Нұрай ісі: Шымкент қаласының полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды
Шымкент қаласының полиция департаментінің жаңа басшысы тағайындалды. Бұл қызметке Мұхтар Қожаев келді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді.
«Кеңес барысында ІІМ басшысы жеке құрамға Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа бастығы — бұған дейін ІІМ-нің Тергеу департаментін басқарған Мұхтар Қожаевты таныстырды. Генерал-майор полицияның басқарушылық және тергеу саласында мол тәжірибесі бар, қызмет жолын тергеушіден бастап, орталық аппараттағы департамент басшысына дейін өткені атап өтілді», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы қызметін Нұрлан Алмасбеков атқарған. Ол 20 қаңтарда студент Нұрай Серікбайдың резонансты өлімінен кейін қызметінен босатылды.
«Қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметтерінен босатылды, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды», — деп хабарлаған еді сол кезде ІІМ.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан қаза тапты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қыздың қашып құтылуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, ал жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жаралағаны көрінеді. Осыдан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
13 қаңтар күні полиция қызметкерлері күдіктіні қала сыртынан 10 шақырым жерде ұстады. Ол марқұмның танысы, 28 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кейін Шымкент қаласы полиция департаменті кісі өлтіру ісі бойынша күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.
20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты Шымкент қаласы полициясының әрекеттеріне баға беруді тапсырды.