Мектепке дейінгі білім беру саласына бақылау күшейтілді
Жекеменшік балабақшаларда анықталған кемшіліктерден кейін арнайы тексеріс басталып, бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген
Қызылорда облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіліп, жүйелі мониторинг жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов мәлімдеді.
Жекеменшік балабақшаларда анықталған кемшіліктерден кейін арнайы тексеріс басталып, бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген. Соның нәтижесінде талапқа сай келмеген 94 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылды. Оның ішінде Қызылорда қаласынан – 44, Жаңақорған ауданынан – 24, Шиелі ауданынан – 26 балабақша бар.
– Мектепке дейінгі тәрбие – баланың өмірлік бағыты қалыптасатын маңызды кезең. Біз бұл салаға ерекше жауапкершілікпен қарап, қауіпсіз әрі сапалы орта қалыптастыруды басты назарда ұстаймыз. Қазіргі таңда облыс бойынша 676 балабақша жұмыс істейді, оның 464-і – жекеменшік. Алайда олардың 389-ы бұрынғы тұрғын үйлерде, коттедждерде, тіпті монша ғимараттарында орналасқан, – деді басқарма басшысы.
2025 жылдың 18 сәуірі мен 18 мамыры аралығында тек Қызылорда қаласының өзінде 219 жеке балабақшаға мониторинг жүргізілді. Заңбұзушылықтарды жоймаған 94 ұйымның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылғанымен, бұл шешім балаларды балабақшамен қамту мәселесіне кері әсер етпейді – облыс бойынша 1600-ден астам бос орын бар. Балалар талапқа сай балабақшаларға қайта орналастырылады.
2023 жылдан бастап барлық балабақшаларда Face ID жүйесі енгізіліп, балалардың қатысуы автоматты тіркеледі. Бұл жүйе артық қаржы төлеу мәселесін шешіп, 2023-2025 жылдары бюджеттен 14 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласымен интеграция арқылы ата-аналардан медициналық анықтама талап етілмей, балалардың сырқаттану жағдайы базадан көрінеді.
– Біздің басты мақсат – балаға қауіпсіз, сапалы әрі қолайлы орта қалыптастыру. Егер балабақша иелері өз міндетіне салғырт қараса, біз талаптарды одан әрі қатайтуға мәжбүр боламыз. Себебі бала амандығы – бәрінен биік, – деп түйіндеді Асқарбек Темірбекұлы.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова да бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді:
– Жекеменшік балабақшаларда орын алған соңғы оқиғалар бәрімізді ойландыруы тиіс. Баланың қауіпсіздігі мен денсаулығы – әрқашан бірінші орында тұруы керек. Балабақша ашу – бұл жай кәсіп емес, ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлес. Сондықтан ата-аналар, кәсіпкерлер мен тиісті органдар бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Біз ата-аналармен және жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деді Жақсыгүл Қожанқызы.
«Шұғыла» балабақшасының құрылтайшысы, кәсіпкер Сейтқали Алшынбаев та өз пікірін білдірді:
– Балабақша ашу – үлкен жауапкершілік. Бұл салада тәрбие мен білім беру, санитарлық талаптар, қауіпсіздік – бәрі маңызды. Мемлекет тарапынан қойылып отырған талаптар өте орынды. Біз, кәсіпкерлер, әр баланың қауіпсіздігіне, дамуына және тәрбиесіне жауаптымыз. Ата-аналардың сенімін ақтау үшін балабақшада тәртіп пен талап қатар жүруі керек, – деді Сейтқали Бегманұлы.