Күн-Жария

Қазақстанда жас жол инспекторларының слеті өтіп жатыр

Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана жол-көлік оқиғаларынан 135 бала көз жұмған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп,         жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын балалар жарақаттарын азайтуға бағытталған Жас жол инспекторларының (ЖЖИ) республикалық слетін өткізуде.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана жол-көлік оқиғаларынан 135 бала көз жұмған. Ал Еуропалық көлік қауіпсіздігі кеңесінің ақпараты бойынша Еуропа елдерінде жол апатынан болатын балалар өлімі жылына 100 мың балаға шаққанда 2 жағдайдан аспайды. Демек елімізде осы бағытта шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет. Профилактикалық жұмыстың басым бағыттарының бірі – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру. 

Айта кету керек, мемлекеттік деңгейде балаларды жол қозғалысы ережелеріне үйрету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Еліміздегі мектептердің басым бөлігінде «Жас инспекторлар жасақтары» жұмыс істейді. Бұл шамамен 5 мыңға жуық бірлестік. Оған ондаған мың оқушы қатысады. Жас инспекторлар жай ғана мектеп үйірмесі емес, республикамыздың түкпір-түкпірінен 70 мыңнан астам оқушыны біріктіретін ауқымды балалар мен жасөспірімдер қозғалысы.

ҚР Ішкі істер министрлігі биылды Профилактика жылы деп жариялады. Сонымен қатар, қоғамдағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және орнықты дамуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы да белсенді түрде іске асырылуда. 

«Біздің басты міндетіміз – балалардың өмірін қорғау. Жолдағы бала қауіпсіздігі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сол себепті біз жол ережелерін балаларға интерактивті әрі түсінікті форматта үйретуді күшейтіп отырмыз», – деді  ҚР ІІМ ӘПК ресми өкілі Ақтоты Боранова.

Биылғы слетке еліміздің 20 өңірінен 200-ден астам қатысушы жиналды. Оның үстіне, шара халықаралық сипат алып, Қырғызстан өкілдері де қосылды. Қатысушылардың басым бөлігі 5-8-сынып оқушылары. Жұмыс мектеп базасында, мұғалімдер, мектеп инспекторлары және полиция қызметкерлерінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

Жас жол инспекторлардың міндетіне: сынып сағаттары, флешмобтар, байқаулар мен ПДД квесттерін өткізу; «мектеп патрулі» және «ата-аналар патрулі» құрамында жұмыс істеу; полициямен бірлескен акцияларды ұйымдастыру; медиаконтент әзірлеп, әлеуметтік желілерді жүргізу; жол қауіпсіздігіне арналған көрнекі материалдар дайындап, тарату шаралары кіреді.

Тәжірибе көрсеткендей, жас иснпекторлар қозғалысы белсенді дамыған өңірлерде балалардың жол апатынан зардап шегу фактілері азайып, оқушылардың құқықтық сауаты мен полицияға деген сенімі артып келеді.

Жас жол инспекторлар слеті тек алдын алу шарасы ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасында азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, заңға құрметпен қарауға тәрбиелейді. Оның үстіне, көптеген оқушылар болашақ мамандығын дәл осы саламен байланыстырып, жол қауіпсіздігі саласында қызмет етуді қалайды.