Гүлтас Сайынқызы. Тағдыр сыйы
Мен сені ұмыта алғанымда ғой...
Шөл даланың сексеуіліндей сүйегім қатып, сезімім семіп, жалғыздық сарайының падишасы боп үйреніп қалған маған енді ешкімнің де керегі жоқ. Мен сенің азабыңды шөлім қанғанша ішіп тауысқанмын. Енді маған қалғаны – жалған өмірдің жарық сәулесін сөндіріп, мәңгілік ұйқыға кету.
Жарық дүниенің шамын сөндіргелі тұрып та, бір рет сені көргім келетіні – сен білмейтін шындық.
Мен сені ұмыта алғанымда ғой... Ана болып, бала сүйер едім. Адам баласына баладан артық ешнәрсе керегі жоқ екен. Бәрі кеш. Өмір өтті де, кетті. Өмір уақыттан тұрады, ал мен сол алтын уақыттың бәрін саған ғана арнадым. Құлағымды тас керең етіп бекітіп алсам да, сенің үнің құлағымнан кетпеді, көзімді тарс жұмып алсам да, сенің бейнең көз алдымда тұрды. Менің азабым! Мен сені іздеп едім, таппадым. Әсте, сен жоқ жерлерден іздедім-ау деймін, көрмедім, кездеспедім. Көрдім деп те ешкім айтпады, әлде олар да көрмеді ме екен? Бірақ сенің үйленгеніңді маған жеткізушілер болды. Менің жүрегімді тіліп түсу үшін: «Арыстың келіншегі әдемі, сүп-сүйкімді екен» деп айтты. Кеуденің жанатынын, жүректің қатты ауыратынын мен сонда көрдім. Санасыз сандырақ сөздер тіліме оралады. «Түн болмаса екен. Түн сенің көзіңді байлап тастамасын, сен оған барма, көзіңді аш, ол мен емеспін. Құдай үшін бармашы, жақындамашы, қазір келші, мен сені кешіремін, сенің жарың ешкім де емес, мен ғана болуым керек. Жер шарындағы Ақымақ, келші» деп жалбарындым. Сен келмедің, сен барыпсың, сені көрушілер де көбейді, «екеуі тойға барыпты, екеуі демалуға кетіпті» деген сөздерді де көп еститін болдым. Сен ұлды болды дегенде, менің жүрегім тоқтап қала жаздады. Мен сені мәңгілікке жоғалтқанымды білдім. Мысық қиялымда: «егер баласы болмаса, ол бәрібір маған келеді» деп ойлағанмын ғой.
Бірақ сенің бала туралы, перзент туралы пікірің өзгеше болатын. Әлі есімде, осы тақырыпқа екеуміз қатты дауласқанбыз.
- Арыс, бала деген – дәнекер. Отбасылық бақыттың кілті – бала.
Сондықтан мен Нұржан мен Дананың шешімдері дұрыс деп ойлаймын.
- Нұрай, саған таңғалып отырмын. Ажырасқандарын құптаймын дегенің қалай? Нұржан менің бала күннен бірге өскен досым. Дана оның алғашқы махаббаты. Ол екеуі бірі Күн болса, екіншісі Ай болатын. Олар тұтас әлем! Екеуі бір-бірі үшін жаралғандай еді. Нұржан екеуміз он сегізге толып, әскерге де бірге аттандық. Нұржан Данаға күнде хат жазатын, Данадан да күнде хат келетін. Құдай сақтасын бір екі күн хат келмей қалса, Нұржан жанын қоярға жер таппайтын. Қойшы не керек, әскерден келе сала екеуі үйленді. Тойлары да ерекше болып өтті. Небәрі екі жылдан асты. Болар еді ғой. Мен солай ойлаймын.
- Арыс, қызықсың. Егер үміт болса, олар қанша жыл болса да күтер еді ғой. Данамен сөйлестім. Дәрігерлердің шешімі сол болыпты. Дана сәби сүйе алмайды екен. «Менің Нұржаным әке болу керек, болды мен осылай шештім»– деді.
- Жоқ, мүлдем дұрыс емес. Екеуінің ұлы махаббаттары қайда? Жоқ, бәрінен де биік тұратын нәрсе бар. Ол – сезім, ол махаббат. Баладан да биік. Мен келіспеймін.
Арыстың даусы да, көзі жасаурап, жұдырығын түйіп алған кейпі көз алдымда.
Мен «Арыс» дедім де үндемей қалдым. Ол маған шошына қарап:
- Нұрай, айтпа, біліп тұрмын, айтпа,– деді.
- Нені біліп тұрсың?
- Біздің де баламыз болмаса ше? – деп айтқалы тұрсың ғой.
- Қайдан біліп қойдың, дәл солай дейін дегенмін.
- Болмаса, Құдай бермесе, ол – тағдыр. Бірақ менің махаббатым бәрінен биік. Мен сені ешқашан, ешкімге айырбастамаймын.
- Нұр менен Айдан жаралған Ақнұрым менің, саған жетер бұл ғаламда жан болмайды. Соны мәңгі есіңе сақта!
Есімде...
Басыма бақ, астыма тақ орнататын талаптылар көп болды. Бірақ мен сенбедім. Сенбедім, себебі мен саған сенгенмін, сен мені алдағансың. Сен өзім едің ғой. Бөтен адамдар неге алдамасын? Маған қатты қиын болды. Мен сенің сондағы ісіңді кешіре алмадым. Махаббаттың қасірет кеңістігінде сенің әрекетің құмырсқаның жолындай ғана болар, бірақ саған шексіз сенген мен үшін ол таудай күнә болды. Сондағы менің жанымдағы сәттер теңіздің толқыны сияқты, бірде жағалауға, бірде теңізге қашады. Бірде кешіремін, бірде тас боп қаламын. Хаттағы әрбір сөз, әрбір дыбыс жүрегімді осып қансыратқандай. Сол хатты жазып отырғанда жүрегіңдегі мені қайда апарып тастадың? Сөзің де, өзің де, бәрінің – жалған болғаны ғой...
Қызық, сонда мен бір сәт сенің алдағаныңды қаладым, бәрін өтірік десе екен, өзін де, атын да білмеймін десе екен деп тіледім. Сен алдамадың... Егер бір-ақ рет алдасаң ғой, мен саған сенер ме едім, екеуміз мәңгі бірге болар ма едік? Солай деймін-ау... Бірақ сен шындықты айттың. Анаңның мәжбүрлегенін, «сол қызға үйленбесең, басқа келін әкелмей-ақ қой» дегенін айттың. «Сол үшін жаздым, бірақ жіберген жоқпын ғой»,–дедің.
Білмеймін... Мен қатқан қара тастай қатып қалдым. Мәңгілік жалғыз болып қаламын, енді маған ешкім керек емес,– деп, оқуды бітірген соң бөтен ел, бөтен жер Торғай даласына, Арқалық қаласына кеттім. Бес жыл мектепте мұғалім болдым. Сені де өз ауылына кетті деп естідім. Мектепте завуч екен.Үйленбей біраз жүріп, жақында үйленіпті» деген хабарды бірге оқыған қыздардан есіттім. Шынымды айтсам, үйленгенің мені тыныштандырғандай болды. Сол жолы мен Торғайға барып, мектептен жұмыстан шығып, Алматыға оралдым. Белді бекем буып келдім. Күзде аспирантураға тапсырдым. Оқыдым, жаздым, қорғадым. Аллаға шүкір. Бірақ жалғызбын.
«Тағдыр» атты ескексіз қайықпен теңізге шығып кеткендеймін. Қолыма ескек беріп, «адаспа» деген туыстарым мен достарымның шын жанашырлығын түсініп, тұрмыс құрдым. Сүйіп-күйіп үйленгендерді де көріп жүрмін ғой, сүймей-ақ сыйластықпен, жүрекпен болмаса да, ақылмен әдемі ғұмыр кешуге болады деген ойда болдым. Бірақ, менің ақымақ жүрегім дегеніме көнбеді...
Адастым. Мен ашыла алмадым, мен беріле алмадым, тәнім менің өлі балық сияқты ешнәрсені сезбеді, жаным жабық жатты.
Ақылды достарымыз тағы да көмекке келді, барынша мені көңілдендірмек болды, өмірі шарап ішіп көрмеген маған сол күні шарап ішкізді, мен көңілді болғандай болдым, Санжар маған: «Саған көңілді болған керемет жарасады екен» деді. Ол шын айтты. Себебі ол өтірік айтпайтын еді. Оның даусы да шын шығатын. Мен оның сол бір мінезін жақсы көретін де сияқтымын...
Тағдыр-төсекте мен сенен тағы да құтыла алмадым, мен Санжарға сол түнде қайта-қайта сенің атыңды айтыппын... Ол ерте тұрып жұмысына кетіп қалыпты. «Мен Арыс емеспін» деп, орнынан тұрып бара жатқаны есіме еміс-еміс түсті. «Бәрі бітті» деп ойладым. Санжар түскі тамаққа үйге келмеді. Кешке келді. Тамақ дайындап, ас үйде жүр едім, қолында гүлі бар кіріп келеді. Көзім бақырайып, қарап қалыппын. «Туған күніңмен!» деп, бетімнен сүйді. Ал мен туған күнімді ұмытқалы қай заман?
– Жүр, кеттік, мейрамханаға барайық.
– Неге?
– Сенің туған күніңді тойламаймыз ба?
– Жоқ, үйде болайық. Рақмет.
– Рақметті қой, жинал.
Менде үн жоқ. Кешірім сұрағым келіп тұр. Бірақ тамағыма тас тұрып қалғандай, қаншама рет оқталып, сөйлейін десем де, сөйлей алмадым. Санжар сезді. Бар күшімді жинап:
- Санжар, – дедім.
– Құлағым сенде.
– Санжар, сені ренжітіп алдым.
– Кім айтты?
– Өзім.
– Нұрай, сен мені ренжіткен жоқсың. Адам біткеннің бәрі жабылып сені ренжітіппіз. Әлемде ең бақытты сен болуың керек еді, ал біз сені бақытты ете алмадық. Егер сен маған уақыт берсең, мен сені бақытты етемін, көресің, әлі, сенің кеудеңдегі қайғы-мұң қайда кеткенін өзің де білмей қалатын боласың. Маған уақыт бер, менің падишам. Қазір кеттік.
Екеуміз үйден кеттік, кеткеніміз жақсы да болған екен, бізді үйге іздеп келгендер таба алмай қалыпты. Қашпайсың ғой, бірақ жан дүниеңдегі арпалысты бөтендердің көріп-білгенінің қажеті жоқ деп ойлаймын. Көз көңілдің әйнегінен бәрі көрініп қалар еді.
Ол маған тілек айтты. «Адамның өмірі мәңгілік қозғалыста, оны қолдан тоқтатуға болмайды. Ал сен болсаң тоқтатқың келеді. Өмірде бөлек-бөлек махаббат болмайды, бір ғана махаббат болады, өйткені сенің жүрегің біреу ғана ғой. Сен Арысқа арналған махаббат сезімін өлтірмей маған көшіруің керек, басында біраз қиын болады, содан кейін ол екеумізге ортақ сезім, ортақ махаббат болады. Сен көшіре алмай отырсың, сен қайғы еместі қайғы көріп тұрсың, сен өзіңді маған қимай тұрсың». Мені аяп кеті ме, бір кезде: «Қимағаның жақсы, егер сен өзіңді маған бере салсаң, менің Нұрайыма ұқсамас едің, еңбексіз тапқан нан харам деуші еді ғой» деді. Мен үндемедім. Мен оның Нұрайы емес екенімді біліп отырдым. Арыс екеуміз үйге келдік. Үйге келген соң да ол мені еркелетуін қоймады. «Бәрі жақсы болады, сен оны ұмытасың, мен ғана сені бақытты ете аламын»,– деп мені сендіргісі келді.
... Арыс та солай деген. Қайда? Жары бар, бала-шағасы бар. Бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Тіптім, ол мені есіне де алмайтын шығар. «Нұрай, біз бақытты боламыз. Мен мынау қазақы түйсік-түсініктің бәріне қарсымын. Менің әйелім менің падишам болады. Бәрін өзім жасаймын. Сен үшін бәрін үйренемін. Тамақ жасау ма, ол да маған түк емес. Әлемнің асқан аспазы жасай алмайтын ғажап тамақты жасап берем. Менің жарым – менің жаным, менің тынысым, менің шөлімді қандырар шәрбатым болады» ...
Табиғаты таза, менің жан дүниемді айнадан көріп отыратындай сезімтал Санжарға сенгім келді, менің бақытты болғым келді...
Бірақ... Мен бақытты болмадым. Екі жыл бірге тұрдық, баламыз болмады. Шынымды айтсам, Санжардан бала сүюді іштей қаламаған да сияқтымын...
Санжар жұмыстан кешігіп келетін болды. Мен «неге кешіктің?» деп сұрамадым, ол кейде келмей қалатын болды, мен «неге келмедің?» деп сұрамадым. Бір күні ол жарылды.
- Қайда жүрсің, неге келмедің деп сұрамайсың, не деген тас жүрексің?
деп қатты-қатты сөздер айтты. Ол жұмысына кетті, мен киімдерімді ғана алдым да, оған хат жазып, мені іздемеуін сұрап, кетіп қалдым.
Одан бері де міне сегіз жыл өтіпті. Сегіз жыл. Күлемін-ау... Мен ақымақ сені күттім. Көшеде саған ұқсайтын азаматты көрсем, жүрегім аяғыма түскендей боп, сүрініп қалатынмын. Кейде қарама қарсы, не жанымызда кетіп бара жатқан автобустың ішінде дәл сен сияқты, саған ұқсас адамды көріп қаламын. Сол күні салым суға кетіп, жабырқап үйге келетінмін. Төлеген ақын айтпақшы: «Жыласам қой дер бұл Құдай аға да маған бермеген» деп, шамды да жақпай отыратынмын...
Жоооқ, мені бір Құдайдан безген, не болмаса, Арыстан басқа дүниеге көр соқыр болып қалған жан деп ойламаңыздар. Менің қайғымды қамап, бекітіп тастайтын қайратым болды. Туған-туыстарыма, іні-сіңлілеріме жанымды беремін. Олардың кем-кетігіне де көмектесіп тұрамын. Туғандарымнан сұрайтын жалғыз өтініш-талабым: «менің жеке басымның мәселесіне мүлдем араласпаңдар. Менде бәрі дұрыс» деймін...
Санжар үйленген, бір қызы бар, телефон соғып, анда-санда келіп тұрады. Екеуміз дос сияқтымыз, жақсы әңгімелесеміз. Бірауыз артық сөз айтпайды. «Өзіңді өзің кішкене болса да жақсы көр, жолдама алып берейін, бір жаққа барып, емделіп, демалып қайт» деп, қалайда менің жағдайымды ойлап, бәйек болғаны. Мен күлемін: «Қой енді, тапқаным қарабасыма жетеді ғой, жолдаманы өзім алып барамын. Тек, қасыма серік боатын адам табылмай отырғаны болмаса, барудан қашып отырғаным жоқ»,– деп қалжыңдаймын.
- Рас айтасың ба? Бірге барайық.
- Жоқ, қалжың ғой. Ондай әдет жоқ екенін білесің емес пе?
Уақыт деген мен үшін бір киімін ауыстырмайтын көңілсіз әйелге ұқсайды. Иә, маған ұқсайтын сияқты. Күндегі күйбең тіршілік, өмірдің қалыпты ырғағы сырғанап барады. Жалғыздыққа да әбден үйреніп алдым. Бір күні кешке қарай есіктің қоңырауы қатты шырылдады. Шошып қалдым, есікті ашсам, Санжар тұр. Түрі бір түрлі.
- Не болды, амандық па?
– Қорықпа, жүр, қазір айтамын.
– Айтшы тез, адамды шошытпай.
Санжар үнсіз отыр. Бетіме қарайды. Мен одан бетер білгім келіп барады.
- Не болды, айтқың келмей қалды ма?
- Айтқым келмей қалды. Алтын тапқандай, жүгіріп келгеніме жыным келіп тұр.
- Жарайды, айтпай-ақ қой.
- Жоқ, айтамын, ол менің ішіме де, сыртыма да сыя қоймас. Мен оны көрдім.
- Кімді?
- Арысты.
- Қайдағы Арыс?
- Мәссаған, мен өмір бойы іздеп, әрең тапсам, сенің қайдағы Арыс дегеніңе жол болсын.
- Арыс, деген біреу ғана емес шығар?
- Мен үшін ол – біреу.
- Басынан бастайын. Данияр ауруханада жатыр, өтінде тас бар екен, соған операция жасапты. Бүгін жұмыстан соң барсам, қасында бір жігіт жатыр, түрі таныс сияқты. Екеуі наркоздан кейінгі сөйлеген сөздерін, істеген істерін айтып күлісіп отырды. Данияр қасындағы жігіттің қылығы есіне түсті ме, мәз болып күлді.
- Арыс бүкіл аурухананы аяғынан тік тұрғызды. «Нұрай» деп айғайлап, орнынан атып тұрып, жүгіргенде, қасындағы медбикені қағып кетіп, өзі үстіне құлады емес пе?
- Қойшы,– деп, Арыс жақтырмай қалды.
Мен екеуіңнің аттарыңды қатар естігенде не дерімді білмей қалдым. Анықтай түскім келіп: «Нұрай деген әйеліңіз бе еді? деп сұрадым.
- Жоқ, сандырақтағанда ауызға түскен ғой,–деп айтқысы келмеді.
- Нұрай осында тұрады.
- Не дедіңіз?
- Нұрай Алматыда тұрады.
- Сіз Нұрайды білесіз бе?
- Білемін, сізді де білемін, – дедім.
- Нұрай тұрмысқа шықты деп естігенмін, бала-шағасы бар ма?
- Тұрмыста емес, бір-екі жыл тұрып айырылысып кеткен, баласы жоқ.
Арыс қайтып аузын ашпады. Мен қоштасып, шығып кеттім, неге екенін білмеймін, қуанған сияқтымын, саған асықтым. Бірақ келе алмадым, бір күш мені жібермей қойды. Данияр шығарып салды, кешірім сұрап жатыр. «Құдай біледі, сенің Нұрайың есімде жоқ, білсем аузымды ашпаймын ғой»,– деді.
«Сенің Нұрайың» дегенде жүрегім шым ете қалғандай болды. Бірақ Санжарға сездірмедім.
– Бүгін тағы бардым, аурухананың алдындағы ағаштың көлеңкесінде Данияр екеуі отыр екен. Қой, дәл онымен не сөйлестім, соны айтайын.
- Данияр, рұқсат болса, Арысты біршама уақытқа маған бер.
Данияр түсінді. Екеуміз әңгімені бастай алмай отырмыз. Әңгімені ол бастады. – Данияр бәрін айтты. Сіздің жаныңызды ауыртатындай-ақ әңгіме болды. Кешірім сұраймын.
– Арыс, екеуміз бір-бірімізге сіз деп сызылмай-ақ қояйық, екеуміз қатармыз, мен сенен бір ай ғана үлкенмін. Мен 26-қазан, қателеспесем сен қарашада туғансың.
- Туған күнімді де білесің бе? Жарайды, сен деп сөйлескеніміз жақсы да шығар?
- Солай болар. Екеуміз бір қызға ғашық болыппыз, тағдыр кездестірген шығар?
- Менің қолыма қонбады, сенің қолыңа қонған құсты қалай ұшырып алдың?
- Менен гөрі қолыңа қонбаса да, сен бақыттысың, ол сені ғана сүйді. Сені ұмыта алмады, – дедім.
Арыс содан кейін аузын ашпады.
- Маған көмектесші, палатама барайын,– деді.
Мен көмектесіп, палатасына апарып салдым. Данияр дәрігерді шақырды.
– Сондайлық қатты ауру ма?
– Шошып кеттің ғой, сондайлық қатты ауру емес, диагнозы – Нұрай, махаббат екен.
– Қойшы, мазақтамай.
– Мазақтау емес, шыны – сол. Ертең екеуміз барайық, егер мені артық десең, өзің бар.
– Жоқ, мүлдем бара алмаймын.
– Нұрай, саған жараспайды.
– Жарасады, бармаймын да, көрмеймін де. Осымен сөз бітті.
– Нұрай, сен одан қашсаң да құтыла алмайсың, менімен бармасаң да, ойша барасың. Көргің келеді. Қандай болып кетті екен деп ойлайсың. Одан да барып, өз көзіңмен көр, сенің осында екеніңді мен де айтып қойдым. Нұрай, сен бармасаң ол осы дертінен жазылмайды.
– Қойшы, мені барғызу үшін айтқаның ғой.
– Шын айтамын, оған бір нәрсе болса, мен кінәлімін.
– Неге сен кінәлі боласың?
– Мен оның өшіре алмаған сезіміне май тамызып, «сені ұмыта алмады» деп айтып қойдым емес пе?
– Санжар, сен елдің бәрін өзіңдей көресің, ол мүлдем өле қалатын нәзік жан емес. Ол мені бір рет те іздеген жоқ. Ол өте қатал адам. Жалпы, қажеті жоқ, айтпашы.
– Ашу не дегізбейді? Ашу ғой. Ол маған ұнады. Жылы жүзді адал азамат сияқты. Жақсы, ертең мен саған келемін, екеуміз барамыз. Ал, мен кеттім.
Көзім бұлдырап, құлағым тұнғандай боп тұрып қалдым. Санжар менің көз алдымда биікке самғап кеткендей. Менің бақытымды іздеп жүріп, әрең дегенде тауып алып, маған әкеп тұрғандай. Іштей «жаным, сен қандай таза едің, қандай көркем едің! Өз бақытымды өзім тепкен мен не деген сормаңдай едім» деп ойладым.
– Санжар...
- Не болды, түрің неге аппақ болып тұр? Нұрай, не болды?
- Қорқып тұрмын.
– Кімнен? Арыс келмейді, адресіңді берген жоқпын.
– Сәл ғана отыра тұршы, содан кейін барасың ғой.
– Жарайды, сәл ғана демей, мәңгі отыршы десең ғой.
– Десемші?
– Мен мәңгіге қалар едім.
- Мәңгіге қалмай-ақ қой, мен шай қояйын, сені пайдаланып, шай ішіп алайын.
Екеуміз шай іштік. Жан дүниемде арпалыс басталды. Ол маған дәл баяғыдағыдай қарайды, көзімді алып қашып отырмын, қарамауға тырысқаныммен, қалай қарамаймын. Сегіз жыл өтпегендей, күнде қасымда жүргендей сезім. «Маған не болды, есім ауысқан ба? Әйелі, қызы бар, бөтен адам ғой, Нұрай, бұл сенің сезімің емес, нәпсің» деп, іштей өзімді жеп отырмын.
Санжар: «Нұрай», – деді. Селк ете қалдым.
- Нұрай, саған ғашық болмау мүмкін емес.
- Қой, қой енді. Қай-қайдағыны айтпа.
- Неге? Сені Арысқа, мені саған ғашық еткен Алла ғой. Мен Аллаға разымын. Маған көп нәрсе керек емес. Сенің осы өмірде бар болғаның мен үшін бақыт. Сені көріп жүргенім – бақыт. Сенің үніңді есту – бақыт. Сенің «жүр шай іш» деп айтқаныңды есіту – бақыт.
- Санжар, бақыт бізден қаша жөнелгелі қашан?.. Менің кесірімнен,– деп, күрсінгенімді сездірмей, дем алғандай болдым.
- Сен солай ойлайсың ба? Олай емес. Бақытты арқандап ұстауға көнбейді,
«бақыт қонсын» деп жатады ғой, сондықтан бақыт құсқа ұқсайды. «Бақыттымыз» деп жататындардың көбі өтірік айтады, олар бақытты арқандап отыр, ал ол бақыт емес. Бір-біріне жіпсіз байлану.
