Қызылордада кең көлемді сенбілік өтті
Жастар белсенділері сенбілік кезінде экологиялық мәдениетті насихаттап, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндірді
Бүгін Дүниежүзілік тазалық күніне орай Қызылорда қаласындағы Денсаулық және демалыс саябағында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шараға облыстық басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдарының белсенділері, еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысып, қоршаған ортаның тазалығы мен көркейтілуіне өз үлестерін қосты.
Шара барысында саябақтың барлық аумағы қамтылып, қоқыс жиналды, ағаштардың түбі қопсытылып, жасыл желектер суарылды. Сенбілікке қатысушылар демалыс орындарындағы орындықтарды тазалап сынған ағаш бұтақтарын жинады. Сонымен қатар, жас көшеттер отырғызылып, гүлзарлар ретке келтірілді. Бұл жұмыстар саябақтың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы демалыс орнының қалыптасуына ықпал етті.
Жастар белсенділері сенбілік кезінде экологиялық мәдениетті насихаттап, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндірді. Олар қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр азаматтың міндеті екенін, мұндай іс-шаралар тек сенбілік күндері ғана емес, күнделікті әдетке айналуы керектігін атап өтті.
Шараға қатысушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер ұжымдық рухты көтеріп, адамдарды біріктіріп қана қоймай, экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейді. Сонымен қатар, қатысушылар бұл игі бастама жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып, жаңа буынға үлгі боларына сенім білдірді.
Дүниежүзілік тазалық күні аясында өткен сенбілік қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы тұрақты жұмыстың бір бөлігі саналады. Осындай іс-шаралар арқылы қоғамда экологиялық жауапкершілік күшейіп, туған өлкені қорғауға деген сүйіспеншілік арта түседі.