Күн-Жария

Гүлтас Құрманбай: апамның ережелерімен өмір сүрдім

«Тәкті» естімеген ұл мен қыз өскенде тексіз атанар

(Асыл әжем Қалбүбі Әбдірахман қызының рухына арнадым)

«Апам» деп отырғаным – менің әжем, әкемнің анасы. Мен ол кісінің тұңғыш немересімін. Ол кісі 1913 жылы өмірге келіп, 1993 жылы өмірден өтті. Қарапайым қазақтың қызы, азаматтың жары, келіні, апасы, әжесі болған адам. Алған білімі де жоқ. Білімі жоқ болса да, өмір сүруде сауатты болды. Басты ерекшелігі – адалдығы, адамдармен қарым-қатынастағы «сауаттылығы» еді. Ол кісіде адамдарды алалап, бөлу немесе біреуді өз мақсаты үшін көпір ету, өсек, өтірік айту деген атымен болған емес. Иә, елге жағымды болды, себебі жарқылдаған ашық-жарқын  мінезі болды, көңілі де, пейілі де кең еді. Өзінде бар болсын, жоқ болсын кісінің сұрағанын тауып беретін. Жоқ болса қалай тауып береді дерсіз? Көбінде көршілер қарызға ақша сұрап келеді. Апамның өзінде жоқ. Сонда: «ойбуй, ене (көрші апалар болса), немесе, келін-ау, ұмытып кетіппін, отыра тұрыңыз, мен қазір келем» деп шығып кетеді де, көрші Шұлғаубай ақсақалдың үйіне жүгіреді. Ол кісі ауылдағы ең бір қалталы кісі болатын. Апамды «Қалеке» деп сыйлайды. Не керек, сол кісіден өзіне керек болып қалды деп,  ақшаны алып келеді. Кейде тез, кейде кешігіп қалады. Сөйтіп қайтып келіп шайын бірге ішіп, сұрап келген бұйымтайын береді. Бүгінде ойлаймын сұрушылар да апамның бұл әрекетін жақсы біледі. Бірақ білмегенсіп отырады. Қуанып кетеді. Ол кісі үйден шығып кеткен соң, апам  йығынан бір жүк түскендей, өзіне-өзі  риза болып, шайын баптап ішіп алады. Апамның бұл кезде қасында болып, бұл «қулығын»  білсем: «апа, осы әдетің не? Өзіңде жоқ қой, жоқ деп неге айта салмайсың. Шұлғаубай атаға  барып, осы кісі үшін өтірік айттың. Бұл кісі Шұлғаубай атаға өзі барса, болмай ма? Одан кейін осы кісі  ақшаны уәде еткен уақытында бермесе, өз жаныңнан күйіп жүресің. Апа, мен талай рет көрдім ғой»,– деймін.

  • Е, шырағым-ай,  албаты кісіге бұлай жасамаймын ғой. Қайтеді енді... Маған сеніп келген соң, қалай меселін қайтарамын? Шұқаңның үйін бұл кісі де біледі, бірақ Шұқаң бере бермейді. Ал мені біледі.
  • Жаныыыым сол, апатайым! Мейлі осылай болып жүре бер,– деп еркелеп құшақтаймын, омырауынан құшырлана иіскейтінмін.
  • Е, сөйтсеңші, апаңа  ұрыспай. Құлыным менің, ертең сен де бір елге келін, ене,  мен сияқты апа боласың, сонда өз басыңа да дәл осы жайлар  келетін болады...

Міне,бүгін 2025 жылдың 11-наурызы. Апамның  (1993 жылы, 11-наурызда) өмірден өткеніне 32 жыл болды. Ол кезде де рамазан айы болатын. Апам кетті... Апам ғана кеткен жоқ, менің балалық дәуірім кетті, менің байлығым, қазынам кетті, көк майса жанжайлауым кетті. Жанымды мұнар мұң басты. «Қой енді, шүкірлік ет, әкең бар, анаң, балаларың бар. Жылағанмен апаң қайтып келмейді. Ақылың бар еді ғой. Апаң өлген жоқ, сен сияқты қызы осылай жоқтап отырғанда, ол өлуші ме еді? Енді апаңның рухы сенің жаныңда болады, сырыңды да, мұңыңды да естиді. Қуанып жүрсең, апаң да қуанады. Одан да беліңді мықтап байла да, апаңды шығарып сал. Сен үйден шықпай жылап отырсаң, апаң көп ішінен сені көрмесе, «Гүлтасым көрінбейді» дейді ғой». Міне, көп жұбатудың ішінен апамның сүйікті қайынсіңлісі Сындаркүл әпкемнің тоқтамы маған тоқтам болды.

Алматыға апамның жетісін өткізіп бірақ қайттым. Бұрын үйден шығарып салатын апам бұл жолы қыр басынан шығарып салды.  Басына бардым. Топырағын жамылып, жаны байыз тапқандай үнсіз жатыр екен. «Апа-ау» дедім. Ол үндемеді. Ол тірі күнінде де «апа, апачау» дегенімде «ау» деп саңқ ете қалатын да, сөзімді бөлмей мені тыңдайтын. Бұл жолы да сол әдетіне басты. «Апа, жаным апам. Сен топырақты ерекше жақсы көруші едің-ау! «Жарықтық, бұл топырақты қойсаңшы. Білместің емі ғой. Айналайын, Алла Тағалам Адам атаны топырақпен судан жаратты. Басқадан жаратса, құдіреті жетпей қалды дейсің бе? Сондықтан біз топыраққа ұқсаймыз, иә, топыраққа ұқсасақ жаман болмаймыз, балам. Дарқандықты да, даналықты да, қарапайым болуды да топырақ үйретеді» деуші еді. Есіңде ме, апа, менің ыстығым қатты көтеріліп ауырғанда, таңертең ерте  жалаң аяқ топырақпен жүргізіп, шық басқан шөпке аунатып алып едің ғой. Мен тез-ақ жазылып кеткенмін. Ал қолымды оңдырмай шыны кесіп кеткенде де, кесіліп, қанап тұрған  қолыма бір уыс топырақты сеуіп, қанды тоқтатып едің. Ал енді өзің топырақтың құшағындасың. Астыңдағы төсенішің де, жамылғың да топырақ. Тіршіліктегі бар ауыртпалықты шешіп тастап, «тіршілігіңде, шіркін-ау, су әулие ғой» деп, екі шелек суық суды  басыңнан құйып алып, рақаттанушы едің ғой. Дәл солай соңғы рет су-әулиемен ғұсыл  алғызып, аппақ бұлдан кебін кигізіп, мәңгілік мекеніңе, құдірет деп санаған топырағыңа әкеп тапсырды. Білем, жан апам, тәнің мен жаның сол күні-ақ екі айырылғанын. Қазір топырақ жамылған сенің тәнің, иә тәнің. Тәнің болғанда, ол маған жат емес, мен жақсы көретін қарулы қолың,  басың,  аяғың, бүкіл ғаламды, бүкіл адамның баласын  сыйдырып тұратын алып кеудең, жүрегің осы топырақпен бірге, ал Рухың сенің Көкте! Мәңгілік Көкте! Қазір маған қарап тұрсың ғой. Сабыр сақтап, үндемей тұрсың! Әлде үйренісе алмай жүрсің бе? Жан апа, әлі-ақ, мен білетін, жұрттың бәрі білетін Қалбүбі болсаң, көп достар, көп жамағат тауып бәріне сүйкімді боласың. Ең алдымен, апатайым, сен Алланың сүйгенісің! Иә, оған күмәнім жоқ. Өле өлгенше кәлимаға тіліңді келтіріп, Алланың жалғыз екенін айтып, біз оның құлы, Мұхаммед пайғамбар (ғ.с) оның Расулы, біз оның үмбеті, төрт шадиярдың досымыз деп айтудан, жүрегіңмен айтудан танған емессің, біздің де санамызға осы бір Ұлы Сананы сіңірген өзіңсің ғой. Солай достарыңмен бірге сүйікті Расулдың шапағатымен Жан Алламның қасындасың. Апа, Құдіретті Аллаға, ең сұлу, ең көркем пайғамбарымызға (ғ.с) мені де жақындатып кеттің. Құмарлығымды, құштарлығымды арттырдың! Менің де арманым, үлкен арманым – Сендермен бірге болу! «Асықпа, қызым, асықпа!» деп тұрсың. Сездім, жүрегім естіді. Апа, асықпаймын. Мынау жердегі 100 жылың – Аллла өлшемінде қас-қағым уақыт. Қас-қағым уақыттан соң өзіңмен бірге болам! Апа, қайыр, қош!

Міне содан бері  32 жыл өтті. Аппам менімен бірге.  Апамды ойламаған, есіме алмаған күнім болған емес. Оның қолданған, жиі айтатын мақалдары, сөз оралымдары да менімен бірге. Бүгінде халық даналығы мақал-мәтелдерді жиі қолданбаймыз. Мақал-мәтел дейсіз, қазақша сөйлейтіндер де азайып барады. Жастар да, жасамыстар да тек орысша сөйлейді. Орысша сөйлеп, мәңгілік орысқұлы  болып тұрғанын түсінбейді. Амал не?..

11 наурыз, 2025 жыл

Мынау төмендегі сөздер, апамның сөздері, апам жиі қолданған құт сөздер. Жан апам бір өзің бір Қазына мектеп едің–ау!

  • Қызым, басыңды жоғары көтеріп сөйле, көзіңмен шындықты айт.
  • Бүгежектемей, айтар ойыңды тура айт.
  • Баяғыда өткенін(бергенін) езіп айтып отыратын жаманға ұқсама.
  • Басың аман болса, мал да бітеді, жан да бітеді.
  • Ер азаматтың бағы – бабын табатын жары.
  • Қисалаңдап жүріп, «қыдырып  жүрмін» деген жараса ма? Ондай адамда қандай абырой бар?
  • Кеудесін тіктей алмаған, кімге сөзін өткізер дейсің?
  • Өзгенің дастарқанынан асты сыпырып алып, бала-шағасын асырай ма? Ол неге жетеді?
  • Балам, астан да, тойдан да  өзің қолыңды созып  ас алма, сөмкеңе салма, ол – жараспайтын іс.
  • «Тәкті» естімеген ұл мен қыз өскенде тексіз атанар.
  • Дастарқанын таза ұстамаған  үйде береке болмайды.
  • «Сумақай» деген жақсы ат емес.
  • «Сүмелек» деген де жақсы емес.
  • Сыйыңды кетірме, барған жерің жайлы екен деп отырып (жүріп) алма.
  • Тегін ас екен, тегін шарап екен деп, іше берме! Ішкен ас ертеңге жетпес, сыйластық көңілден кетпес. Сұлу торы аттай сырыңды берме.
  • Бас киіміңді таза ұстауға өрең жеткендей аяғыңды да таза ұста. (Оған көмекшінің керегі жоқ) Дос басыңа, дұшпан аяғыңа қарайды деген де бар.
  • Кішкентай қиындық келсе, қара түнек боранға айналма! Үлкені келсе қайтесің?
  • Қарт адамға қақшаңдаған жараспайды екен. Әр нәрсе өз уақытында көрікті.
  • Қарияға жарасар жымиып қана күлгені, шамасын-шарқын  білгені.
  • Кәрілікте қуатыңды алғаны – жастарға жол бер дегені болар, Жанарыңды алғаны – жарым-жартылай көр дегені болар, құлағыңнан алғаны – естімейтінді естімей-ақ қой дегені болар.
  • «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны». Бергеннен кедей болмайсың.
  • Қонақпен бірге құт келеді, қонақ шақыра беріңдер.
  • Күн шыққанша ұйықтаған адамнан Күн ұялады екен. «Апыр-ай, сенің ұйықтап жатқаныңды білмей қаппын» деп. 
  • Нас басқан адам түске дейін ұйықтайды, оның денесінен  ұйқының сасық иісі шығады.
  • Таңда тұрған адамнан  таң жұпарының иісі шығады. Олар сұлу болады. «Таңсұлу» деп сондай қыздарға айтқан ғой.
  • Бүгін сенде болса, ертең онда болады. Бақ дәулет қыдырып жүреді, қайда ынтымақ болса, сол үйге қона кетеді. Солай, балам, ынтымақ керек.
  • «Замана айналып тұр терісіне, жылқының сыйыр шықты өрісіне» деген заман келді-ау.
  • Ұрпағымыздың  заманы қандай болар екен? Бірінің үйіне бірі бармаса жат болмағанда  не болды?
  • Тусыңның, досыңның үйіне құр қол барма! Болмағанда, нанның бірнеше түрін алып бар. Барған үйіңде нан болмай қалса, қысылып қалады.
  • Бұдан жаман күнде де тойға барғанбыз. Шүкір, қазір бәрі бар.
  • «Жоқ» деп айтпа, Алла бар дегенді – бар қылады, жоқ дегенді – жоқ қылады.
  • «Жақсы адамның өкпесі – шәй орамал кепкенше, жаманның өкпесі – басы жерге жеткенше» деген рас сөз.
  • Ұмытшақ ауру жаман ауру емес, тегінде. Кейбір ұмытпайтындар: «Сендер ұрсысып қалған жоқ па едіңдер?» дейді. Мен: «қашан, есімде жоқ деймін»
  • Адамның дұшпаны туа дұшпан болмайды,  кезінде достық көңілде болып, алыс-беріс те жақсы болады. Кейін  көлденеңнің  көре алмауынан, өштік пен қасастықтан араға салқындық түседі.Суынған жан жылы сөз айтпайды ғой... солай ара ашыла береді.
  • Балам, араларың суып кетсе де, көзінше де, сыртынан да ғайбат айтпа. Ол жараспайды, ол – ұят нәрсе.
  • Рақымбай атаң жалалы болды, үстінен арыз түсіп, бір түнде  алып кетті. Біраз қараңғы қапас түрмеде, суық жерде жатты, Түрмеде аяушылық болушы ма еді?.. Содан ақталып шықты ғой, бірақ көрер жарығы көп болмады. Өкпеге суық тиген, әрі тепкілегенде зардап шеккен.  Содан 34 жасында дүниеден өтті. Өлерінде: «Қалбүбі, балалар кішкентай. Оларды енді өзің жеткізесің. Кейін біреулер балаларыма:  «сенің әкеңді анау бір кісі көрсеткен, үстінен арыз жазған деп» айтатын болса, сен айтқызба, елдің сөзін теріске шығар. Өткен өтті. Ағайын арасы ажырамасын. Елден кетпе, балаларым осы өз елінде өссін» деп еді.
  • Атаң: «ұрпағыма өсиет болсын. Ешқашан біреудің сыртынан арыз жазбасын, қиянат қағазға қол қоймасын.  Егер олай жасаса, мен көрімде тыныш жатпаймын. Рақымбайдың баласы сондай қарабет  болды дегенді естіртпесін. Аш болар, тоқ болар, бірақ адал болсын» деп, екі ұлын маған аманаттап кетті.  
  • Барыс-келіс те керек, алыс-беріс те керек. Өмірдің заңы – осы.
  • «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады, қоймай жесең, нең қалады деген, шырағым. Бар екен деп, ысырап жасамаңдар.
  • Қыз баланың жасауын жастай ойла. «Алтысында жинасаң, асырасың, жетісінде жинасаң, жеткізесің» деп отыратын шешелеріміз. Қолға түскен жақсыларды жинай бер.
  • Жиналып-теріліп отырсаң, көзге түрткі, елге күлкі болмайсың. Қартайған кемпір-шалы бар үй қамсыз отырмағаны абзал.
  • «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады». Елден асырма, көптен қалдырма.
