Мәзір
15 шілде, 2024 / JariaLike / Әлеумет

Астана инфрақұрылымы жаңаша жаңғырады

Биыл Астана қаласының инфрақұрылымы одан сайын жақсара түсті. Елорда аз уақыт ішінде донорлық мегаполиске айналып үлгерді. Статистикаға сүйенсек, кейінгі 10 жыл уақытта Астана тұрғындарының саны 46%-ке артқан. Болжамды деректерге сәйкес, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,3 млн адамға дейін көбеюі ықтимал.

Астана инфрақұрылымы жаңаша жаңғырады Астана инфрақұрылымы жаңаша жаңғырады
Фото: inbusiness.kz

Осыны ескерген Премьер-Министр Олжас Бектенов кешенді жоспарды іске асыру үшін елорда мен жақын өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша кеңес өткізген болатын. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек маңызды жиынды қала маңына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін шешу жоспарлары өзекті мәселе екенін тілге тиек етті. Яғни елорданың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ілгерілеуі үшін агломерация жағдайынан айналып өте алмаймыз.

Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Аталған жоспар қала құрылысын өркендетуге, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Мәселен, агломерацияны аумақтық дамыту шеңберінде елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын сәйкестендіретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу көзделуде. Жалпы ауданы 940 гектардан асатын эко қалашықтар құру жобаланып отыр. Олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынбақ.

Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында электровоздарға қызмет көрсететін логистикалық 6 кешен мен сервистік орталық салу, сондай-ақ қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау шаралары қарастырылған.

Сонымен қатар агломерация елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады. Сондай-ақ 70 шақырым кәріз жүйесін, 500 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 800 шақырым электр желісін, 3 қазандық  салу және реконструкциялау жоспарланған.

Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады.  Елорда маңында 7 өрт сөндіру депосының құрылысына дайындық барысы пысықталды.

Елордада қоғамдық көлік саны көбейеді 

Қазіргі таңда Астанадағы қоғамдық көліктердегі жолаушылар 900 мың сапар жасайды. Бұл - өткен жылдармен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары көрсеткіш деуге болады. Оған 2023 жылдан бері жылжымалы құрамның жаңаруы, автобустар санының көбейгені, сондай-ақ жаңа бағыттардың қосылуы себеп. Былтыр Астана автобус парктері 400 жаңа автобуспен толықса, биыл 300 жаңа автобус алу жоспарланып отыр.

Биылғы 5 маусымда Астана қоғамдық көлік паркі 15 автобуспен толыққан болатын. Мұндай жаңа қоғамдық көліктер мен жаңа бағдарларды қосу жолаушылардың ыңғайлылығы үшін жүзеге асуда.  25 маусымнан бастап Астана көшелерінде 100 жаңа автобус  жолаушыларды тасымалдай бастады. Бұл автомобильдер жаңа дизайнда. Яғни,  көлік саласындағы тың, озық үрдістерді ескере отырып  әзірленген.  Көліктер V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналып шығарылғанын айта кеткен жөн.   

 «Yutong» маркалы автобустар жолаушылардың сапарын ыңғайлы етеді. Өйткен,  стиль мен даралықты баса көрсететін дизайнға ие және автобус ішіндегі жақсартылған эргономикасы мен жаңа технологиялық шешімдер шеңберінде жасалған. Жаңа дизайнның негізгі ерекшеліктері бар. Жолаушылар үшін жайлылықты жақсарту мақсатында ішкі жарықтандыру және ауа баптау жүйесі жетілдірілген.   Жолаушыларды сапар кезінде хабардар ету және көңілдері көтеріңкі болу үшін  үшін инновациялық мультимедиялық жүйелер орнатылды.

 Жасыл түс қаланың табиғаты мен саябақтары, сондай-ақ экологиялық тұрақтылық пен қоршаған ортаның қамқорлығына бағытталған. Сары түс күн энергиясы мен оптимизмді, күз мезгілінің сұлулығын білдіреді, бұл қаладағы табиғаттың алуан түрлілігін қосымша байқатады. Ромб тәріздес және геометриялық қалыпты пішіндер Астананың жаңашылдығы мен прогрессивтілігін ерекше атап өтіп, динамикалық және заманауи бейнені жасайды. 

 Ұлттық нақыштағы ою-өрнек Қазақстанның мәдени мұрасын ерекшелеп, бірегейлігін айқындайды. Ою-өрнектерді таңдау қазақтың дәстүрлі өрнектеріне негізделген, бұл ұлттық бірегейлік пен мәдениетті сақтауға және насихаттауға көмектеседі. Ою-өрнек тұтастық пен сабақтастықты білдіреді.

 

Көп оқылды: