Депутаттар Абай облысында жүр
ҚР Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында облыс тұрғындармен кездесулер өткізіліп, онда халықты толғандырған түрлі мәселелер талқыланды.
Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев Бесқарағай ауданына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиын барысында инфрақұрылым, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған тұрғын үйді жекешелендіру, сондай-ақ қаңғыбас иттерге қатысты мәселелер талқыланды. Қайрат Тастеекев сондай-ақ өңір жастарымен жүздесіп, олардың пікірсайыс, еріктілер қозғалысын, білім мен ғылымды дамыту жөніндегі бастамаларын талқылады. Ал, Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова жұмыс сапары аясында Жарма ауданына барды. Аудан тұрғындарымен кездесулерінде ол экология, көлік салығы, машиналарды кедендік ресімдеу, МӘМС жарнасы, Шар қаласындағы жастар үшін баспана және басқа да салаларда жеңілдіктер қарастыру, шикізатты қайта өңдеу мәселелерін атап өтті.
Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов жол және әлеуметтік мәселелерді көтерді. Жергілікті азаматтардың көтерген сұрақтарына сәйкес тиісті іс-шараларды іске асыру оның бақылауына алынды.
Жұмыс сапары аясында депутаттар облыстағы қала және аудандардағы жылу орталықтарына, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау нысандарына барды.
Абай облысының әкімдігі