Астанада жоқ пәтерді «жалға берген»: 17 жастағы жасөспірім 33 адамды алдап соқты
Астанада тұрғын үй жалға аламын деп алданып қалған азаматтарға қатысты іс сотта қаралды. Интернетте жалған хабарландыру жариялап, алдын ала төлем алғаннан кейін байланысын үзген алаяқ 17 жастағы жасөспірім болып шықты. Кейін бұл іске оның 23 жастағы туысы да қатысқан.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2001 жылы туған азамат Ә. мен 2007 жылы туған кәмелетке толмаған Н.-ға қатысты іс қаралды. Олар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша айыпталды.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында жасөспірім Н. Талдықорған қаласында отырып, интернет-сайттардың бірінде Астанада пәтер жалға беріледі деген жалған хабарландыру жариялаған. Ай сайынғы жалдау ақысы 160 мың теңге деп көрсеткен. Алайда, пәтер шын мәнінде болмаған.
Кейінірек алаяқтық әрекетке оның туысы — азамат Ә. қосылған. Ол 2025 жылдың мамыр айында Алматы қаласында орналасқан деп көрсетілген тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялап, айлық жалдау құнын 60 мың теңге деп белгілеген.
Азаматтардың сеніміне кіру үшін айыпталушылар хабарландыруларға жалған фотосуреттер салып отырған.
Мысалы, 2024 жылдың 31 қазанында Астана қаласының тұрғыны пәтер іздеу барысында жасөспіріммен мессенджер арқылы байланысып, 10 мың теңге көлемінде алдын ала төлем аударған. Айыпталушы оған кейінірек пәтердің нақты мекенжайын жіберуге уәде берген. Алайда, көп ұзамай байланыс үзіліп, телефон нөмірі бұғатталғаны анықталған.
Осы тәсілмен айыпталушылар тағы 32 адамды алдаған. Жәбірленушілердің арасында Семей қаласының тұрғындары да бар. Келтірілген жалпы материалдық шығын 665 мың теңгені құрады.
Мемлекеттік айыптаушы соттан:
- азамат Ә.-ге — 3 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бостандығын шектеу;
- кәмелетке толмаған Н.-ға — 3 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеген. Жәбірленушілер де бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.
Сот екі айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Азамат Ә.-ге 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистияға сәйкес, жаза мерзімі үштен біріне қысқартылып, түпкілікті 2 жыл болып белгіленді.
Ал кәмелетке толмаған Н.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.