Күн-Жария

Павлодарда елсіз далада ер адам із-түссіз жоғалды

Бірлескен іздестіру шаралары Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылының дала аймағында ұйымдастырылды

1968 жылы туған азамат жергілікті шаруашылықтардың бірінде егін алқабын күзеткен. Қазіргі уақытта полиция мен төтенше жағдайлар қызметі іздестіру жұмыстарын бірлесіп жүргізіп жатыр.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті 5 қарашада із-түссіз жоғалған 1968 жылы туған ер азаматты іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын хабарлады.

- Бірлескен іздестіру шаралары Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылының дала аймағында ұйымдастырылды. Іздестіруге департаменттің 28 қызметкері, 8 техника, ұшқышсыз ұшу аппараты және 2 кинологиялық есеп тобы жұмылдырылды. Қиын әрі шалғай аумақтарды тексеру үшін, адам ізі болуы мүмкін деген жерлерді жедел анықтауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараты белсенді қолданылды, - деп мәлімдеді департаменттен.

Кинологиялық есептегі қызметтік иттер із кесу арқылы көптеген учаскені тексеріп шыққан.

Іздестіру шаралары әлі де жалғаса бермек.