Күн-Жария

Түркістан облысында үшем дүниеге келді

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында үшем қыз өмірге келді. Жас ананы жаңа туған нәрестелерімен бірге перзентханадан үйіне шығарып салды. Үйде сәбилерді бес бірдей ағасы мен әпкесі күтіп отыр.

Үшемдер 3 ақпанда облыстық №1 перинаталдық орталықта дүниеге келген. Жүктілік 33-аптада аяқталғандықтан, босану мерзімінен бұрын болған.

Нәрестелердің туған кездегі салмақтары 2400, 2230 және 2060 граммды құрады. Дүниеге келген бойда қыздар жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Алғашқы тәулікте олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, ал екінші күннен бастап өздігінен тыныс ала бастаған.

— Балалардың жағдайы тұрақталды. Қазір олар ана сүтімен қоректеніп жатыр, салмақ қосу жағынан оң динамика байқалады және қажетті медициналық бақылауда, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Дәрігерлер сәбилердің денсаулығына қауіп жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін, анасы мен үшемдер үйіне шығарылды.

Қыздарға Зере, Дара және Сара деген есімдер қойылды. Осылайша, бұл отбасында сегіз бала тәрбиеленіп отыр — үш ұл және бес қыз.