Күн-Жария

QAZMEDLIFE CUP: МЕДИЦИНА ЖАСТАРЫНЫҢ СПОРТТЫҚ РУХЫН КӨТЕРГЕН ЕРЕКШЕ ТУРНИР ӨТТІ

Турнирге әрқайсысы 8 ойыншыдан тұратын 12 команда қатысты

Астана қаласында медицина саласының жас мамандары мен белсенді студенттерін біріктірген ауқымды спорттық шара – QazMedLife Cup мини-футбол турнирі өтті. Жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған «Qazmed Volunteers – медициналық волонтерлік ел игілігі» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл турнир биылғы шағын гранттар конкурсында жеңіске жеткен QazMedLife Cup жобасының нақты нәтижесі болды. Жоба медицина саласындағы еріктілер қозғалысын жандандыруға, жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына және спорт арқылы салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Турнирге әрқайсысы 8 ойыншыдан тұратын 12 команда қатысып, жас спортшылар жасыл алаңда өз шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар арасындағы бәсеке ерекше тартысты өтті: әр команда жеңіске жету жолында барынша күш жұмсап, жылдамдық, ептілік және командалық үйлесімділіктің жоғары деңгейін байқатты. Көрермендер де ойындар барысында командалардың бірлігін, тактикалық шеберлігін, сондай-ақ медицина саласының жастарының белсенді әрі жан-жақты екенін айқын сезінді.

Шараның негізгі мақсаты - салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, медицина қызметкерлері мен болашақ мамандар арасында достық байланыстарды нығайту және медициналық волонтерліктің қоғамдағы маңызын арттыру. Спорттық дода тек ойын алаңындағы тартыспен ғана шектелмей, қатысушылар арасында өзара қолдау, түсіністік және ұжымдық рух қалыптастыруға ықпал етті.

Турнир барысында командалар адал бәсекенің жарқын үлгісін көрсетіп, спортқа деген шынайы қызығушылығын танытты. Жас мамандардың спорттық шараларға белсенді қатысуы медицина саласында жұмыс істейтін жандардың тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар физикалық және моральдық тұрғыдан да дамуға ұмтылатынын дәлелдейді. Бұл, өз кезегінде, қоғам денсаулығы үшін қызмет ететін жастардың жан-жақты болуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.

Жарыс қорытындысында үздік деп танылған командалар арнайы марапатталып, жүлделер мен алғыс хаттарға ие болды. Қатысушыларға командалық рухты жоғары деңгейде сақтағаны, үлгілі ойын көрсеткені, белсенділігі үшін алғыс айтылды. Жеңімпаздар үшін ғана емес, барлық ойыншылар үшін бұл турнир үлкен тәжірибе, жаңа таныстықтар мен әсерлі сәттер сыйлаған маңызды алаңға айналды.

Шара соңында қатысушылар осындай спорттық және мәдени жобалардың медицина жастарының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Олар «QazMed Volunteers» бастамасының маңыздылығын, алдағы уақытта да осындай ауқымды іс-шаралардың жиі өтуіне деген тілектерін жеткізді.