Қазақстандағы жұмыссыздар саны 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 446,1 мың адамға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болып қалды.
Елдегі жұмыс күшінің жалпы саны 9 млн 838,1 мың адамды, ал жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамды құрады. Оның ішінде 7,3 миллион адам жалдамалы қызметкер, 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 103,1 мың адамға көбейген.
Өңірлер арасында жұмыссыздық деңгейі ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында – 5,0 пайыз тіркелді. Одан кейін Атырау және Павлодар облыстары – 4,9 пайыз, Жамбыл облысы – 4,8 пайыз, Абай және Ақтөбе облыстары – 4,7 пайыз көрсеткішке ие болды.
Ең төмен жұмыссыздық деңгейі Қарағанды облысында – 4,0 пайыз, Ұлытау облысында – 4,1 пайыз, Астана қаласында – 4,3 пайыз, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 4,4 пайыз болып тіркелген.
Статистика ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылықты да көрсетті. Ерлер арасындағы жұмыссыздық 4,0 пайыз болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 5,0 пайызға жеткен. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз, ауылдық жерде 4,6 пайыз болды.
Жалақы бойынша да жаңа мәлімет жарияланды. 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 461 486 теңгені, ал медианалық жалақы 331 527 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш барлық қызметкерлердің тең жартысы осы сомадан төмен, ал жартысы жоғары жалақы алатынын білдіреді.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы кезеңде құрылыс, өнеркәсіп, көлік-логистика және денсаулық сақтау салаларында жаңа жұмыс орындарының ашылуы еңбек нарығындағы өсімді сақтауға мүмкіндік береді.