– Солай ма? Онда «бақытсызбын» дегендер бақытты шығар?
- Сен бақыттысың. Сен тап-тазасың. Сені шын сүйетін адам бар. Көпше түрде айтпады, Арысты қоспады деп өкпелеме, біреу үшін жауап бере алмаймын. Ал менің махаббатыма күмән болуы мүмкін емес.
- Санжар мырза, үйіңізге қайтуға рұқсат.
- Бір күн сені күзетіп, қарауылда тұрсам деп армандаймын.
- Жоқ, үйдегілер күтіп қалады. «Ұят» деген жігіт мені күзетсін, сен үйіңе қайт.
- Үйдегілер күтіп қалмайды.
- Машинаңды біреулер тонап кетеді.
- Ешкім де тонамайды, одан да бір ғана төсек қайда жатқызамын?– деп ойлап отырмын десеңші.
- Ол да бар.
- Мен креслода отырып та ұйықтай беремін.
- Білемін.
- Нұрай, менің қалай ұйықтайтынымды ұмытқан жоқсың ба?
- Ұмытқан жоқпын, әзірше есім дұрыс сияқты.
Қолымнан ұстады. Көзіне қарадым. Жоғалтқанымды тапқандаймын. Бір-бірімізді жаңа көргендейміз.
- Менің мұңлы музамның есі әрқашан дұрыс. Жаным, бір күн ғана қасыңда болайын, сен ұйықта, мен күзетіп отырайын. Рұқсат берші, менің, жоқ, менің емес, ұлы сезім падишасы!
Құшақтай алдым, қатты сағыныппын кеудесінен басымды алғым келмейді, жүрегі тулап, сыртқа шығардай соғып тұр. Ештеңе демейміз. Көзін жұмып алған, жібергісі келмей тұрғанын сезіп тұрмын. Жүрегіміз сөйлесіп жатқан сияқты, біздер оларға кедергі келтірмей үнсіз тұрмыз. Жүрек демін алғанда ғана ол мені босатты. Тағы да үнсіздік...
- Мен саған қарай қаншама мың шақырым жүріп келгенімді білсең ғой. Нұрым менің, Айым менің, тұнығым менің.
- Мен жүрмедім...
- Неге?
- Мен бірден ұштым.
- Ұшқышым менің. Мені алып ұшқан ұшағым, қанатым. Тағдырым менің, мен ішімдегі дауысқа сенетінмін, мен саған қайта келетінімді, сенің маған қайта келетініңді сезгенмін, білгенмін, кейде сенен шығып кетіп бара жатқанда ойлайтынмын, жаным-ау, менің мәңгілік мекенім сенің қасыңда ғой, қал деп неге айтпайсың? Неге? Шығып алып терезеңе қарап отырғанымды сен білмедің-ау?
- Білмедім.
Бақыттың бастауынан қанып іштім, жанымның жансамалын сезіндім, көзінің шуағына шомылдым, бауырына кіріп, жанымды жылыттым. Аңсаған бақытыма көзім жеткендіктен, көзімнен жас ақты. Түн әлемі.
- Неге жылап жатырсың?
- Оны қайдан білдің?
- Мен бәрін білемін. Сенің қалай дем алатыныңды, мұңайғанда сенен қандай дем шығатынын, қуанғанда қандай дем шығатынын, көзге көрінер көрінбес оң жақ бетіңдегі тыртығың қалай күлгенде байқалатынын, бәрін-бәрін білемін.
- Санжар, енді не болады? Үй-ішіңе не айтасың? Мен өзімді кешірмеймін. Менің бақытым үшін сенің отбасың, жалғыз қызың бақытсыз болмау керек.
- Нұрай, сен оны ойлама. Ол – менің шаруам. Менің күнім шықты, сен мен болдың, асылым! Енді маған артық бақыт та, қуаныш та керек емес.
Ерте ояндым. Сұмдық-ай, кеудемде қуаныш та бар, кеудемде қорқыныш та бар. Шай қойдым. Санжарымның киімдерін өтектедім, көйлегін иіскеймін, өзінің исі шығады. Қасына келдім, ұйықтап жатыр, ұйықтап жатып, жымиып күлімсіреді, көзі жұмулы, қолымнан ұстап, өзіне тартты.
- Оян, көзіңді аш.
- Қорқамын.
- Кімнен?
- Түсім емес пе?
- Түсің емес.
Көзінен сүйдім. Қолыма қарайды, алақаныма қарайды.
- Не іздедің?
- Өзімді іздедім.
- Таптың ба?
- Таптым. Енді мәңгілік бірге боламыз.
Екеуміз шай іштік. Ол мені жұмысқа алып келді. Жол бойы қолымнан ұстап келді, сөйлескен жоқпыз. Кешке жұмыстан шықсам, есіктің алдында тұр. Жүрегім ұшып кеткендей болды. «Менің Санжарым, менің махаббатым». Аяғым баспалдақты бір басып, бір баспай келе жатқандай. Қаншама жылдан бері жүрегім махаббат әуенін түңғыш рет естігендей, жоғалтқан жаһұтым табылғандай. Мәзбін. Санжар күлімсіреп маған қарай келе жатыр. Құшақтай алды.
- Неге келдің? Ұят қой.
- Кімнен ұят? Нұрай, ұялатын ештеңе жасаған жоқпыз. Сен менің жанымсың, жарымсың. Болды. Қазір, – деп ол қалтасынан екеуміздің баяғы неке туралы куәлігімізді берді. Нұрай, қарашы біз ажырасқан жоқпыз.
- Бұл қайдан жүр?
- Нұрайым менің! Санжар, сенен маған ешнәрсе керегі жоқ. Балаларымыз да болған жоқ. Мынау сенің пәтерің, менің де өз пәтерім бар. Сотқа бармай-ақ қояйық деп едің ғой.
- Иә... Бірақ сен екінші рет үйлендің ғой.
- Үйлендім. Мен Самалды алғанда оның екі жасар қызы болды. Бірге тұра бердік, некеге тұрып, куәлік алмадық. Самал қызын менің атыма жазғанымды қаламады. «Өз әкесінің атында болсын» деді. Күйеуі екеуінің арасында не болғанын анық білмеймін. Бірақ Самал оны күтіп жүргендей көрінеді...
Санжар мені Арыс жатқан ауруханаға алып келді. Арысты сыртынан көріп тұрмын. Қызық... жай бір танысым сияқты. «Менің тағдырым, менің махаббатым» деп, өмір бойы күткен Арысым қайда? Осы ма? Мүлдем жат, бөтен адам ғой. Сонда мен жастықтың жаққан жалынын сөндіргім келмей, қиялымнан «Арман Махаббат» жасап алған екенмін.
Он сегіздегі күйгенім де, күлгенім де, оның тағдырына қамығып, оны аяп жылағаным, бәрі – есімде. Сонда менде ғашықтық сезімнен гөрі аяушылық сезім басым болған сияқты. Және оның қарапайымдылығын, тазалығын жақсы көрдім. Ол маған ешқашан өтірік айтпайтын адал боп көрінді. Солай...
- Сендер әңгімелесе беріңдер, менің бір шаруам бар еді, бір айналып келейін. Санжар маған қарады, жүрегім шымырлап кетті, «кетпеші» деп айта жаздадым. Ол кетіп қалды. Өмір бойы іздеген, өмірімді берген Арысым қарсы алдымда отыр. Ал мендегі сезімнің қайда кеткенін өзім де білмей отырмын. Қал сұрасқаннан соң сөйлерге сөзім таусылып қалды.
- Нұрай, жағдайың қалай? Сөйлеші.
- Не сөйлеймін?
- Білмеймін, сөйлеші.
- Жарайды, сөйлейін. Данияр қашан шықты?
- Кеше. Нұрай, кешірші бір сұрағым бар еді.
- Сұра.
–Түсіңде мені көрдің бе?
- Иә, көретінмін.
- Мен де көп көрдім. Түнде де көрдім. Түнімен ұйықтай алмадым. Таңға жуық ұйықтап кетіппін, түс көріп, ояндым. Сенің қанатың бар екен. Екеуміз ылғи бірге ұшады екенбіз деймін. Нұрай, қанатың қайда?–деймін. Сен айтасың: – Қанатымды Санжарға бергенмін дейсің. Мен Санжарды іздеп кетсем, сендер ұшып барады екенсіңдер. Сенің атыңды атап, шошып ояндым.
Арыс түсін айтып болғанша әлсіреп қалды. Мен кінәлі адамдай Арысқа тура қарай алмай қалдым.
- Нұрай, су әперші. Кесемен су бердім. Менің қолымды ұстады, екеуміз де бір-бірімізге қарадық.
- Мен сенің мұнда тұратыныңды білген жоқпын. Торғайға кетті деп естігенмін. Алыс торғайға неге кеттің?
- «Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің» деп кеткем. «Сені іздеумен мәңгілік өтер едім» деген бір жігітке сеніп,- деп күлдім... Сондай бір жүрегімде жеңілдік бар. Көңілімде алаң жоқ. Көгілдір ашық аспандай. Бақытты екенімді күллі әлем сезіп, біліп тұрғандай.
- Қызық, Санжар Даниярға келмесе, кездеспегендей екенбіз ғой.
- Иә, Санжар айтпаса білмейтін едім.
Аузымды біреу құлыптап кеткендей, сөйлерге сөз таппаймын. Әйелін де, бала-шағасын да сұрағым келмейді. Ол да қарайды да қояды.
- Қой, мен қайтайын.
- Отыра тұрмайсың ба, Санжар келемін деп кетті ғой.
- Кете берейін, үйге аға-жеңгем келуші еді.
- Санжар әуре болатын болды ғой.
- Түк етпейді. Оның өз жолы, өз шаруасы бар адам ғой. Тез жазылып кет.
- Сен тілесең тез-ақ жазылар едім.
- Неге мен тілесем, әйелің, бала- шағаң тілейді ғой.
- Сен тілемейсің бе?
- Неге тілемеймін, тілеймін. Жазылып кет. Ал сау бол.
- Нұрай, егер уақытың болса, мен шыққанша бір рет келші. Мен әлі екі апта жатады екенмін.
- Жақсы, мүмкіндік болса.
Арыстың тағы да бідеңе айтқысы, сұрағысы келді, бірақ мен аялдамай кетіп қалдым. Санжарды да күтпедім. Санжар ешқайда кетпепті, машинасын көрдім. Үйге келдім. Біртүрлі еңсем түсіп, төсегіме жата кеттім. Өткен өмір кино лентасындай көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатыр.
Не деген тағдыр? Өмірдің баламасы мен үшін сен едің... Сенсіз өмірді жоққа баладым. Өзіңмен бірге болған азғана күндердің сәулесін жаныма қуат еттім. Сенсіз жерде сағынып, сен келгенде бедірейе қалатын мінезіме де сан рет лағнет айтпадым ба? Бақытқа қарай бет алып жүрудің орнына, бақыттан кері қашқан қасарысқан мінезіме неге лағнет айтпайын. Сен де өзгелерге ұқсамадың, шегінбеу керек еді. Әлде шегінгенді дұрыс көрген де шығарсың. Білмеймін ғой. Егер шын сүйген болсаң іздер едің. Ал бүгінгі сөзің не сөз? «Сен тілесең жазыламын» деген. Менің қай тілеуімді сен біліп едің? Таңды кірпік қақпай атырып, сені шақырғанмын, келмегенсің, Санжардың жүрегін ауыртып, аймалап, шын сүйген оған Арыс деп есім кеткенде, сен өз өміріңді жайбарақат сүріп жатқансың, Санжармен айырылысып, сегіз жыл қиялымда сенімен өмір сүргенмін, сені сан рет шақырғанмын, егер мені сүйсең соны сезбеуің мүмкін емес еді. Енді тілеуіңді тілейтін адамдарың бар, мен өз тілеуімді өзім тілеуім керек. «мәңгілік бірге боламыз» деген Санжарымның даусы құлағыма келді. Бәрібір маған ойлану керек. Енді қателік жасау маған жарамас. Санжардың әйелін, қызын жылату қалай болады? Өмір бойы елге айтқан ізгілік, адамгершілік туралы сөздерім қайда?
Есіктің қоңырауы безілдеп тұр. Санжар екенін біліп тұрмын, ашпадым, телефон шырылдады, алмадым. Таңертең балконнан қарасам, Санжардың машинасы есіктің алдында тұр екен.
Далаға шықтым, машинасының есігін ашып, қасына отырдым.
– Есікті неге ашпадың?
- Санжар...
– Түсінемін, ешнәрсе айтпай-ақ қой,– деп терең күрсінді. – Рұқсат болса, үйге кіріп, жуынып алсам.
Екеуміз үйге кірдік. Ол жуынды.
– Шай ішесің бе?
– Жоқ. Жұмысқа апарып тастайын.
– Жоқ.
- Жарайды, сау бол.
Ол есікке қарай кетіп барады, ол есікті жапса жүрегім үзілгелі тұр.
- Санжар, Санжар... кетпеші.
Екеуміз құшақтаса кеттік. Мен солқылдап жылап тұрмын, бауырына тартып құшақтап тұр. Шашымнан, көзімнен сүйіп жатыр. Мен таяқ жеген баладай ішімді тартып, солқылдап жылаймын.
– Болды, менің кіп-кішкентай балапаным. Кім ренжітті?
– Сен.
– Мен?
– Сен, сен мені тастап кетпекші болдың?
– А, солай ма?
– Онда мені жазала.
– Қазір,– дедім де, құшақтай алдым. Сол күні екеуміз де жұмысқа барған жоқпыз. Мен бақытымды таптым, мен сыңарымды таптым, мен қосылдым. Бақыт таңын екеуміз көз ілмей қарсы алдық, ұйқым қанбаса шаршайтын мен, түк те шаршаған жоқпын. Өмірімде мұндай сергек те болған емеспін. Кеудем ән салып тұрғандай, екеуміз шай ішттік, масқара болғанда екеуміз боз балалардай ғашықпыз, иығына басымды қоямын. Бөлінгім келмейді.
– Демалысымызды алып, алысқа кетеміз,- дейді менің көңілімді айтпай танып отырған Санжарым.
– Қашан?
– Келесі аптада. Нұрай, кеше мені күтпей кетіп қалыпсың? Арыс та тым көңілсіз отыр екен. «Нұрай асығып кетіп қалды, үйіне аға-жеңгесі келеді екен» деді. Мен үндемедім. Бәрін де түсіндім. Маған бір түрлі қызғаныш сезіммен қарағандай болды.
– Білмеймін, сөйлесе алмадым. Ол түсін айтты.
– Қандай түс, екеумізге байланысты ма?
– Иә. Ол бәрін сезіп отыр.
– Нені сезіп отыр? Айтшы, қандай түс көріпті?
– Сенің ұшатын қанатың бар екен. Екеуміз бірге ұшады екенбіз. Мен орныма отыруға келсем, сенің қанатың жоқ «қанатың қайда?» деп сұрасам. Қанатымды Санжарға бергенмін дейсің, мен Санжарды іздеп кетемін, қайта айналып келсем, Санжар екеуің ұшып барасыңдар, түсімнен шошып ояндым,– деді. Мен не дерімді білмедім, ол мені бағып отыр. Содан кейін отыра берудің де мәні болмады. «Енді бір рет келші» деді.
– Бару керек.
– Неге керек?
– Нұрай, сен оған бәрін бір рет айт. Ол білу керек. Айт, жарық дүние сен үшін Арыс болғанын айт, сен оны шексіз күткеніңді айт, сен оны ақылға сыймайтын сезіммен сүйгеніңді айт, сен оны сағат емес, күн емес, сәт сайын күткеніңді айт, сенің көзің ешкімді көрмегендігін айт, сен өз күйеуіңнен де оны көргің келгендігін айт, сол үшін бөлініп, сегіз жыл, немесе сегіз ғасыр жалғыз өткізген өмірің туралы айт.
– Құдай сақтасын, оның бірін де айтпаймын. Енді қалғаны оның білгені еді. Жоқ. Ол бірін де білуге тиіс емес.
– Нұрайым менің, өз мінезіне келді. Дұрыс, саған кішірейуге болмайды.
– Санжар, ал саған кім айтты, соның бәрі рас деп? Адам баласына бұлай жала жабуға болмайды.
– Нұрай, сен өкпелеме. Сенің Арысқа деген махаббатың – сенің адалдығың, тазалығың. Одан ұялмау керек. Мен сені сол тазалығың үшін сүйдім, өз сезіміңді өзің тербетсең, оның несі айып? Қызық мен Арысты да жек көрмеймін. Арысты көрсем мен оған көмектесер едім деп ойлайтынмын.
– Дұрыс, ал көмектес.
– Көмектесе алмайтын боп қалдым.
– Өзгере бергеніңіз қалай? – деп мазақтап, күлдім.
– Мен кешеге дейін оған адал едім.
– Енді не болды?
– Адал болмай қалдым. Менің өз Күнім өзіме оралды, мен оны ешкімге де сыйлай алмаймын.
– Санжар, әлде де асықпай ойлану керек. Менің бұл әрекетім адамгершіліктің, ізгіліктің ешбір рамасына сыймайды, өз бақытым үшін басқаларды бақытсыз ету қалай болады?
– Ол – сенің ойың. Менің ойым мүлдем басқа, мен аз ғана өмір болса да, тіптім бір сағаттық өмірім қалса да сүйгеніммен, сыңарыммен өмір сүремін, мен бақытты болу үшін басқалардан рұқсат сұрамаймын. Сен де солай бол. Кезінде сенің де көз жасыңа, көңіліңе қараған ешкім болмаған. Нұрай, қиялмен өмір сүрудің тарихына нүкте қойылды. Енді екеуміз, мәңгіге бірге өмір сүреміз. Менің Нұрайым маған ұл сыйлайды.
