Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласындағы цифрлық ынтымақтастық талқыланды
Қазіргі таңда Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасында жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі рәсімдерді қамтитын 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-мен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану саласындағы цифрлық ынтымақтастықтың перспективаларына арналған жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында Ұлттық геологиялық қызмет жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі цифрлық құрал болып табылатын, жер қойнауын басқару жүйесін цифрлық трансформациялау аясында әзірленген Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын таныстырды. Бұл платформа мемлекеттік қызметтердің ашықтығын, тиімділігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталған әрі мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы өзара іс-қимыл үшін бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастырады.
Қазіргі таңда Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасында жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі рәсімдерді қамтитын 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Олардың қатарында өтінімдер беру, лицензия алу, электрондық аукциондар өткізу және лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелер бойынша есептілікті тапсыру процестері бар.
Кездесу барысында стратегиялық маңызы бар салаларды, оның ішінде уран саласын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық құралдарды қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Ақпаратқа қолжетімділікті арттыру және басқару үдерістерінің тиімділігін күшейту үшін Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы негізінде салалық деректер мен цифрлық сервистерді интеграциялау перспективалары талқыланды.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен цифрлық құралдарды дамыту, деректер алмасу және жер қойнауын басқарудың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ұлттық геологиялық қызметтің үйлестіруші рөлі аясындағы бірлескен жұмыс Қазақстанда цифрлық жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.