Күн-Жария

Бетбұрыс нүктесіндегі ШӘКӘРІМ университеті

Соңғы жылдардағы басты ерекшелік – ашық сұрақ қоюға және жауапкершілігі мол шешімдер қабылдауға негізделген мәдениеттің берік орнығуы

Шәкәрім университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Думан Орынбеков 2025 жылдың қорытындысы бойынша «THE TURNING POINT – БЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ» тақырыбындағы ерекше есеп беру жиынын өткізді. Бұл жиын университет тарихында ғана емес, Қазақстанның жоғары білім жүйесіндегі тыңнан жол тапқан тәжірибе ретінде ерекшеленіп отыр. Тоқсан жылдық тарихы бар оқу ордасының бүгінгі дәуір талабына сай трансформация кезеңіне бет бұрғаны соның айқын дәлелі.

Есепті кездесуді ашқан Шәкәрім университеті ректоры Думан Орынбеков алдағы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  “Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы” деп ұсынғанын атап өте келе осы есептік жиында бір ғана ректор емес, бүкіл университет басшылығы алға қойған мақсаттарымен таныстыратындығын атап өтті.

«Бұл жиында тұтас университет стратегиялық бағыттар бойынша қоғам, өңір, болашағын бізге сеніп тапсырған жастар, ғылым мен білімге инвестиция салған мемлекет, ұтымды шешімдер жайлы тоқталатын болады. Бұл жерде бір ғана басшының жауапкершілігі деген ұғым болмауы тиіс. Біз әрқайсымыз – ректор, проректор, оқытушы, зерттеуші, білім алушы – Шәкәрім университетінің трансформациясы үшін, оның өңір мен ел дамуында алатын орны үшін жауаптымыз. Сондықтан  нақты шешім қабылдағандар, тәуекелге барғандар, нәтиже үшін жауаптылар қоғамдық сенім аванс ретінде берілмейтінін, оның тек іспен дәлелденетінін түсінгендер есеп береді. Ашықтық деген осы. Ал мемлекет пен болашақ логикасына сай дамитын университет – осының айнасы» – деді ректор Д. Рымғалиұлы.

Оқу ордасындағы профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылымның алдыңғы шебіндегіжас зерттеушілер, инженерлер, аграрлық кәсіпкерлер, IT-сала мамандары және халықаралық серіктестер университеттің жаңа келбетін қалыптастырып қана қоймай, шынайы ізденістерімен ғылымның үздіксіз даму жолын енгізіп отыр.

Соңғы жылдардағы басты ерекшелік – ашық сұрақ қоюға және жауапкершілігі мол шешімдер қабылдауға негізделген мәдениеттің берік орнығуы. Қиындықтарды жасырмай, кәсіби деңгейде талдап, шешу дағдылары университеттің негізгі ұстанымына айналған.

2025 жылғы есеп те дәстүрлі формадағыдай слайдтар мен жалаң статистикаға сүйенген тізбекті баяндаудан арылып, университет өз жолын, өз өзгерісін нақты нәтижелермен көрсетуді таңдады. Бұл есеп – өткенді санамалау емес, қалыптасқан жаңа ойлау жүйесінің, өзгерген университеттің айқын көрінісі.

«Бүгінгі жиындыБЕТБҰРЫС НҮКТЕСІ” деп атап отырмыз. Бұл – университет дамуының жаңа траекториясын қоғам алдында жауапкершілікпен қабылдау. Тұңғыш рет соңғы жылдардағы Шәкәрім университетінің негізгі бағыттары бойынша жүйелі өсімі туралы айтамыз. 2024 жылмен салыстырғанда барлық базалық көрсеткіштер: қаржы, ғылым, инфрақұрылым, кадр, жобалар, даму инвестициялары бойынша оң нәтиже аз емес. Бұл университет үшін олқылықтарды жою кезеңі аяқталып, болашақты айқындау кезеңі басталғанын білдіреді. »- деді Д. Орынбеков.

Өткен жыл университет үшін тұрақтану кезеңі болса, 2025 жыл – өсудің айқын кезеңі болды. Жалпы кіріс 7,6 млрд теңгеден 8,5 млрд теңгеге дейін өсті, оның ішінде ғылымға бөлінген қаржы 1,6 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге ұлғайды. Ғылым кірісінің үлесі бір жыл ішінде 40%-ға артты – бұл жай сан емес, қаржыны тиімді басқарудың көрінісі.

Университет бюджетінің 60%-ы еңбекақыға бағытталып, адам капиталын жүйелі дамытуға инвестиция салынды. Инфрақұрылымға жұмсалған 21% қаржы ғылым мен білімнің материалдық базасын нығайтуды мақсат етті.

2025 жылғы қаржылық саясат жүйесі көрсеткіштерінің өсуінен көп нәрсе байқауға болады. Бұл басқару логикасының түбегейлі өзгерісі – бұрынғы инерциялық әрекеттен айқын бағытты стратегияға, дара шешімдерден тиімді жүйеге, тұрақтылықтан үдемелі өсуге қалай өту керектігі нақты айқындалды.

 

Өңірлік ғылым мен инновацияның көшбасшысы

Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбайдың айтуынша, биыл Шәкәрім университеті өңірлік жоғары оқу орындары арасында ерекше нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Университеттік зерттеулердің жемісі ретінде 9 ғылыми жоба интеллектуалдық меншік ретінде тіркеліп, олар нарыққа жаңа немесе жетілдірілген өнімдер мен қызметтер ретінде ұсынылғанын, жобалардың басым бөлігі тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған. Е. Алтайұлы Ұлттық ядролық орталықтан сұйық радиоактивті қалдықтарға арналған сорбент жасау жөніндегі өндірістік тапсырыс алуы университеттің ғылыми әлеуетіне берілген жоғары баға екенін атап өтті.

