Қазақстан Польшада шпиондық күдікпен ұсталған азаматтың босатылғанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақстандық азаматтың босатылуы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке күш-жігерінің нәтижесі.
Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің Беларусь, Ресей және Польша тараптарына азаматты босатуға көмектескені үшін алғыс білдіргенін атап өтті.
28 сәуір күні Польша мен Беларусь шекарасында «5 те 5» формуласы бойынша тұтқындар алмасуы өтті. Беларусь Польшаға бес адамды, ал Польша Ресей мүддесіне қатысты күдікке ілінген бес адамды босатқан.
Олардың қатарында Украинадағы Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол бұған дейін Польшада ұсталған.
Айта кетейік, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдары бұл азаматқа қатысты шпиондық күдік жөнінде ресми түсініктеме берген жоқ.