Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында грэпплингтен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бәсекеге толы жарысқа әлемнің 30 елінен 1300-ден астам спортшы қатысуда. Олар 218 салмақ дәрежесінде 872 медальды сарапқа салады.
Грэпплингтен ҚР Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қанат Алиннің айтуынша, «Елімізде осы спорт барынша қарқынды дамып келеді, әлемдік деңгейде біздің еліміз жетістікке жетіп келе жатыр және бұл соңғы спорттық нәтижелермен тікелей байланысты. Қазақстан 2017 жылдан бастап Азия континентінде грэпплинг бойынша көшбасшы болып саналады, сондай-ақ әлемдік рейтингтер көшбасшыларының үштігіне кіреді».
Бүгін турнирдің 2-ші кезеңі және грэпплингтен әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Санкт-Петербургтен келген жаттықтырушы Зульфакар Усмановтың пікірінше, сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр.
«Бәсекелестік өте маңызды, спортшылар бар күшін салып, нағыз шеберлік көрсетуде. Осы көріністі тамашалай отырып, мен қатысушылардың көпшілігінің кәсібилігіне таңданамын. Барлық құрамалар мықты балаларды әкелді», - дейді бапкер.
Турнирдің алғашқы кезеңдерінде 15-17 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынады. Ал бүгін жастар мен кадеттер арасында Grappling пәні бойынша спортшыларды марапаттау өтті.
«Әлем чемпионатында алтынға таласуға келген спортшылардың өте жоғары сыныбын атап өту қажет. Сондай-ақ, Ресей, Украина, Польша, Испания құрама командаларының мықты деңгейін атап өтуге болады. Сонымен қатар біздің спортшылар көптеген салмақ дәрежелерінде сенімді түрде көш бастап келеді және тұғырда белсенді орын алады», - деді ҚР Грэпплинг Қауымдастығының президенті, ҚР грэпплингтен ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қанат Алин.
Айта кетейік, ертең U20 жастар санатында 18-20 жас аралығындағы жарыстар мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталмақ.
Елордада мұндай деңгейдегі іс-шараларды алғаш рет өткізіп отырған жоқ. Ел астанасы грэпплингтен әлем чемпионатын осымен үшінші рет өткізіп отыр. Бірінші турнир 2018 жылы өткізілді, екіншісі олимпиадалық түрлер грек-рим, еркін әйелдер күресі бойынша әлем чемпионатының бағдарламасына сәйкес өтті. Сондай-ақ, елорда 2017 және 2023 жылдары Азия чемпионатын өткізді.
Фото: Астана қаласы әкімдігі