Күн-Жария

АЛАШТЫҢ АЛТЫН ҚАҚПА АВТОЖОЛЫ

Қазақстандағы негізгі көлік артерияларының бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі

Жіктеп жаздым, оқып шығыңыз! Саяси өзгерістер өз алдына. Құрылтайда экономикалық сипатқа ие маңызды мәселе қамтылды. Ол-инфрақұрылым. Нақтырақ айтсам, жолдың жайы.

Сонымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе жайында былай деді;

«Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет».

Қазақстан бүгінде батыс пен шығысты жалғап тұрған стратегиялық «алтын қақпаға» айналып отыр. Бұл мүмкіндікті толық пайдалану үшін транзиттік дәліздерді жүйелі түрде дамыту қажет. Осы бағытта соңғы жылдары бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Көлік-логистика саласында нақты нәтижелер бар екенін де айту керек.

Мәселен, жуырда Қызылорда – Жезқазған автожолының Қызылорда облысына тиесілі бөлігі толықтай аяқталды. Ал жыл соңына дейін Ұлытау облысы аумағындағы бөлігінде көлік қозғалысы толығымен ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы шамамен 400 шақырымды құрайды.

Қазақстандағы негізгі көлік артерияларының бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі. Осы жолдың Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігін кеңейту мәселесі көтеріліп, биыл бұл аумақта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталмақ.

Сонымен қатар, биыл «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысы да қолға алынады. Бұл жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы шамамен 900 шақырымға қысқарады. Яғни, Ақтау мен Құрық порттарына тікелей әрі тиімді жол ашылады.

Қарағанды – Жезқазған бағыты да көптен бері жаңартуды қажет етіп келген жолдардың бірі. Биыл үкімет ескі жолдың жанына екі жолақты жаңа жол салуға кіріспек. Ал келешекте ескі жолды да толық жаңғыртып, төрт жолақты заманауи тасжолға айналдыру жоспарланып отыр.

Бұған қоса, биыл Сарыағаш маңындағы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы басталады. Бұл жоба өңірдегі көлік ағынын жеңілдетіп, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтпек.

Инфрақұрылымды дамыту тек экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Бұл – саяси тұрақтылықты нығайтатын, өңірлер арасындағы тең мүмкіндіктерді қалыптастыратын және қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыратын маңызды стратегия.

Жалпы алғанда, дамыған инфрақұрылым жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуына жол ашады. Қазақстан біртіндеп мықты әрі әділетті мемлекеттің берік іргетасы болатын, дамыған инфрақұрылымы бар жаңа үлгіні қалыптастырып келеді.

Жазба авторы: Ербол Мәндібек