«QazMed Volunteers – медициналық волонтерлік ел игілігі үшін» республикалық форумы өтті
Форум аясында алғашқы медициналық көмек бойынша мастер-класстар, қан донорлығын насихаттау акциялары, жастарға арналған лекциялар, пікірталас алаңдары, сондай-ақ волонтерлік жобалардың көрмесі ұйымдастырылды
20–21 қараша күндері Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «QazMed Volunteers – медициналық волонтерлік ел игілігі үшін» республикалық форумы өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен медициналық еріктілер, сарапшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, екі күн бойы тәжірибелік және танымдық бағдарламаға қатысты.
Форум аясында алғашқы медициналық көмек бойынша мастер-класстар, қан донорлығын насихаттау акциялары, жастарға арналған лекциялар, пікірталас алаңдары, сондай-ақ волонтерлік жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Медициналық еріктілер қозғалысының аймақтық координаторлары қатысқан пленарлық отырыста волонтерлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар «Мен – медик волонтермін», «Project manager деген кім?», «Медицинадағы медиа» тақырыптарында шеберлік сағаттарына қатысты.
Жоба шеңберінде Астана, Алматы, Шымкент, Семей және Қарағанды қалаларында өңірлік фронт-офистер ашылып, бірыңғай корпоративтік стиль мен арнайы волонтерлік экипировка әзірленді. Медициналық волонтерлікті жүйелі дамыту мақсатында QazMed Digital онлайн платформасы іске қосылды: онда 10 оқу сабағы қолжетімді болып, бүгінде 2 500-ден астам ерікті тіркелді, оның 1 200-ге жуық жасы онлайн оқытудан өтіп, сертификат алды. Сонымен қатар ақпараттық қолдау бағытында 10 подкаст түсіріліп, әлеуметтік желілерде 50-ден аса видеоролик және 150-ден астам материал жарияланды.
Волонтерлік бастамаларды қолдау үшін жалпы көлемі 10 миллион теңгені құрайтын шағын гранттар байқауы өткізілді. Байқауға түскен 49 өтінімнің ішінен 10 жоба жеңімпаз анықталып, әлеуметтік осал топтарға көмек, салауатты өмір салтын насихаттау, донорлықты дамыту, алғашқы және психологиялық көмек бағыттары бойынша жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 000-нан астам адам қамтылып, 10 000-нан аса адам ақпараттандырылды.
Бұған қоса, 2025 жылғы 29 қыркүйек пен 12 қазан аралығында республикалық деңгейде QazMedFest апталығы өтіп, волонтерлікті дәріптейтін түрлі креативті іс-шаралар ұйымдастырылды. Жоба нәтижесі ретінде «Медициналық волонтерліктің ең үздік тәжірибелері» атты жинақ жарық көріп, өңірлік офистердің жұмысы мен шағын гранттар аясындағы ең үздік бастамалар топтастырылды.
Айта кетейік, бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылуда.