Күн-Жария

Қоқыс жәшігінен жаңа туған нәрестенің денесі табылды

Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Семей қаласында қайғылы оқиға тіркелгенін хабарлады. 3 ақпанда Әуезов полиция бөліміне қоқыс жәшігінен сүлгіге оралған жаңа туған нәрестенің мәйіті табылғаны жөнінде хабар түскен.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шұғыл жетіп, тиісті іс-шаралар жүргізді. Алдын ала анықталғандай, 20 жастағы қыз үй жағдайында босанған. Оның айтуынша, сәби тіршілік белгілерінсіз дүниеге келген.

Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында нәрестенің мәйітін контейнерге тастаған Семей қаласының тұрғыны анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәрестенің мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысына сәйкес процессуалдық шешім қабылданып, іске қатысы бар екі адамның әрекетіне құқықтық баға беріледі.