Әлеумет

Ауыл әйелі: бірлік, даму, болашақ

«Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты ауыл әйелдерінің өңірлік форумы Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында өтті. 
 

«Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты ауыл әйелдерінің өңірлік форумы Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында өтті. 

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен «Ауыл» партиясының және Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Форумның мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің көшбасшылық әлеуетін нығайту, әйел кәсіпкерлерлігін қолдау және олардың экспорт пен кооперация мүмкіндіктерін кеңейту, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Ауыл» партиясының ауыл әйелдерінің мәселелерін шешудегі қызметін таныстыру, сондай-ақ дәстүрлі құндылықтарды насихаттау.

Жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев сөз сөйлеп, бұл форумның Атырау, Павлодар және Алматы облыстарында өткен кездесулердің ізгі жалғасы екенін мәлімдеді.

«Әйел – отбасының тірегі, қоғамның тұрақтылығы мен жаңғыруының қайнар көзі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда: «Біз әйелдердің қоғамдағы орнын күшейтіп, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғауға баса мән беруіміз қажет. Бұл – өркениетті елдің белгісі», – деген болатын. Бұл сөздер әйелдердің қоғамдағы орны тек әлеуметтік бағытпен шектелмей, елдің жалпы даму стратегиясымен өзектес екенін көрсетеді. Ауылдағы әйелдер – өңірлік экономиканың қозғаушы күші, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің тірегі» – деді Серік Рахметоллаұлы.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева өз баяндамасында ауыл әйелдерінің әлеуметтік және экономикалық теңдігін қамтамасыз етудің мемлекеттік маңыздылығын атап көрсетті.​​​

Пленарлық отырыстың негізгі секциясы ауыл әйелдерінің табысты тәжірибелері мен инновациялық идеяларына арналды. 
 
Форум ауыл әйелдері үшін білім, қаржыландыру және көшбасшылық тұрғысынан жаңа мүмкіндіктерді айқындап, тиімді тәжірибе алмасу алаңына айналды. Жиын қорытындысында барлық ұсыныстар мен бастамалар жинақталып, оларды алдағы уақытта іске асыру тетіктері белгіленді.