Мәзір
10 қазан, 2025 / JariaLike / Күн-Жария

Қаржылық жауапкершілік пен өңірлік дербестік басты назарда

Жаңадан жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға құжаттама әзірлеуге демеушілер есебінен 7 млрд. теңге бөлінді

Қаржылық жауапкершілік пен өңірлік дербестік басты назарда Қаржылық жауапкершілік пен өңірлік дербестік басты назарда
Қызылорда облысының әкімдігі

Қаржылық саясаттың ашықтығы мен тиімділігі бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Осы орайда Қызылордада өткен Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы елдегі бюджет үдерісін жетілдіруге бағытталған маңызды диалог алаңы болды.

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен қатар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары мен салалық сарапшылар қатысты.

Кездесу барысында жаңартылған заңнама талаптарына сәйкес бюджет қаражатын жоспарлау, бөлу және игеру мәселелері кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы өз баяндамасында өңірде жүргізілген аудит пен бақылау нәтижесінде қаражаттың үнемделгенін атап өтті. Бұл – қаржыны тиімді басқарудың нақты нәтижесі.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы бюджет қаржысын тиімді жоспарлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөнінде міндеттер жүктегені белгілі. Облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 2023-2025 жылдары бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына жүргізілген зерделеу, бақылау шараларының нәтижесінде 100 млрд. теңгеге жуық қаржы үнемделді. Оның ішінде білім саласынан 58 млрд. 600 млн. теңге, «Арт спорт» бағдарламасынан 13 млрд. 100 млн. теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд. 200 млн. теңге үнемделіп, бюджет қазынасында қалды.

Жаңадан жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға құжаттама әзірлеуге демеушілер есебінен 7 млрд. теңге бөлінді. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтарын» салып, бұған дейін әр жерде орналасқан мекемелерді бір орталыққа біріктірдік. Бұл ғимараттарды ұстап тұру шығындарын қысқартуға жол ашты. Мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы үш ауысымдық оқу мәселесін түбегейлі шешіп, жаңа мектеп салуға қажеттіліктің алдын алдық. Осылайша, бюджетке түсетін салмақ азайтылып, 13 млрд. 100 млн. теңге оңтайландырылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиын барысында мамандар жаңа трансферттік саясаттың өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге және инфрақұрылымдық айырмашылықтарды жоюға бағытталғанын атап өтті. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.

Көшпелі отырыс барысында қатысушылар бюджет үдерісіндегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Бұл – қаржылық саясаттың халық мүддесіне сай жүзеге асуына жол ашатын маңызды алаң болды.

Көп оқылды: