«Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты конференция өтті
Аймақ басшысы өз сөзінде Сыр өңірінің тарихи миссиясын, рухани маңызын және ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті
Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуына орай бүгін «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Маңызды жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, елдік мәні бар мерейтойдың тарихи маңызын атап өтті.
Конференцияға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалымдар, өнертанушылар, жазушылар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, зиялы қауым өкілдері және өңір басшылары қатысты. Олардың қатарында академик Асқар Жұмаділдаев, өнертанушы Сәуле Қожықова, тарихшы Берекет Кәрібаев, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, түркітанушы Хулия Касапоглу Ченгел, филолог Қайырбек Кемеңгер секілді танымал тұлғалар бар.
Аймақ басшысы өз сөзінде Сыр өңірінің тарихи миссиясын, рухани маңызын және ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті:
«Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Ежелгі Сақ заманындағы Шірік Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Ақ Орда мен Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы, Қазақ автономиялық кеңестік республикасының астанасы Қызылорда – соның айқын дәлелі. Тарихына үңілсең ғасырлардан сыр тартатын, бүгінін бағамдасаң келешегінің кемелдігін аңғартатын «Сыр – Алаштың анасы» деген даналық сөз баршамызға жақсы таныс. Қилы замандарда, зұлматқа толы күндерде, ақтабан шұбырынды кезеңінде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрып, Сырды анасындай паналаған. Бұл өлкенің қазақ үшін орны да, жөні де бөлек. Өздеріңізге белгілі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан: «Бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының қайтарылуы тарихи әділдіктің орнауы» деген сөзі конференцияның мазмұндық өзегіне айналды. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Қызылордада өткізу туралы шешімі Сыр жұртшылығы үшін үлкен мәртебе.
Жиын барысында Қызылорданың астаналық кезеңі, «Қазақ» атауының қайта берілуі, қала атауының өзгеруі және осы тарихи шешімдерге ықпал еткен ұлт зиялыларының еңбегі кеңінен талқыланды. Сәуле Қожықова, Наурызбай Байқадамов, Берекет Кәрібаев, Бейбіт Қойшыбаев, Хулия Касапоглу Ченгел, Қайырбек Кемеңгер және Болатбек Қуандықов мазмұнды баяндамалар жасады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Ғабит Тұяқбаев архивте сақталған тарихи құжаттар мен ұлт зиялыларының қолтаңбасы қалған мұралар туралы деректермен бөлісті.
Мерейтой аясында Қызылорданың соңғы ғасырдағы даму тарихын қамтитын кітап жарық көріп, деректі фильмдер көрермен назарына ұсынылды. Бұл бастамалар жас ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруға, аға буынның еңбегін үлгі етуге бағытталған.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жетістіктері де назардан тыс қалмады. Өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеден асып, соңғы үш жылда 1,6 триллион теңге инвестиция тартылған. Қалада жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, саябақтар мен аллеялар жаңғыртылуда. Балаларға сапалы білім мен қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасын қолдаған кәсіпкерлер мен қоғамдық қорлар 55 миллиард теңгеден астам қаржыны жаңа жобаларға бағыттап, өңірдің өркендеуіне үлес қосуда.
Жиын соңында облыс әкімі Алаш арысы Қоңырқожа Қожықовтың немересі Сәуле Құлахметқызына шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұл — тарихи сабақтастық пен ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың белгісі.