1927 жылы Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қали Байжанов бастаған өнерпаздар Мәскеуде өтетін этнографиялық концертке аттанады. Арасында Жұмат Шанин мен оның жұбайы актриса Жанбике де бар еді.
Жанбикенің қолында туғанына алты ай ғана толған сәбиі болады. Алыс жолда балаға суық тиіп, шетінеп кетеді.
Пойыздағы әртістер Жұмат пен Жанбикеге кері қайтуға да, сол жерде тоқтауға да дайын екенін айтады.
Сонда Жұмат тұрып: «Жоқ, болмайды. Өнердің өз қатал талабы бар. Сәбидің көрер жарығы аз болды. Егер аялдасақ үш күнге кешігеміз. Ал бұл концертке барлық республика қатысады. Жеке басымыздың емес, халқымыздың абыройын ойлайық» дейді.
Сонымен,олар Мәскеуге жетеді. Баланы сол жердегі мұсылмандар зиратына актерлер Елубай Өмірзақов пен Құрманбек Жандарбеков апарып жерлеген.

Сол себепті, мына суретке баланы жерлеуге барған екі актер түспей қалған.
Осылайша, Жұмат Шанин мен әйелі Жанбике отбасындағы ауыр қайғыны, өнер жолында құрбан етеді. Осындай ерлікке барса да, алайда, 1936 жылы Мәскеудегі өнер онкүндігінде «Қыз Жібек» пьесасын 10 минут кешіктіріп бастағандықтан, Жұмат Шанин ату жазасына кесілген деп айтылады.