Күн-Жария

Конституциялық реформа: Президент жұмыс тобымен бірге негізгі тәсілдерді талқылады

Атап айтқанда, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері әзірлеген басты тәсілдер туралы баяндады. Атап айтқанда, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.