Алматыда жаппай жол-көлік апаты болды: жүргізуші көз жұмды
Алматы қаласында алты көлік қатысқан жаппай жол-көлік оқиғасы тіркелді. Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімінің мәліметінше, апат бүгін сағат 11:30 шамасында Алматының Бостандық ауданында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, 1975 жылы туған BYD маркалы автокөліктің жүргізушісі аль-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатып, денсаулығының кенеттен нашарлауына байланысты алда келе жатқан бес көлікпен соқтығысқан. Атап айтқанда, Ford, Chevrolet, Subaru, Volkswagen маркалы жеңіл көліктер мен Yutong қалалық автобусына соғылған.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізушінің жағдайы жол үстінде күрт нашарлаған. Алдын ала диагноз — жүрек жеткіліксіздігі. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері ер адамның сол жерде қайтыс болғанын растады.
Қазіргі уақытта полиция жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр.