Спорт

Жас көкпаршыларды қолдау қажет – ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев

Бес күнге жалғасатын дүбірлі доданың ақтық ойындары 23 тамызда болады

Алматы облысы, Талғар ауданында 2008-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында көкпардан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бес күнге жалғасатын дүбірлі доданың ақтық ойындары 23 тамызда болады. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев жас шабандоздардың аяқ алысын бағалады. 

«Өте тартысты, керемет ойындарға куә болып жатырмыз. Таңдай қақтырып жатқан командалар көп. Бұл көкпардың дамып жатқанының, жастардың көкпарға қызығатынының көрінісі. Ақтөбе облысы секілді күтпеген командалар керемет ойындар көрсетіп жатыр. Жамбыл облысы бүгін өте жақсы ойнады. Түркістан облысы кеше ешкімге мүмкінлік бермеді. Алматы қаласы топтан шығып, тартысты өнер көрсетеді деп үміттеніп отырмын», – деді ұлттық құраманың бас бапкері.

Көкпардан үш санат бойынша ұлттық құрама жасақталған: жасөспірімдер, жастар және ересектер. Биыл мамыр айында өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты мықты жас шабандоздар өсіп келе жатқанын көрсетті. Ақылбай Манкеев жасөспірімдердің де аяқ алысы жақсы екенін атап өтті.

«Кешеден бері 15-17 жас арасындағы жасөспірімдердің керемет ойынын көріп көкпардың келешегі жарқын деген ойға келдім. Кез келген ата-ана 15 жасар баласын көкпардай ауыр спортқа жібере бермейді. Жастарды спортқа баулу үшін жүлде тағайындаған дұрыс. Көкпарды спорт деп қабылдамай, көкпар десе «жүлдеге не берді?» деп сұрайды. Қомақты жүлде тіксе жастар спортқа қызығады», – деді ұлттық құраманың бас бапкері.

Бас жаттықтырушы Ақылбай Манкеев жасөспірімдер арасында ойнап жүрген спортшыларды ұстап қалу қиын екенін айтып отыр. 

«Жасөспірімдер бір жарыста өнер көрсетеді де, келесі жарыста оларды таппай қаламыз. Биыл ұлттық құраманы жасақтағанда көп баланың қайда жүргенін таба алмадық. Жаттықтырушылардың өзі білмейді. Ұлттық құрамаға алынып, бірақ қайда жүргені белгісіз жас көкпаршыларымызды іздеп табуымыз керек. Бапкер баласын жібермей ұстап отыруы керек. Өзім де бапкерлікті жасөспірімдерден бастадым. Жас өрендерді ешқайда жібермей, барынша алып қалуға тырыстық. Кей өңірлерде, мысалы, Қызылорда облысында не федерация, не мектеп, не клуб жоқ. Жай бір ғана бөлім. Олар барлық жарысқа тыңғылықты дайындықпен келіп қатысады. Бір жарысты қалдырмайды. Ислам ағай шапқылап жүр. Сондай жанашыр бапкерлердей көкпарға жаны ашитын бір-бір федерация пайда болса жастарымыз жақсы нәтиже көрсетеді», – деді Ақылбай Манкеев.

Қызылорда облысынан келген жас шабандоз Ерсайын Сейсенбек өңірде көкпар мектебі ашылса дейді.

«Бабымыз келіп тұрса да, бағымыз жанбады. Аттарымыз да жаман емес, қарсыластарымыз да мықты болды. Келесі жарысқа дайындықпен келеміз. Командадағы балалар Жаңақорған мен Шиелі ауданынан жиналды. Ағайымыз Жаңақорғанға үйіне шақырып дайындайды. Әр бала ат алып келеді. Кейде ағайдың аттарын алып дайындаламыз. Енді ауданымызда мектеп ашылса дейміз», – деді көкпаршы Ерсайын Сейсенбек.

Дүбірлі додаға Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау, Жетісу облыстарынан 14 команда жиналды.

Жүлде қоры 8 250 000 теңгені құрайды: Жеңімпаз командалардан бөлек «Үздік шабуылшы ат», «Үздік қорғаушы ат», «Үздік жекпе-жек ат», «Үздік ойыншы» номинацияларының жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ие болады.

Чемпионатты ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Қазақстан Республикасы «Көкпар» федерациясы» РҚБ мен Алматы облысының әкімідігі.

Чемпионаттың бас демеушісі – Самрұқ Қазына компаниясы

Бас серіктесі – Спортты қолдау қоры.