  • Ұрпағыңның «апам-ау» деп, жылап тұрғаны қандай жарасымды.
  • Қыз – үйдің шам шырағы, қадірлі қонағы. Қызды күтіңдер, қарлығаш құстай аузыңа су тамызатын осы қыздарың болады.
  • «Қыз ғана тапты» деп, келінге ауыр сөз айтпа! Алланың бергенін  алмаймын деп айта ма екен? Қыз тұрмақ қызыл жүнге зар болғандар бар.
  • «Атасы басқа аттан түс, атасы бірге атқа мін» деп  айта беруші еді. (Ағайынның бірлігін, бауырмалдығын ойлаған екен).
  • «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп, көршілерін  мақтап отыратын еді.
  • Шырағым, ағайынның арасы – ет пен тырнақ. Тырнақты етінен ажыратып көрші. Ауырады ма? Ағайын да солай.
  • Бақадай бақылдай берген қатында қандай қасиет бар дейсің?
  • Істің жөнін білмейтін салақ әйелден жаманды көргенім жоқ.
  • Ессіз еркек пен қырсық есектің айырмасы жоқ.
  • Еркекте сес болмаса, қатында ес болушы ма еді?
  • Долы қатынды армия да жеңе алмайды. Бірақ соғысқа долы қатындарды алса, олар дұшпанмен жақсы соғысуы мүмкін.
  • Адам қиналғанда өз жақынын іздейді. Енді қайтеді?..
  • Алты алаштың  баласы аман болсын! Сонда ғана бейбітшілік заман болады.
  • «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деген. Жаман қатын ері үйіне алып келген қонағына шай бере алмаса, өлмегенде қайтсін.
  • Таспен үрғанды аспен ұр деген. Шын пейіліңмен шай да бер, ет те бер.  Бір асым еттен кедей болып қалмайсың.
  • Қанағаты жоқтан қорық. Ауылдағы арықтың суын өз шарбағына бұрып, таңға дейін қолданып, аузымұрнынан шыққанша суарып, сонда да «болған жоқпын» деп, жұртқа су бермейтін адамнан өткен жаман адам жоқ.
  • Атпен келе жатқаныңда жаңбырдың астында қалсаң да, үйге қарай шаппа. Еріп кететін қант па едің, тұз ба едің? Үйге қарай шабу – жаман ырым.
  • Еріншектен гөрі жұмсағанға жүгіретін ит артық.
  • «Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма». Айтарыңды тез айт, елдің уақытын алма.
  • Баласына боқтық үйреткенді – кеще де. Ертең өскенде ол бала кімді оңдыртады, қай ортаға сыяды?
  •  Әйеліне көңіл бөлмеген еркектің өмірі күндіз терезесінің пердесі ашылмаған қараңғы үйге ұқсайды. Әйелінің көңілі жарым болса, ол жарықты қайтіп жағады.
  • Жуған кірдің суын ағып жатқан арыққа төккен әйелден (қыздан) арам жан болмайды.  Кірдің суын шашпай, аяқ баспайтын жерге апарып төк.
  • Түйе үсітнен сирақ үйтпейді. Істің жөнін біліп істе.
  • Малдың ішек-қарнын жууға ерініп, қоқысқа тастаған – кесірлінің ісі. Тап-таза етіп жуып, иісін кетіріп, майға қуырса, одан асқан дәмді ас болушы ма еді?
  • Салақ қатын малдың басын шала ұйтады,  ет асқанда бастың құйқасымен бірге жүнін де асады. Сол дұрыс па?
  • Салақтан олақ жаман. Нан ашытып, күллі жерді ұн қылатын, сыпырасының кірінен адам шошитын  әйелдің асын ішпе!
  • Сыйырдың емшегін жуып, сүртіп алмай  сауатын әйел де оңған әйел емес.
  • Салақ әйелдің жаққан оты мұржадан емес, шұрық тесік пештің аузынан шығып тұрса,  кімге ренжисің? Пештің алды, плитаның жаны сыланған, ақталған болса, мұржасы тазаланған болса, түтін жөнімен үйдің ішіне емес, үйдің төбесіне кетпей ме?
  • Шырағым, алғашқы түймеңді дұрыс түймелесең, басқасы да дұрыс болады. Алғашқы балаңды дұрыс тәрбиелесең, кейінгі балалар да дұрыс болып өседі емес пе?
  • Атаңа ауыр сөз айтпа! Атаңды туған сен емес.
  • Үйіңе қонақ шақыруға жиһаз жоқ деп сылтау іздеме, қонақ жиһаз жемейді, тамақ жейді.
  • Асты пейіліңді салып пісір. Қонаққа кесені сол қолыңмен ұсынба. Оң қолыңмен беріп, оң қабағыңды  таныт.
  • Қарт кісілерді қонақ етсең, тамағың  дәмді, жұмсақ болсын. Үлкен кісілердің тісі өтпейтін, тәбеті шаппайтын тамақты берме.
  • Шайдың екі-үш түрін дайында. Тары қосылған сүтті шай, жай қара шай, немесе көк шай. Таңдағанын сұрап ал. Кесені тым толтырма, тым кесенің түбіне құйма.  Кесені ұсынғанда оң қолың кесені, сол қолың оң білегіңді ұстасын. Басыңды иіп тағызым ет.
  • Тамақты қойғанда да, дастарқаннан алғанда да ілтипатпен иіліп тұр.
  • Қонаққа тамғыңнан бұрын қабағыңды бер. Жүзіңнен нұр төгілсін, зәр емес.
  • Жақсы әйелдің шайын ішіп болғанша, еті піседі, енді қонақтар қолын жуып келгенше еті қазаннан түседі.
  • Жомарттық жолыңды ашады. Өле жегенше, бөле же!
  • Келіні жақсы ененің өмірі – жаз, келіні кесір ененің жазы да – қыс.
  • Үйіне үлкен кісілер келсе, келін басына орамалын тартып, көйлегін кисін. Шашы дода, бөксесі мода болмасын.
  • Жақсы әйелдің әрдайым бір қазы, бір жілік еті асылып мұздатқышында тұрғаны абзал. Одан басқа да дастарқанның сәнін келтірер өрік мейіз, жаңғақтары артығымен болғаны дұрыс.
  • Үйде әйел адамдарға, ер адамдарға, балаларға беретін сыйлықтардың да тұрғаны абзал. «Қуыс үйден құры шықпа» деген бар.
  • «Барыңда батып іш, жоғыңда сатып іш» деген дұрыс емес. Үнемдеп ұстасаң ұтарсың, үнемсіз болсаң байыңды да жұтарсың.
  • Ер адамның жаңа туған қатын құсап жатқаны кесір болады, берекені қашырады.
  • Еркектің тапқанында береке бар.
  • Еркектің көркі – еңбек. Еңбек абырой әкеледі. Сүйкімді боласың.
  • Сүйкімді жанға өмір сүру жеңіл.
  • Еңбегі болмаса, тапқаны болмаса, қожыраңдаған еркектің еркек аты құрысын.
  • Әйеліңнің тапқаны адал, көңілі таза болса алақаныңа салып, жылы сөзіңді аяма.
  •   Балаларыңды бетімен жіберіп, басыңа шығарма! Үй тәртібіне көнбеген  бала ібілске жолдас болады, түбі жақсылыққа апармайды. Балаң адам болсын десеңдер өздерің жақсы  өнеге көрсетіңдер.
  • Өтірік айтып өрде жүргенің – көрер көзге көрде жүргенің.
  • Кісінің кемдігіне күлме, өсекшінің сөзіне ерме. Сол – дұрыс.
  • «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен». Адам адам баласынан дүниесімен озбайды, адамдық арымен, кісілігімен озады.
  • Ата-анаңның көзінің тірісінде, қуатының барында жақсылығыңды аяма. Бармаған жеріне барғыз, көрмеген қызығын көргіз. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтылмайсың» деген де бар.
  • «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын».
  • «Жаманның барынан да жоғы жақсы».
  • Ешнәрсе бөліп бермесең де, тілеуін тілесеңші.
  • Жағдайын көріп отырып, көмек бермесең кісілігіңе сын.
  • Тым ашық болсаң өзіңде қалмайды, тым сараң болсаң жұртың қарғайды. Өзіңе де қалсын, жұртқа да бер.
  • «Атасы бөлек – аттан түс, атасы бірге атқа отыр» деп, жаугершілікте жаудан қашып келе жатып, мінгестіріп келе жатқан баласын аттан түсіріп, өз бауырын алып кетіпті. Е-е-е, бауыр дегенді қойсаңшы» деп күрсінуші еді.
  • «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады». Ол да сын.
  • Бүгінде (қартайып, көмегім азайғанда) жаман болсам, болған шығармын, кезінде мен де «Қалаке» болғанмын.
  • Берерің болса есігіңді ашады, берер түгің болмаса сырт айналып қашады. Ондайды талай көрдік қой.
  • Жаман болма, қайраттан, тұр орныңнан, сен менің қызым емессің бе!
  • Жасқағанға жаси берсең, кім боласың?  Сені күресінде өскен гүл болсын деп емес, тасқа біткен гүл болсын деп атыңды Гүлтас қойғанмын.
  • Өс, балам, қимылсыз отырсаң сал боласың, жамандардың жолына ерсең мал боласың.
  • Бойыңдағы талантыңды көрсет, көреалмағандардың іші күйсін, достарыңның төбесі көкке тисін!
  • Мен оқымай қараңғы болып қалдым, оқысам, Құдай біледі, аттан да түспес едім, ақылдан сойылым, сөзден жебем болар еді.
  • Атаң Рақымбай: «Қалбүбі, ауылдың салпы етек қатындарындай болма, киіміңді жарасымды етіп ки. Бойыңды тіктеп жүр» дейтін.
  • Атаң: «Көзі ашықтың сөзі ашық. Міңігірлемей анық сөйлегенді жақсы көремін» дейтін. Өзінің даусы саңқылдап тұратын. Ел басқарды. Рақымбай сөйлегенде жұрт жөтелуден қорықатын.
  • Рақымбай жүргенде ғана емес, аттың үстінде де бойын тік ұстап,  салтанатын көрсетіп жүретін.
  • Атаң өмірден өткеніне жарты ғасыр, елу жыл болды. Ол 1943 жылы 29-тамызда  34 жасында  өтті. Мен 30 да едім. Міне атаң көрмеген қызықты көрдім. Қиындықты да көрдік. Ештеңе жоқ. Жаман күндер артта қалды. Тәубә.
  • Атаң сылбыр атты, былжыр еркек пен салақ қатынды жек көруші еді.
  • 1992 жылы, жазда. Алматыдан Таразға машинамен  келе жатырмыз. Жол жөнекей иесіз қалған, есік-терезелері алқам-салқам, үңірейген төрт-бес қабатты үйлерді (әскеи) көргенде апамның айтқаны: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген.  Сәбеттің жаназасы шықты. Енді қайтып тірілмесін. Жаңа ел, немене, тауы бар, тасы бар, топырағы бар, цементі бар әлі-ақ жайнатып жаңа үйлер соғып алады. Тек соғыс болмасын, тыныштық болсын».
  • Ыдыстың кірін нан содасы кетіреді, мен ойлаймын, осы ыдыстың ғана емес, адамның ішінің де кірін, татын кетіреді деп. Тамағыңды тұз бен нан содасын қосып шайсаң, әп-сәтте жазылады.
  • Еее, шырағым,  тірі адамға жала жауып, жамандасаң тірі адам қарымтасын өзі қайтарады. Ешқашан өлген адамға жала жаппаңдар, тіріліп келіп жағаңнан алмаса да, о дүниеге барғанда  алдыңнан шығады, Сұрауға түскенде өзіңе өте ауыр күнә болады, тозақтың есігіне  апаратын тірі күніңдегі амал-әрекеттерің.
