, әсіресе оқуға түсіп, жұмыс іздегенімде көбісінің аяп, мүгедек деп шұқшия қарайтынына амалсыз ұяласың. Сені кемсіткеніне қынжыласың. Тіпті туыстардың көзқарасы да деміңді тарылтқандай болады. Ал шетелде олай емес, – деді де, адамдарды түгендеуге асыққандай, алдыға қарай бұрылды.

          Ал мен таңертең жолға шығар алдында кішкентай ғана маршрутканы көріп, таңырқап қалғанымда телефонмен сөйлесіп келіскен Гауһар есімді қыздың күлімдеп, қолын көтеріп бізді шақырғанын есіме алдым. Жылы қарсы алып, орнымызға жайғастырғаны. Тар көліктің ішінде қыстырылысып отырғалы жатып:

– Осымен барамыз ба? – деп ұнатпағанын жасырмаған Айнұрға:

– Иә, – деп жылы күлімсірегені.

Бәрімізді орналастырып, өзі бұрыннан таныс жүргізушінің қасына отырып, жолаушының жақтырмағанын біліп тұрса да, көңіліне алмауға тырысқаны. Ондай жолаушылармен көп кездескені көрініп тұр.

Қаладан шыға берісте тоқтағанымызда:

– Осы жерден қажеттеріңізді алып алыңыздар. Алда бұдан басқа дүкен жоқ, – деп жұмсақ сөйлегені есіме түсті.

Арт жақтан әрең дегенде қыстырылып шыққан Айнұрдың:

– Алдын ала келіскенде, көлік кішкентай болады деп айту керек еді. Бұларың дұрыс емес. Біз деген демалып қайтуға бара жатырмыз. Кеңінен отыратын көліктен бас тартып, сіздерге келістім. Тым болмағанда жағдай жасау керек қой. Аз ақша төлеп отырған жоқпыз, – деп бұлқан-талқан болғанында да сыр бермеген Гауһардың сабырлылығы көз алдыма келді. 

Сол сәтте оның сол қолының протез екенін байқамағаныма қынжылдым. Уазикке қайта отырғалы жатқанда, мен өз орнымды ұсынған едім. Ол бас тартты. Тек ойлы-қырлы жерлерде теңселіп отырған Гауһарды демеп отыруға тырысып едім:

– Жоқ, өзіме ғана сенемін, – деп әзілдеді.

Сол кезде бағана өзі ұнатпайтын адамдардың қатарына өзімнің де кіріп кеткенімді ұқтым. Мен де оны қолының жоқ екенін білгенде ғана аяй бастаппын. Ол мұны маған үнсіз ұғындырды.

Жолда Гауһардың ауылына соқтық. Өзі табиғаты керемет жерде тұрған соң, тур ашыпты. Жасы жиырма сегізде екен. Осы жылы тұрмысқа шығамын деп қуанып қояды.

Менімен шамалас қыздың басына түскен қиындыққа мойымай, өмірсүйгіштігін өлтірмей, қоғамның мүсіркеуін қабылдамай, жай ғана адамдық бақыт үшін күресіп жүрген қарапайым болмысына қайран қалдым. Қайтарда ауыз ашып отырып, сол қыздың мына жалған дүниеде бақытты күндерінің көп болғанын тіледім.

Жылдар салып, осы өңірге қайта келдім. Сенің ауылыңның маңынан өтіп бара жатып, өзің аңсаған әдемі өмірге жеттің бе екен деп ойладым. Сол баяғы томпиған келбетің, қуанышқа, мейірімге толы жанары көз алдыма қайта келді. «Осы жылы тұрмысқа шығамын» деп баладай қуанып отырғаның есіме түсті.

Бәлкім, бүгінде сол армандаған үйіңде жүріп, өзің қалаған адаммен бірге шай ішіп отырған шығарсың. Бәлкім, үйіңнің ауласында балаларыңның дауысы естіліп, сен солардың соңынан күліп жүгіріп жүрген шығарсың. Мүмкін, өзің ашқан шағын турың кеңейіп, сен талай адамға осы өлкенің сұлулығын таныстырып жүрген шығарсың. Білмеймін.

Бірақ сенің бір нәрсеге әбден лайық екеніңді білемін. Ол – ешкімнің аяушылығына мұқтаж болмай, өзің қалағандай өмір сүру. Он екі мүшесі сау адамның бойынан табыла бермейтін қайрат пен еркіндікті сенен көрдім. Бір қолыңнан айырылсаң да, өмірге деген құштарлығыңнан айырылмапсың. Ал мен сол күні өзімнің сау тәніме қарамай, сенің бойыңдағы өмірсүйгіштікке мұқтаж екенімді түсіндім. Адамға адам ретінде қараудың қарапайым ақиқатын кейде көзіміздің алдындағы нәрсені көре тұра ұмытып кетеді екенбіз.

Сол жолдан бері талай жол жүрдім. Талай адам кездестірдім. Бірақ сені ұмытпаппын. Бүгін де ауылыңның маңынан өтіп бара жатып, сені есіме алдым. Сен аңсаған әдемі өмірге жеттің бе екен? Жеткен шығарсың. Асылы, сен сияқты өз бақыты үшін күресіп жүрген адам бақытқа жетуге тиіс.

 

Ләззат Қайратқызы

Көп оқылды: