Күн-Жария

Алматы облысында 5 млрд теңге тиімсіз жоспарланған

Автокөлік сатып алу, теңгерімге тіркелмеген объектілерге шығын жұмсау және орындалмаған жұмыстар үшін мердігерлерге төлем жасау фактілері бар

Алматы облысында 6 айда 93 млрд теңгеден астам қаржыға аудит жүргізілді. Бұл туралы Тексеру комиссиясының мүшелері Қуаныш Есенаманов пен Ерік Бақытов айтты.

 Алматы облысы бойынша Тексеру комиссиясы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 63 объектіні тексерген. Аудит нәтижесінде жалпы 8,4 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталған. Бұл — аудитпен қамтылған қаражаттың 9,1 пайызы.

Негізгі бұзушылықтар қаржылық есеп жүргізу мен бюджет қаражатын пайдалану тәртібін сақтамауға қатысты болып отыр. Қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы — 3,2 млрд теңге. Оның ішінде 78,9 млн теңге бюджетке өтелуге тиіс, қалған бөлігі бухгалтерлік есепте қалпына келтірілуі қажет. Бұл — есеп жүргізудегі салақтық пен бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді, — деді Қуаныш Есенаманов.

Сонымен қатар аудит барысында 308,7 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Ал 4,8 млрд теңге тиімсіз жоспарланған.

Мемлекеттік мүлікті тиімді басқару қағидаттары сақталмаған. Автокөлік сатып алу, теңгерімге тіркелмеген объектілерге шығын жұмсау және орындалмаған жұмыстар үшін мердігерлерге төлем жасау фактілері бар. Бұл бюджеттік тәртіптің әлсіздігін аңғартады, — деді Ерік Бақытов.

Тексеру комиссиясырың мәліметінше, мемлекеттік аудит объектілеріне 49 міндетті тапсырма және 2 ұсыным жіберілген. Анықталған бұзушылықтар бойынша 41 лауазымды тұлға тәртіптік, ал 140 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бюджетке 14,4 млн теңге айыппұл өндірілді.