Күн-Жария

"2 апта ғана қалған еді". Майкл Джексон қатерлі ісікке шалдыққан қыздың өмірін қалай ұзартты?

Анашым, мен жұмаққа кетпей тұрып, Майклмен билегім келеді, — деп сыбырлады ол

Майкл Джексон Billie Jean әнін орындап жатқан сәтте, кенет бір ананың жан ұшыра шыққан айқайы 65 мың жанкүйердің даусын да, музыканы да басып кетті. Одан кейін болған жағдай поп-музыка тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Бұл 1988 жылғы 16 шілде, Лондондағы «Уэмбли» стадионы болатын. Майкл өзінің Bad World Tour еуропалық турының қорытынды концертін беріп жатқан. Оның сахнадағы қуаты адамды таңғалдырмай қоймайтын. Ол бұған дейін көрермендерді Smooth Criminal, Beat It, Rock with You әндерімен-ақ дүр сілкіндірген еді. Ал енді оны әлемдік супержұлдызға айналдырған басты әніне кіріскен болатын.

Стадионда 65 мың жанкүйер бар еді. Бірақ олардың ешқайсысы сахнадан небәрі 20 метр жерде, арнайы көрермендер аймағында, жақында 10 жасқа толатын 9 жасар қыз отырғанын білмеді. Оның аты — Эмма Родригес. Ол ешбір бала бастан кешпеуі тиіс ауыр тағдырмен күресіп жатқан.

Сегіз ай бойы өскен ми ісігі ақыры жеңіп, Мадридтегі дәрігерлер оның отбасына сұмдық хабар жеткізді: Эммаға екі аптадан аз ғана өмір қалған еді.

Ата-анасы Мария мен Карлос Родригес мүмкін емес шешім қабылдады — қызын ауруханадан алып шығып, оның соңғы арманын орындау. Эмма 5 жасынан бері Майкл Джексонға қатты ғашық болатын. Ауруханадағы палатасы оның постерлеріне толы еді, тіпті ең ауыр химиотерапия кезінде де ол медбикелерден Billie Jean қосуды өтінетін.
— Анашым, мен жұмаққа кетпей тұрып, Майклмен билегім келеді, — деп сыбырлады ол үш күн бұрын, оттегі маскасының ар жағынан әрең естіліп.

— Мен оған өзімнің ай жүрісімді (moonwalk) көрсеткім келеді.

Мария Майкл Джексонның концертіне билет табу мүмкін еместігін түсіндіруге тырысты. Бірақ Карлос Родригес — өмірінде ешкімнен көмек сұрамаған қарапайым құрылысшы — бар жинаған ақшасын соңғы тиынына дейін жұмсады. Сол күні түстен кейін Испанияның Лондондағы елшілігіндегі байланыс арқылы арнайы рұқсатнама алынды. Бұл сахна артына емес, бірақ Эмма өз кумирін анық көре алатындай жақын орындар еді.

Эмма өте әлсіз болғандықтан, Карлос оны қонақүйден орнына дейін көтеріп алып келді. Қыздың үстінде Майкл Джексон бейнеленген сүйікті жейдесі, жарқыраған әйгілі қолғаптың көшірмесі және емнен кейін түсіп қалған шашын жабатын орамал бар еді. Концерттің алғашқы бір жарым сағаты Эмма үшін шынайы бақыт болды. Ол әр әнге қосылып отырды, даусы көрермендердің айқайынан естілмесе де, жүзіндегі қуанышы бәріне анық байқалды.

Мария Эмманың жүрек соғысын үнемі тексеріп отырды. Бірақ Эмма соңғы айлардағыдан әлдеқайда сергек еді.
— Бұл менің өмірімдегі ең керемет түн, мама, — деп сыбырлады ол үзіліс кезінде, көзі қуаныштан жарқырап.

Ал динамиктерден Billie Jean әнінің алғашқы әуені шыққанда, Эмманың жүзі мүлде нұрланып кетті. Бұл оның ең сүйікті әні болатын. Ол осы әнге жылдар бойы ай жүрісін жаттықтырған еді.

Майкл сахнаға жылтыраған пиджакпен шыққанда, стадион дүр сілкінді. Ол әннің ортасына келгенде, кенет ерекше айқай естілді. Бұл Мария Родригес еді.
— Майкл, өтінемін! Менің қызым өліп бара жатыр! Ол сені қатты жақсы көреді!

Майкл бір сәтке қимылсыз қалды. Музыка бәсеңдеді, стадион тыныштала бастады. Мария Эмманы көтеріп тұрып қайта айқайлады:
— Оған бірнеше күн ғана қалды. Ол тек сенімен билегісі келді!

Майкл сахнаның шетіне келіп, бәрін тоқтатуды ишарамен белгіледі.
— Атың кім, жаным? — деп сұрады ол.
— Эмма, — деді қыз әлсіз дауыспен.
— Мен сені жақсы көремін, Майкл. Мен сенімен билегім келеді.

Осы сөздер Майклға ауыр соққыдай тиді. Ол музыканттарға концертті толық тоқтатуды бұйырды.
— Ханымдар мен мырзалар, сәл сабыр сақтауларыңызды өтінемін. Мұнда шоуға қарағанда маңыздырақ нәрсе болып жатыр.

Көп ұзамай күзет Эмманы сахнаға алып шықты. Майкл оны қолына алып сахнаға шыққанда, 65 мың адам үнсіз қалды.
— Танысыңыздар, бұл — менің досым Эмма Родригес. Ол ең батыл күресті бастан кешіп жатыр.

Эмма Майклмен бірге ай жүрісін жасады. Ол әлсіз болса да, Майкл оны қолдап тұрды. Бұл көрініс бүкіл стадионды жылатты.

Майкл пианиноға отырып, Billie Jean әнін баяу, бесік жырына айналдырып орындады. Эмма да оған қосылып ән айтты. Көп ұзамай бүкіл стадион сыбырлап бірге ән салды.

Ән біткен соң Майкл Эммаға сыбырлап бірдеңе айтты. Эмма күлімсіреді — бұл соңғы апталардағы алғашқы шынайы күлкі еді.
— Сен бұл концертті менің мансабымдағы ең ерекше кешке айналдырдың, — деді Майкл.

Эмма оған өзі жасаған достық білезігін сыйлады.
— Мен жұмақта болғанда, мені еске алып жүресің, — деді ол.

Эмма сол концерттен кейін тағы 4 жыл өмір сүрді. Дәрігерлер мұны мүмкін емес деп санады. Ол сол жылдарды қорықпай, бақытпен өткізді. Майкл оны әрдайым бірінші қатарға отырғызды, хабарласып тұрды, тіпті бір клипіне де түсірді.

1992 жылы Эмма өмірден өткенде, оның қолында сол жарқыраған қолғап болды.

Бұл оқиға Майкл Джексонды түбегейлі өзгертті. Ол концерттерін тек шоу емес, адамдардың өміріне үміт сыйлайтын мүмкіндік деп қабылдай бастады. Майкл Эмманың достық білезігін өмірінің соңына дейін сақтап өтті.

Аударған: Оңғар Қабден