Шымкент қаласында Нұрай Серікбайдың қаза болуына қатысты резонанс тудырған іс бойынша қызметінен босатылған полиция офицері Әбілғазы оқиғаның мән-жайын ашып айтты. Ол бұл туралы заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Jarialike.kz Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрынғы полиция қызметкерінің айтуынша, өзін және басшылық құрамды жұмыстан шығару туралы шешім ешқандай заңды негізсіз қабылданған. Офицер оқиға болған күні шақырту бойынша Шерхан есімді азаматтың үйіне барғанын, сол жерде қыз бен жігіттен түсініктеме алғанын жеткізді.
Әбілғазы бойжеткеннің аталған үйге өз еркімен келгенін растайтын бейнежазба бар екенін, алайда Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл материалды қоғам назарына ұсынудан бас тартқанын алға тартты. Оның пікірінше, істің біржақты көрсетілуі қоғамдық қысымды күшейтіп, нәтижесінде ол және оның басшылары қызметінен айырылған.
«Мені және басшыларымды себепсіз жұмыстан шығарды. Тоғыз жыл бойғы адал еңбегім еш ескерусіз қалды. Қоғамдық қысымның құрбаны болдым. Мені қоқыс сияқты лақтырып жіберді», – деді ол.
Бұл оқиға тек қызметтік даумен шектелмей, ауыр отбасылық трагедияға ұласқаны да белгілі болды. Әбілғазының айтуынша, анасы ұлының жұмыстан қуылғаны туралы хабарды естігеннен кейін жүрегі көтермей, көз жұмған.
Қазіргі таңда бұрынғы полиция офицері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми үндеу жасап, істің әділ, ашық және жан-жақты қаралуын сұрап отыр. Ол өзіне қатысты қабылданған шешімдердің қайта қаралуын талап етеді.