Күн-Жария

Шығыстың жауһары – Шалқар көлі қысқы туризмнің ордасына айналып келеді

Шараның басты мақсаты – қыстың қызығын көргісі келетін жұртты белсенді демалысқа тарту, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныту

Қыс десе, Ұлан ауданының халқы мен қонақтарының ойына бірден Шалқар көлі түседі. Себебі бұл көлдегі мұз үстіндегі думанды шаралар бүгінде жыл сайын асыға күтетін дәстүрге айналып үлгерді. Биыл да Шалқар көлінде қысқы туризмді дамытуға бағытталған ауқымды мұз үстіндегі шоу өтіп, келген жұрттың көңілін бір серпілтті.

Жалпы, әлемде мұз қатқан көлде коньки тебу – ерекше әсер сыйлайтын қысқы демалыстың бір түрі. Мәселен, Ресейдегі Байкал, Канададағы Ридо каналы мен Луиза көлі, Австриядағы Вайсензее, Қытайдағы Шичахай секілді орындар қысқы туризмнің символына айналған. Осындай табиғи мұз айдыны бар, көркі көз тартатын орындардың қатарында енді Шығыс Қазақстандағы Шалқар көлін де мақтанышпен айтуға болады. Табиғаты сұлу, мұзы қалың, ауасы таза бұл көл қысқы демалысқа таптырмас мекен.

Шараның басты мақсаты – қыстың қызығын көргісі келетін жұртты белсенді демалысқа тарту, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныту. Мұз үстінде мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетіп, хоккейшілер ойын өрнегін паш етті. Әуен әуелеп, бишілер би билеп, ойын-сауыққа келгендер бір жасап қалды. Ыстық шай ішіп, дәмді тағамнан ауыз тиіп, жылы киіз үйде бой жазған жұрттың көңіл күйі көтеріңкі болды. Коньки жалға беру, сауда-саттық қатарлары да келушілерге қолайлы жағдай жасады.

Келген қонақтар да разылығын жасырмады.

«Жыл сайын балаларды ертіп осы Шалқарға келеміз. Қыста да мұндай керемет демалыс барын көп адам біле бермейді. Жыл өткен сайын ұйымдастыруы жақсарып келеді», – дейді Өскемен қаласынан келген демалушы Әлихан Тұрғанбаев.
Шалқар көлі мен оның маңайы туристік маршруттарға бай. Қыста коньки тебу, шаңғы тебу, қарда жүретін көліктермен серуендеу сынды мүмкіндіктер өңір экономикасына да оң әсерін тигізіп отыр. 

«Бұрын мұндайды шетелден ғана көреміз деп ойлайтынбыз. Енді өзіміздің Шалқар көлінде коньки теуіп жүргенімізге қуаныштымыз», – деп әсерімен бөлісті тағы бір келуші Айнұр Жұмагұлова.
Қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған: төтенше жағдайлар қызметі тәулік бойы кезекшілік атқарып, жедел жәрдем әрдайым дайын. Жылы санитарлық тораптар, кең автотұрақ, коммуналдық қызметтердің жүйелі жұмысы демалушыларға жайлы жағдай жасап отыр.

Шығыста туризм қарқынды дамып келеді, ал Шалқар көлі – соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта да бұл аймақ қысқы туризмнің нағыз орталығына айналып, жыл сайын елдің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды қарсы ала беретіні сөзсіз. Шалқар – қыстың қызығын көргісі келген әр жан үшін асыға күтетін мекенге айналып отыр.