Ұлыбритания тұрғындарының жартысынан астамы елдің қайтадан Еуропалық Одаққа мүше болғанын қолдайды, деп хабарлайды Jarialike.kz шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Жаңа әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, британдықтардың 53 пайызы Еуроодаққа қайта қосылуды қолдайды, ал 32 пайызы бұған қарсы. Бұл — Brexit референдумынан кейінгі қоғамдық пікірдің айтарлықтай өзгергенін көрсетеді.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары Brexit-тің экономикалық және саяси салдары қоғамда қайта бағалана бастады. Әсіресе, саудадағы қиындықтар, бағаның өсуі және еңбек нарығындағы өзгерістер халықтың көзқарасына әсер еткен.
Сауалнамада Еуроодақпен қарым-қатынасты жақсартуды қолдайтындар үлесі одан да жоғары екені айтылған. Респонденттердің 61 пайызы үкіметтің ЕО-мен байланысты қайта нығайту саясатын қолдайтынын білдірген.
Жастар арасында бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. 16 мен 24 жас аралығындағы азаматтардың 80 пайыздан астамы Ұлыбританияның ЕО құрамына қайта қосылуын қолдайды.
Еске салайық, 2016 жылғы Brexit референдумында британдықтардың 52 пайызы Еуроодақтан шығуды қолдап дауыс берген болатын.