– Ұша берген денсаулыққа онша пайдалы емес, жерге түсіңіз. Сіздің Нұрайдың жасы?
–Жасы оның он сегіз.
– Жасы – оның отыз бес.
– Махаббат бар жерде ұрпақ болады.
– Шынымен айтасың ба? Одан үлкен бақыт жоқ шығар?
– Әрине жоқ, екеуміздің ұлымыз, тағы да ұлымыз, содан кейін қызымыз. Керемет!
– Көбейтіп жіберген жоқсыз ба?
- Көп деп айтпа, көзің тиеді.
Екеуміз бір-бірімізді құшақтап, мәз болып күліп жатырмыз. Талай заманнан бері мәз боп күлгенім осы шығар?
– Дүние бір-ақ күнде шыр айналуы мүмкін бе? Мүмкін бұл тосыннан соққан дауыл шығар? Дауылдың басылғанын күте тұрсақ.
– Тосын дауыл емес, бұл біздің өмір бойғы күткен дауылымыз. Мен бақыттымын мен бақыттымын, бәрің біліңдер, бәрің естіңдер, мен бақыттымын, – деп мені құшақтай алды.
- Біз бақыттымыз,– дедім мен.
... Санжар біржола келді. Үй-ішіне не дегенін білмеймін Сұрап едім, айтпады.
- Оның саған керегі жоқ, артық ақпарат басты ауыртады.
Санжар бір күні аяқ астынан жұмысқа келді. Шошып қалдым.
– Нұрай, Арыс ертең ауруханадан шығады екен. Қазір барайық.
– Қойшы, бармай-ақ қояйық.
- Жүр, машинаға барып, сөйлесейік.
Жұмыс аяғы болған. Екеуміз келіп машинаға отырдық. Ол тура ауруханаға қарай бет алды.
– Санжар, мені Арысқа апарып бергелі келе жатырсың ба?
– Жоқ, Арыстан мәңгіге өзіме алмақпын. Нұрай, түсін, осы жолы бармасақ, өкінеміз. Екеуміз қылмыс жасағандай, «қап, бара салмаған екенбіз» деп, жүреміз. Жүзіміз жарық болсын, мүмкін жақсы жолдас болып, кейін араласып та кетерміз.
– Санжар, құдай үшін, қиялдамашы.
- Қиял деген жақсы нәрсе. Ал келдік, мен бір сағаттан соң келемін.
Сөйлеуге мұрсат та бермеді. Арыс палатасында жалғыз өзі екен. Қуанып қалды. Екеуміз кеше ғана бір-бірімізге өкпелескендей, арада көп жыл өтпегендей сөйлесіп отырмыз. Сөйлестік дегенде, Арыс солай сөйлеп отыр.
– Нұрай, сен мені тыңдамадың ғой, болар-болмас нәрсеге бола қатты ренжідің. Саған айтып жеткізу мүмкін болмаған соң, хат жаздым, оны да жыртып әкеліп бердің. Мен саған қанша рет бардым. Есігіңді ашпайсың, мені көрсең бұрылып кетіп қаласың. Бір жағы кәрі шешем, екінші сен. Шарасыз жазған хатым сенің қолыңа түсіпті... Оны да өз қолыммен беріппін. Мен кітапханаға барамын, мына кітапты алып кетші деп берген кітаптың арасында жазған хатым бар екен. Сонда ол тағдыр болып тұр ғой.
– Арыс, оның бәрін айтып не қыласың, менің саған өкпем жоқ, сенің бақытты болғаныңа тілектес жанның бірі менмін.
– Е-е , бақыт дейсің бе?.. Шүкір, енді. Ұлды, қызды болдық.
– Нұрай, Санжар жақсы азамат екен.
– Оны қайтесің, Арыс. Өмірге еш өкпем жоқ. Біреулер мүмкін, мағынасыз өмір сүрді, осыныкі не өмір дейтін де шығар? Айта берсін. Өз басым өте әдемі, мағыналы өмір сүрдім деп ойлаймын. Дүние-ласқа былғанбай, қарапайым ғана тіршілігімді ұқсатып, өмір сүрдім. Еш адамға қиянат жасаған жоқпын, қолымнан келсе жақсылық жасадым. Бір арманым болушы еді. Сені көрсем деген, ол арманым да орындалды. Енді менде арман да қалмады өзі,–деп сөзімнің аяғын қалжыңға бұрдым.
– Арман жоқ деме, Нұрай, бақытты болуың керек.
– Арыс, отбасыңа сәлем айт, Алла өмір берсе, бұдан кейін араласып тұрайық.
– Шын айтасың ба?
– Менің өтірік айтқанымды көрген жоқ сияқты едің ғой.
– Нұрай, сенің бақытты болғаныңды көрсем, арманым болмас еді.
– Онда арманым жоқ деп есептей бер.
– Рас па? Санжар екеуің...
– Иә. Санжар екеуміз...
–Мен сезгенмін, осылай боларын білгенмін, түсті де тегін көрмеген екенмін ғой.
– Солай...
– Нұрай, мен тілектеспін. Қуаныштымын. Санжар сені бақытты етеді. Сен оған сен, бір ғана өтініш...
–Тыңдап тұрмын.
- Қырсық мінезді жөнге салсаң дұрыстау болар еді, – деп, риясыз күлді.
- Ол шіркін сүйекпен кетті ғой, сатсам да, ешкім алмайды.
–Неге, маған сатшы, мен қырсығыңды аулыма алып кетейін.
Екеуміз де мәз болдық.
Біз ертеңіне Арысты ауруханадан шығарып, Шелек аулына, отбасына апарып салдық, әйелі жаны қалмай күтті, балалары да сүп-сүйкімді, инабатты екен. Мен Санжарға өте жақын отырдым, оның жүрек тербелісінің ырғағын тыңдадым, ол мені жүрек-бесігіне салып, тербетіп отырғандай болды.
Біз машинаға отырдық, артыма қарадым. Арыстың әйелі алдында жуған кірлерін жая бастады. Қолында күйуінің жейдесі... Арыс ұлымен сөйлесіп тұр...
2004 жыл