Қызылорда қаласында Қазақ елі астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында маңызды әлеуметтік нысан, яғни 320 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.
Бұл – Сырдария өзенінің сол жағалауында жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарының кезекті нәтижесі. Соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамыған сол жағалау сәулетті архитектурасымен, заманауи инфрақұрылымымен ерекшеленіп келеді.
Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен жаңа қоныс иелері қатысты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тұрғын үй құрылысы саласындағы жетістіктерге тоқталып, жаңа баспанаға ие болған азаматтарды құттықтады.
«Сыр өңірінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат табысты жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда облыс бойынша 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 25 мыңға жуық азамат жаңа қонысқа көшті. Биылдың өзінде 58,7 млрд теңге бөлініп, 3 800 пәтер сатып алынады»,- деді облыс әкімі.
Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда 5 600 пәтер тұрғындарға берілген. Өткен айда 280 пәтерлік 7 көпқабатты үйге кезекте тұрған азаматтар қоныстанды. Қалада 7, 9, 12 қабатты жаңа дизайндағы үйлер бой көтеріп жатыр.
Іс-шара барысында құрылысшыларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірбек Шәменов жаңа қоныс иелерін құттықтап, ел игілігі үшін жасалған бұл бастаманың маңызын атап өтті.
Жаңа тұрғын үйлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында баспаналы болған азаматтар бұл игі іске ризашылықпен қарап, жаңа шаңырақтардан татулық пен береке күтуде.