«2025 жылы  университеттің ғылыми инфрақұрылымына тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 57,5 миллион теңгеге жетті. Атап айтқанда, Қытайдың Xi’an Jiaotong University-мен бірлесіп, Қазақстан-Қытай электрлендіру және автоматтандыру зертханасына арналған алғашқы зертханалық жабдықтар жеткізілді. Сонымен қатар «Xi’an HETU» компаниясының қолдауымен Агробиозертхана заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеу орталығына айнала бастады»-деді проректор.

Ғылым жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызының сөзінше, бұл тек зертханалар мен құрал-жабдықтардың жаңаруы ғана емес, ғылыми ойлау мәдениеті мен университеттің өңірлік экономикаға қосқан нақты үлесі арқылы өлшенеді.

2025 жылы университетте 54 ғылыми жоба жүзеге асырылып, қаржыландыру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге өсті. Материалдық-техникалық базаны жаңарту мен ғылыми инфрақұрылымды дамытуға жүздеген миллион теңге бөлініп, оның ішінде 500 миллион теңгеге жуық қаражат заманауи жабдықтарға бағытталды.

 

“Қазақ ғылымының үміті”

Келесі кезекте сөз алған Шәкәрім университетінің жас ғалымы, PhD, Shakarim Lab конструкторлық бюросының жетекшісі Әділет Сүгірбай университеттің өндіріс, ғылым мен білімді интеграциялай отырып, нақты салалық мәселелерді шешуге бағытталған бірегей экожүйе құрып отырғанын атап өтті.

«Дәл осы ортада біз университет білім алушыларын ғылымға тартып, оларға менторлық қолдау көрсетеміз. Менторлық жұмыс арқылы жас ізденушілерді тек теориямен шектемей, нақты тәжірибелік, қолданбалы жобаларға тартамыз. Нақты сұранысқа ие ауыл шаруашылығының мәселелерін шешуге бағыттаймыз.

Менің жоспарым университет ғылымын тек қағаз жүзінде қалдырып қоймай, еліміздің дамуына септігін тигізетін нақты техника мен технологиялар жасап, коммерцияландыру бағдарламасы арқылы бизнес-процесске дейін жеткізетін тізбектік жүйе құру»- дейді жас ғалым.

Тағы бір айтарлығы Әділет Сүгірбай таяуда отандық жас ғалымдарды марапаттайтын «Academy Most Cited Researcher Award» сыйлығын табыстау кезінде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ғылымының үміті» арнайы марапатына ие болған ғалым.

Жалпы, жыл қорытындысы ғылыми мансап пен инфрақұрылымның орнықты үлгісін қалыптастырып, университеттің қаржыландыру мен жарияланымдық белсенділігін арттырғанын көрсетіп отыр.

Есеп беру жиынында сөз алған ректор аппаратының басшысы Мақсат Кәрібаев  2025 жыл Шәкәрім университеті үшін инфрақұрылымдық жаңғыртудың бетбұрыс кезеңі болғанына, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемінің алдыңғы жылмен салыстырғанда 75 %-ға артқанына, осы тұрғыда жекелеген нысандарды жөндеп қана қоймай, кешенді және жүйелі жаңғыртуды мақсат еткендеріне тоқталды. Аппарат басшысының айтуынша, 2022 жылдан бастап университет инфрақұрылымды жаңартудың ауқымды стратегиясын кезең-кезеңімен жүзеге асыра бастаған. Осы стратегия аясында: коммуналдық желілер толық ауыстырылып, өрт қауіпсіздігі деңгейі 90 %-ға күшейтілді, кампус террористік қауіпсіздік талаптарына сәйкес 100 % бейнебақылау жүйелерімен жабдықталды. Бұдан өзге екі спорт кешенінің инфрақұрылымы толық жаңғыртылып, жүзу бассейні пайдалануға беріліп отыр. Студенттік жатақханалар заман талабына сай жаңартылып, заманауи коворкинг аймақтары мен оқу кеңістіктері құрылғаны да дамудың бір нақты көрінісі. Нәтижесінде білім беру мен ғылыми зерттеулерге қолайлы, қауіпсіз әрі технологиялық жаңа кампус қалыптасты.

Осылайша, жаңаша бағытты таңдаған ашық есептік жиында дәстүрлі формальды баяндамадан толықтай бас тартылып, әр бағыт басшысы өз нәтижесін жауапкершілікпен ұсынды, ал қорытынды бөлім қоғаммен ашық диалогта өтті. Тың тәсіл университеттің жаңа басқарушылық мәдениетін айқындап, жауапкершіліктің нақты әрі өлшенетін сипатқа өткенін көрсетті. Жиын соңында қоғамдық кеңес өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, тағы да өзге қаламызға белгілі қауым өзін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға университет ректоры Д. Орынбеков жан-жақты тиянақты жауап берді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ғылымы күшті елдің болашағы кемел» деген даналығы бүгінгі заманда университет дамуының негізгі ұстанымына айналған. Осылайша, Шәкәрім университеті зерттеу мен инновацияда жаңа белеске көтеріліп, ғылыми әлеуетін жүйелі түрде нығайту үстінде.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