Бүгін Астанада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылап, 2024 жылға арналған міндеттерді айқындады.
Отырысты ашқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева Мемлекет басшысы қол қойған Жарлығына сәйкес комиссия мүшелерін ротациялау жүргізілгенін атап өтті. Аида Балаева Ұлттық комиссияның бұрынғы мүшелеріне жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, қатысушыларға жаңа мүшелерді таныстырып, оларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына Ләззат Қалтаева, Тілектес Адамбеков, Альфия Адиева, Ренат Зулхаиров, Шолпан Каринова, Эльмира Каримова, Муслим Хасенов енді.
«2023 жыл комиссия қызметінде табысты, нәтижелі болды. Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарға сәйкес ұлттық комиссияның өткен жылғы қызметі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге баса мән беріп, билік пен азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы сұранысқа ие диалог алаңына айналды.
Ұлттық комиссия сарапшыларының қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленіп, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді», - деп атап өтті Аида Балаева.
Оның айтуынша, 2023 жылы проблемаларды жан-жақты талдау, өңірлік ерекшеліктерді бағалау және өзекті мәселелер бойынша шешімдер әзірлеу үшін Ұлттық комиссияның сараптамалық топтарының өңірлерге бару тәжірибесі енгізілді.
Мониторинг және сараптамалық талдау қорытындысы бойынша жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келеңсіздіктерге тосқауыл қою, сондай-ақ балалар арасындағы буллинг пен суицидті алдын алу бойынша бірқатар бастамалар әзірленді. Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін "One Stop Service" жобасы іске қосылды. Жоба аясында әйелдер мен балаларға қатысты 36 қылмыстық іс бойынша қолдау көрсетілді. Резонанс тудырған 11 іс ерекше бақылауға алынды.
Әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі істермен айналысатын адвокаттар мен заңгерлерге арналған арнайы әдістеме әзірленді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларына жедел әрекет ету алгоритмі дайындалып, мемлекеттік органдардың тәжірибесіне енгізілді. Әлеуметтік маңызы бар 7 жоба, оның ішінде "Самұрық-Қазына"АҚ-мен бірлесіп 3 қайырымдылық жобасы іске асырылды.
Олардың қатарында Astana hab – пен бірлескен It-Aiel бағдарламасы бар. Бағдарлама 2 мың жұмыссыз әйелге табыс көзін арттыруға және фрилансерлік платформаларда ақша табуды табуды үйрену арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. «Томирис» ұзақ мерзімді білім беру жобасы қалалар мен ауылдық жерлердегі табысқа жеткен қыздар мен әйелдерді қолдауға бағытталған. Тағы бір сәтті жоба - шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсету және тексеру үшін іске қосылған «Саламатты Қазақстан» пойызы.
Отбасы, гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша 12 зерттеу ұйымын біріктіретін ұлттық консорциум құрылды. Өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары, отбасын қолдау орталықтары және зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары ашылды. Анықтама үшін "сенім телефоны" жұмыс істейді.
Отбасы және гендерлік саясат саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударылады. Комиссия Қазақстанды халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде одан әрі ілгерілету жөніндегі міндеттерді орындады.
Ұлттық комиссия базасында шоғырландырылған мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның жалпы қорытындылары беделді халықаралық алаңдарда талқылауға ұсынылды. Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарды ескере отырып, ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Сөз соңында Аида Балаева Ұлттық комиссия жұмысының алдағы күн тәртібін белгіледі. Министр биылға арналған бірқатар негізгі басымдықтар құқықтық мәдениетті және заң бұзушыларға қарсы көзқарасты қалыптастыру, түрлі мақсатты топтармен қоғамдық талқылауды дамыту, адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттерді атады.