Күн-Жария

Астанада президент аппаратының алдына жиналған Ақнәр Хамит пен Мерлан Сананың анасын полиция ұстап әкетті

Полицияның мәліметінше, аналар Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізілген

Қазақстандық заңгер Инга Иманбай жұмбақ жағдайда көз жұмған жасөспірімдер Адель Ақанова, Сана Мерлан мен Ақнәр Хамит аналарын полиция ұстап әкеткенін жазды. Әділет пен шындық іздеген ата-ана президент Аппаратының кеңсесі ғимаратының маңына жаиналған. Бұл туралы Stan.kz жазды.

Полиция марқұмдардың аналарын рұқсатсыз жиналғаны үшін ұстап әкеткен.

“Әйелдер балаларының қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша объективті әрі тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсырмақ болған. Алайда олар ғимаратқа кіріп үлгермеген, өтініш қабылданбады. Аналарды белгісіз бағытқа алып кеткен. Назар аударамыз: бұл жағдай наразылық акциясы емес. Бұл – Конституцияда көзделген Президентке жүгіну құқығын жүзеге асыруға жасалған әрекет”, – деп жазды заңгер өзінің желідегі парақшасында.

Stan.kz редакциясы елорданың полиция департаментіне сұрау жолдаған. Полицияның мәліметінше, аналар Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізілген.

“Рұқсат етілмеген жиын өткізгені үшін үш әйел полицияға жеткізілді. Аталған азаматтармен бейбіт жиындарды өткізу тәртібіне байланысты қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ полиция басқармасына өзін журналист ретінде таныстырған, алайда мұны растайтын құжаттары болмаған ер адам жеткізілді”, – деп мәлімдеді полиция.

Ер адамның жеке басы анықталғаннан кейін ол босатылған. Ұсталған ер адамның Ulysmedia портылының журналисі екені белгілі болды. Басылымның мәліметінше, журналисті полиция бөлімшесінде екі сағаттан астам ұстаған. Оның телефонын тартып алғандықтан байланысқа шыға алмаған. Телефонды қайтарудан бас тартқан. Сондай-ақ полиция қызметкерлері түсірілім жасауға тыйым салып, түсініктеме жазуға мәжбүрлеген. Журналистің телефонындағы суреттер мен видеолар өшірілгеннен кейін оны босатып жіберген.

Еске салайық, 2022 жылдың мамырында 16 жастағы Адель Ақанова Алматыда өз үйінің маңында дарға асылып тұрған күйі табылған еді. Марқұмның анасы Айнагүл Бейісова қызым өз өмірін қимаған, ол кісі қолынан қайтыс болды деп есептейді.

2024 жылы шілде айында Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің 7-қабатынан 22 жастағы Ақнәр Хамитова құлап қайтыс болған еді. Марқұмның анасының айтуынша, қызы өзі құлаған жоқ. “Қызымды тырнағы мен саусағын жұлып, азаптап өлтірген” дейді ол.

Ал Атырау қаласы Ақжар ауылында 7-сынып оқушысы Мерлан Сана белгісіз жағдайда суға батып қаза тапты. Марқұмның отбасы бұл істе 13 жасар Мерланды жоғары сынып оқушысы қасақана итеріп жіберді деп күдіктенеді. Себебі Мерланды сол күні көргендердің бәрі анасына “10-сыныптағы оқушы оны суға итеріп жіберді, ұлыңызды іздемей-ақ қойыңыз” деп айтқан екен. Тергеуге шағымданып, жалғыз ұлынан айырылған ана шарасыздықтан өзіне қол жұмсамақ та болған еді. Кейін көшеге жолды жабамын деп ашынып шыққан ананы құқық қорғау қызметкерлері қол аяғынан ұстап көтеріп, оның айтқандарын тыңдамастан күшпен сүйреп шығарды.