Көпшілік «Текетірес» («Heat») фильмін ойдан шығарылған криминалдық оқиға деп қабылдайды. Алайда режиссер әрі сценарист Майкл Манн картинаның негізгі желісін 1960-жылдары Чикагода болған шынайы оқиғаларға негіздеген.
Фильмдегі қылмыскер Нил МакКоллидің прототипі – 1963 жылы бірнеше қарулы тонау ұйымдастырған америкалық қылмыскер Нил Макколи (Neil McCauley). Оның ізіне Чикаго полициясының детективі Чак Адамсон (Chuck Adamson) түскен. Тергеу барысында Адамсон Макколимен кездейсоқ кофеханада кездесіп, онымен ұзақ әңгімелескен. Кейін бұл оқиға фильмдегі Роберт Де Ниро мен Аль Пачино ойнайтын әйгілі дәмхана көрінісінің негізіне айналды.
Шынайы өмірде олардың текетіресі де фильмге ұқсас аяқталған. 1964 жылғы 25 наурызда полиция арнайы операция жүргізіп, қарулы қудалау кезінде Нил Макколи оққа ұшқан.
«Текетірес» 1995 жылдың 15 желтоқсанында прокатқа шықты. Фильмнің режиссері әрі сценарисі – Майкл Манн. Туындының бюджеті 60 миллион АҚШ долларын құрады, ал әлемдік прокаттан 187,4 миллион доллар табыс жинады.
Фильмде Голливудтың ең ірі актерлері бас қосты. Детектив Винсент Ханнаның рөлін Аль Пачино, ал Нил МакКоллидің образын Роберт Де Ниро сомдады. Сондай-ақ фильмге Вэл Килмер, Том Сайзмор, Дайан Венора, Эшли Джадд және Натали Портман қатысты.
«Текетірес» кино тарихындағы ерекше оқиғамен де есте қалды. Бұған дейін Аль Пачино мен Роберт Де Ниро «Өкіл әке II» фильмінде ойнағанымен, бір кадрда кездеспеген еді. Ал «Текетірестегі» дәмханадағы диалог олардың экрандағы алғашқы бетпе-бет кездесуі болды. Бұл көрініс кейін әлемдік кино тарихындағы ең үздік диалогтардың бірі ретінде бағаланды.
Фильмдегі Лос-Анджелес көшелерінде түсірілген банк тонаудан кейінгі атыс сахнасы да кино өнеріне ықпал етті. Актерлер бірнеше ай бойы бұрынғы арнайы жасақ нұсқаушыларынан тактикалық дайындықтан өткен. Бүгінде бұл көрініс әскери және полиция академияларында шағын бөлімдер тактикасын талдау кезінде мысал ретінде көрсетілетіні белгілі.
IMDb рейтингінде фильм 8,3 балл жинаған. Көптеген киносыншылар «Текетіресті» криминалдық драма жанрының үздік үлгілерінің бірі деп бағалайды. Оның шынайы оқиғаға сүйенген сценарийі мен психологиялық текетіресі арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.