Күн-Жария

Қазақстан FIFA Series турнирінде Намибияны жеңді

Қазақстан құрамасы FIFA Series жолдастық турнирінде Намибияны 2:0 есебімен жеңді. Голдарды Ян Вороговский мен Әлібек Қасым соқты. Матч Астанада өтті.

Бүгін, 25 наурыз күні Қазақстан футбол құрамасы Астанада FIFA Series жолдастық турнирі аясындағы алғашқы матчын өткізді. Біздің командаға Намибия құрамасы қарсылас болды, деп хабарлайды Jarialike.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы сапында голды Ян Вороговский соқты (12-минут).

«Астана» клубының қорғаушысы стандартты жағдайдан кейін тиімді пайдаланып, алыстан дәл соққымен қарсылас қақпасын дәл көздеді.

Осы голдан кейін Талғат Байсуфиновтың шәкірттері қысымды жалғастырып, есеп айырмасын ұлғайтуға бірнеше мүмкіндік алды. Алайда бірінші тайм алаң иелерінің минималды басымдығымен аяқталды.

Ал 79-минутта Әлібек Қасым баспен дәл соққы жасап, допты Африка құрамасының қақпасына тоғытты да, матчтағы жеңімпаз мәселесіне нүкте қойды.

Намибия ойыншылары гол соға алмады. Қорытынды есеп: 2:0 Қазақстанның пайдасына.

Кеше өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Дастан Сатпаевтың жағдайын Хвича Кварацхелиямен салыстырып, неге 18 жастағы вингерімізге жастар құрамасында ойнаудың қажеті жоқ екенін түсіндірді.

Алда өтетін FIFA Series турнирі қарсаңында бапкер команда туралы өз көзқарасымен бөлісіп, жаңа философия жайлы айтты, ойыншылар арасындағы жоғары бәсекелестікті атап өтті және жанкүйерлер пікірін неге ескеретінін түсіндірді.