Күн-Жария

Курс сатып, 250 млн теңге пайда тапқан. Атышулы Жаңабылов сотталуы мүмкін

Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Толегеноваға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді.

Тергеуге сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар аудитория сенімін пайдаланып, заңсыз табыс тапқан. 2025 жылы олар онлайн-курстарды сату сылтауымен схема ұйымдастырған. Алайда негізгі қызықтыру тетігі — қымбат сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойындары болған.

Тергеу барысында ұсынылған видеоматериалдардың ешқандай құндылығы болмағаны анықталды. Контенттің едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл материалдар лицензиясыз лотереяны бүркемелеу үшін ғана пайдаланылған.

Жария түрде жүлде қоры блогерлердің жеке қаражатынан қалыптасады деп айтылғанымен, іс жүзінде ол қатысушылар төлеген ақшадан, яғни онлайн-курстар үшін жиналған қаржы есебінен құрылған.

Тергеу электронды «сәттілік барабанының» параметрлері қолдан өзгертілгенін анықтады.
5 мың теңге ұтып алу мүмкіндігі әдейі арттырылып, қымбат жүлделерді жеңу ықтималдығы күрт төмендетілген.

Сонымен қатар, блогерлер ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөлік табысталды деп жариялаған. Бұл қадам акцияның ауқымын кеңейту мақсатында жасалған. Алайда ҚМА мәліметінше, нақты жеңімпаз анықталмаған, жүлде берілмеген.

ҚМА деректеріне сүйенсек, блогерлерге тиесілі Zhana Business ЖШС-нің шоттарына азаматтардан 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозитке салынған.

Сот санкциясымен: 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus пен Lexus LX 600-ге, 17 iPhone телефонына тыйым салынды.

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда олар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, істің өзге деректері жарияланбайды.

2025 жылғы 9 қазанда апелляциялық алқа блогерлердің шағымдарын қанағаттандырмай, істердің әкімшілік сипаттан қылмыстық іске ауысуына жол ашқан. Кейін ҚМА қылмыстық іс қозғалғанын ресми түрде растады. Оларға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнуі мүмкін.