  • Таразы деген  миыңның ішінде тұратын өлшегіш. Таразының екі басы бар, Шындық пен  өтірік. Бір басында Періште, екінші басында шайтан. Шайтанға ырық берсең,  бар бағалыларыңнан, қымбаттарыңнан айырыласың.
  •  «Қызды қырық үйден тыю дегенде, қырық үй қызға ұрсып, ескерту айтып жатпайды. Қыздың өзі сол ауылдың адамдарынан ұят болады деп, ұятсыз іске бармайды.  Ата-анасының бетіне салық етіп, «қызың әдепсіз» десе, масқара  ғой де, өзін өзі тәртіпке салып жүреді.
  • Санын жалтыратып, омырауын салбыратып көрсетіп жүргеннен сұлу бола ма екен? Одан да,  бірақ жабайы болып, жалаңаш боп неге жүрмейді?
  • «Аштықта жеген құйқаның дәмі естен кетпес» деген рас-ау. Аштықта таудан алғы тамырды жинап, қайнатып, кептіріп, ұнтақ етіп, быламыққа қоссаң,  аз ғана быламық бір қазан болушы еді. Дәмі бүгінге дейін таңдайымда.
  • «Садағаң боп кетейін. Дідарыңнан садақа»деп көп айтушы еді.
  • Ессізге есті сөз айтудың өзі – ұят.
  • «Қайран сөзіңді жаманға арнама. Миына  құрт кіргенді адам сөзі емдей алмайды. Санасына сәуле түссін!
  • Ей сорлы әйел, ұрпағыңды  улама! Ағайынға  айдап салма! Сен кетесің, сен кеткен соң балаларың ащы запыран жұтып қалады. Миындағы сен салып кеткен қара дақпен өмір сүру балаларыңа  қиын болады.
  • Аш баланың қасында борпылдап нан жеп тұру – ұят. Сіңірі шыққан кедейге  дәулетіңді айтқан ұят. Жақсы болсаң дәулетіңнен бөліп бер, қайырымды бол.
  • Қауқары жоқ қарияға қарас. Ол қария да жігіт болған... Аман болсаң сен де сондай боласың.
  • Қазымыр болған жақсы емес, «баяғыда ол солай деген, оның әкесі сондай еді» деме. Әр адам өз ісіне өзі жауап береді. Сен ол адамның кінәсін айтсаң, күнәсін көтересің.
  • Балам, бар болдым екен, бай болдым екен деп тасыма. Бұл дәурен құбылмалы. Сондықтан аштықта да, тоқтықта да адами қалпыңды сақта.
  • Балам, кісінің өзімен талассаң да, бағымен таласпа. Бақ Жаратушыдан беріледі.
  • Ел ішінде шайпау қатын да, дөрекі ер де бола береді. Соған қарап, елдің бәрі солай екен деме.
  • Ас берсең де, той берсең де мақтанға салынып, жұрттан асамын деме. Қарапайым болыңдар.
  • «Мен шындықты ғана айтамын» деп шапылдап тұрған ер болсын, әйел болсын  өзінің таяздығын көрсетеді.
  • Ағайынмен тату бол. Одан жақын  ешкім жоқ. Бар болсаң  – қарас, жоқ  (дүниең) болсаң  қара шай ішіп отырсаң да жарас.
  • Туған бауырыңа  жаның ашымаса, бір анадан туғандығың қайда? Бүгін сен жасағанды ертең балаларың жасайды. Сол дұрыс па?
  • Қызым, жақсы қыз болдың, енді бойжеттің, жарыңа жақсы әйел, еліңе жақсы келін бол. Көргенді келін деген атқа ие бол.
  • «Көргенсіз» деген ат алсаң, еліңе, анаңа, маған сын.
  • Шырағым, қолың ашық болсын, жомарттық жолыңды ашады, сараңдық берекеңді қашырады.
  • Мені қалай жақсы көрсең, енеңді де, сол елдің үлкендерін де дәл солай жақсы көр. Ертең-ақ енеңе көрсетсең, алдыңа сол келеді.