Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Елорданы кешенді дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Олар – әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың, өмірді қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы, жол желісін дамыту, инвестиция тарту, абаттандыру, қаланы көгалдандыру және т.б.
Мемлекет басшысына қаланы абаттандыру жұмысы туралы баяндадым. Биыл елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 1 миллионнан астам жасыл желек (көшет, бұта, ағаш және т.б.) отырғызылды.
Ататүрік саябағының жағалауы тас бөгет арқылы жаңартылды. Бұл өзеннің сырт келбетін жақсартуға, су шайып кетуден қорғауға және суға түсу орындарын қауіпсіз етуге мүмкіндік берді.
Триатлон саябағының маңында жағалау бөлігін қайта жаңарту жұмысы жалғасып жатыр: жаңа серуендеу маршруттары мен спорт аймақтары ашылып, ірі ағаштар отырғызылып жатыр. Бейбітшілік және келісім саябағындағы «Өмір ағашы» монументінің күмбезін қоса алғанда, бірегей арт-инсталляциялар орнатылды.
Мәмбетов көшесі бірыңғай архитектуралық стильде абаттандырылып, «Тұлпар» сауда үйінің алдындағы гүлзар жаңартылды. Сол сияқты Мәңгілік Ел, Абай, Нәжімеденов және Түркістан секілді магистральдық көшелерде абаттандыру жүріп жатыр. Ақырындап кедергісіз ортаға көшіп жатырмыз: жаяу жүргіншілерге ыңғайлы әрі қауіпсіз тротуарлар мен өткелдер жасалуда.
Сондай-ақ, жаңа GreenLine жаяу жүргіншілер желекжолын жүзеге асыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның ұзындығы 3 шақырымнан асады – Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейін. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – Әнет Баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі учаске толық аяқталды. Мұнда ірі ағаштар отырғызылып, тоғандар жүйесі жасалды. Желекжол аумағында ойын және спорт алаңдары, арнайы тақырыптағы демалыс аймақтары орнатылған.
Сонымен қатар, Жүргенов көшесі абаттандырылды. Президент Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Сарайшық ауданында жаңа «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынды. Оның аумағында балалар ойын алаңы мен спорттық жабдықтар орнатылып, ағаштар отырғызылды, жергілікті суару жүйесі жасақталды. Үйдің қасбетінде жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды, сондай-ақ арнайы тақырыптағы инсталляциялар және т.б. орнатылды.
Алматы ауданында жалпы аумағы 25 000 м² болатын Күйшілер аллеясында ауқымды реконструкциялау жұмысы жүргізілді. Мұнда ойын, жаттығу және воркаут аймақтары абаттандырылып, орындықтар қойылды, кешенді көгалдандыру жүргізіліп, тіреу қабырғалары мен заманауи суару жүйесі орнатылды, автотұрақ аумағы кеңейтілді және т.б. жұмыс жүргізілді.
Келер жылы Мыңжылдық аллеясы жобасын іске асыруға кірісеміз. Оның концепциясы көлік транзитінен алыс, серуендеуге, спортпен шұғылданып, демалуға ыңғайлы 4 шақырымдық желілік саябақ құруға негізделген. Жоба бірнеше кезеңге бөлінген: бірінші кезеңде тұрғын үйлер көптеп салынып жатқан аймақтар қамтылады; сонымен қатар, «Нұрлы Жол» вокзалы жанындағы саябақ жоспары да қолға алынады, ол маңызды тартымды орынға айналады.
Болашақта Мыңжылдық аллеясы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен дамытылғанмен, өзінің негізгі идеясын сақтайды – заманауи қоғамдық кеңістігі бар, кедергісіз ортаға ие, автономды дренаж жүйесі орнатылған және көгалдандырылған. Мыңжылдық аллеясы қаладағы жаңа бағытқа айналып, негізгі аудандарды біріктіреді. Осылайша, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, заманауи және экологиялық таза кеңістікке айналады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.