Қызылорда қаласында елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірдің әлеуметтік дамуына бағытталған маңызды нысан – «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан өнімдерін шығару кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен халықтың күнделікті тұтынатын ең басты тағамы – нан өндірісінің жаңа деңгейге көтерілген сәті.
«Бүгін біз өңір экономикасына тың серпін беретін кәсіпорынның ашылуында бас қосып отырмыз. Бұл тек өндірістік емес, әлеуметтік маңызы бар жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде терең өңделген, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға басымдық берілуде. Жаңа кешен осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі»,- деді облыс әкімі.
Жобаға 5,6 миллиард теңге инвестиция салынды. Мемлекеттік қолдау аясында кешенге 5 гектар жер телімі бөлініп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 1,2 миллиард теңге жеңілдетілген несие беріліп, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды.
Кешенде бүгінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 170-ке дейін өседі. Бұл әр отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
1957 жылы алғаш рет іске қосылған нан зауыты 1995 жылға дейін халықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келген еді. Араға отыз жыл салып, бұл дәстүр қайта жалғасып, жаңа кешен өз жұмысын бастады. Бұл – тарих пен жаңғырудың үндестігі.
Ашылу рәсіміне зиялы қауым, ел ағалары, қала тұрғындары мен кәсіпорын қызметкерлері жиналды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысанның маңызын атап өтіп, жиналған қауымды құттықтады.
Іс-шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен өңдеу өнеркәсібіне үлес қосқан меценат Нейля Жүсіпова сөз сөйлеп, кәсіпорынның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Жаңа кешен халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған игі бастама. Қызылорда халқы бұл жобаны зор қуанышпен қабылдап, жаңа өндіріс орнынан тұрақтылық пен береке күтуде.