TikTok-тағы жалған «емші» сотталды
Елордалық тұрғын «TikTok» әлеуметтік желісінде өзін «емші» ретінде таныстырып, экстрасенсорлық қабілеттері арқылы емдеу қызметтерін ұсынған. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.
Алаяқ әлеуметтік желі арқылы жәбірленушілердің денсаулық жағдайымен толық танысқан. Кейін оларға өзін ерекше қабілеттерге ие екенін айтып, ақылы «емдеу» қызметін ұсынған.
Осылайша, кінәлі 3 жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын қаражатты алаяқтық жолмен иемденіп, ақшаны букмекерлік кеңселерде ставка жасауға жұмсаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотта оның кінәсін дәлелдейтін барлық деректі ұсынды. Алаяқ жасаған әрекетін толық мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеген.
Сот азаматты 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді.
Жыл сайын қазақстандықтар алаяқтардың арбауымен миллиондаған қаражатынан айырылып жатыр. Сондықтан прокуратура өкілдері тұрғындарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және мұндай фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.