Мемлекеттік басқару академиясы: Өзгермелі әлемде басқаруды үйретеміз
2023-2024 жаңа оқу жылында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға 158 адам қабылданды. Олардың басым бөлігі – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мемлекеттік қызметшілер. Бұл туралы Академияның баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Академияда Білім күніне орай салтанатты шара өтті. Ректор Ерлан Әбіл профессорлық-оқытушылық құрамды, оқуға келген магистранттар мен докторанттарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ «Өңірлік даму» және «Мемлекеттік басқару» бағдарламасының модульдік бағыты бойынша білім алған 24 түлегіне диплом табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Жаңа 2023-2024 оқу жылында Академияның алға қойған үлкен талаптары мен міндеттері бар. Ең алдымен, профессорлық-оқытушылық құрамның сапасы маңызды. Академия ұжымы бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандармен толықтырылды. Жалпы, жаңа оқу жылында білім алуға 158 үміткер қабылданды. Олардың 2/3 бөлігі өңірлерден білімі мен құзіреттерін шыңдауға келді. Оқуға түскен азаматтардың қатарында үш Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі бар. Бұл – Академияға деген үлкен сенімнің көрсеткіші», – деді ректор.
Оқуға түскендердің ішінде 132 адам мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, 26 адам ақылы негізде білім алады. Оқуға қабылданғандардың ішінде: 81 адам (61,0%) басшылық қызметте, 51 адам (39,0%) орындаушы маман болып жұмыс істейді. Магистранттардың орташа жасы – 35,5, докторанттар – 40 жас.
Академия ректоры Ерлан Әбіл оқуға келген магистранттар мен докторанттарға зор үміт артатынын атап өтті.
«Алдағы оқу жылында сіздерден күтетініміз – мемлекеттік қызметтегі маңызды салалар бойынша зерттеу жүргізіп, жергілікті және мемлекеттік органдарда, пікірталас алаңдарында эксперттік сараптама жүргізу қабілетін арттыру, мемлекеттік басқарудағы өзекті мәселелерге сыни-талдау жасау, сапалы аналитикалық жазбалармен қамтамасыз ету. Академияға оқуға, үйренуге деген ынта-жігермен, жаңашыл көзқараспен келдіңіздер деген сенімдемін. Академия өз кезегінде сіздерге тиімді шарттарын ұсынуға дайын. Жаңа оқу жылы барлығымыз үшін табысты, жетістікке толы жыл болсын», – деп қорытындылады сөзін ол.
2023-2024 оқу жылының ресми ашылу салтанаты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаумен жалғасын тапты.