Күн-Жария

Астанада қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуді қалай жүзеге асырамыз?

Астананың шеткері аудандары ғана емес, ортаңғы бөлігі де көрер көзге көріксіз

Астана тұрғыны Базарбек Қамысбаев 6 жылдан бері экологиялық мәселелерді қозғап келеді. Еco-friendly өмір салтын ұстанып жүргеніне де біраз уақыт болған. Пластик өнімдерді тұтынудан бас тартып, оның орнына денсаулыққа зиянын тигізбейтін, қайта пайдалануға болатын ыдыс, термос қолданады. Дүкенге барса, матадан тігілген экосөмке алып жүреді. Экобелсенді қаладағы күл-қоқыс, қалдық үйінділері жиналып қалған орындарды суретке түсіріп, жауапты мекемелерге жіберіп отырады. Біз Базарбекпен Шыңғыс Айтматов пен Хусейн бен Талал көшелеріне жақын маңдағы күресінде жүрген кезінде жолығып, сөйлесуге уақыт таптық. Байқағанымыздай, қараусыз, бақылаусыз жатқан жерге кім көрінген келіп қоқыс төге берген.

Экобелсенді Базарбек Қамысбаев. Суретті түсірген: Мерей Әбдіжаппар

Әсіресе, Нұра ауданында осындай бейберекет, шашылып жатқан қоқыс көп. Бұл үйінді аумағы 100 метрден асады. Шыны қалдықтары, бордюр сынықтары, асфальт үгінділері, қыш-кірпіш, қапшық пен құрылыстан шыққан басқа да керексіз заттар жетерлік. Жүк көліктері келеді де кез келген жерге төгіп кете береді. Бұған тоқтау салмаса, қаладағы бас мешіттің төңірегі де қоқысқа толуы мүмкін. Ары қарай көз салсақ, Президент іс басқармасына қарасты медицина орталығының ауруханасы мен Президент әкімшілігіне қарайтын республикалық Талдау және болжау орталығы, одан әрі қарайғы тұрғын үйлер мен көшеге дейінгі аралық сұрықсыз, – дейді ол.

Астананың шеткері аудандары ғана емес, ортаңғы бөлігі де көрер көзге көріксіз. Бұл – Министрліктер үйіне тиіп тұрған, көбіне депутаттар тұратын «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің ауласы. Айкөркем Бақтиярқызы осы жақта тұрады. Айтуынша, тұрғындар қоқыс қалдықтарын сұрыптамай тастайды. Тамақ қалдықтары мен қатты заттар бір-бірімен мидай араласып жатыр.

Астанадағы "Нұрсая" тұрғын үй кешенінің ауласындағы қоқыс контейнерлері. Сурет авторы: Мерей Әбдіжаппар  

Көріп тұрғаныңыздай, сары және жасыл жәшіктер қойылған. Қоқыс түрлерінен қара түсті полиэтилен пакет өте көп. Контейнерлердің сыртындағы жазуы өшіп қалған. Әркім өз бетінше қажетсіз заттарды лақтыра береді. Жауапты мекемелер қаншалықты жиі тазалайтыны белгісіз. Мұндай бейберекет жағдай тұрғындардың да, коммуналдық қызметтің де немқұрайлы көзқарасын көрсетеді. Қалдықтарды сұрыптап тастау мәдениеті қалыптаспағандықтан, экологияға зияны орасан. Бұл мәселе тек аула тазалығына емес, жалпы қала келбетіне де кері әсерін тигізіп отыр, – дейді қала тұрғыны.

2018 жылы Энергетика министрлігі  экология кодексінің 321-бабына сәйкес қалдықтарды «құрғақ» және «дымқыл» фракция бойынша жинау тәртібіне өзгеріс енгізген. Шығарындылардың «құрғақ» түріне пластмасса, макулатура, шыны және металл қалдықтары жатса, «дымқыл» санатына гигиена құралдары, тамақ қалдықтары, керамика ыдыстар енді. Органикалық қоқыстар үшін сары пластикалық контейнер қолданылатын болса, тамақ қалдықтарын салуға жасыл түстісі орнатылды. Сондай-ақ мырышталған контейнерлер де қойылған.     

Алайда, эколог, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының басшысы Лаура Мәлікова көптеген компания түспен таңбалау талабын сақтамай отырғанын айтады.

Қазір қоқысты сұрыптауға тиісті кәсіпорындар керісінше жұмыс істеп жатыр. Сары түсті контейнер тамақ қалдықтарына, жасыл жәшіктер қаптама қалдықтарға арналған деп жазып қойған. Бұл – өте өкінішті жағдай. Соның кесірінен сұрыптауды енді меңгере бастаған халық әбден шатасып бітті. 2018 жылдан бері біз сияқты қауымдастықтар мен ұйымдар қоғамдық орындарға, университеттер мен мектептерге барып, арнайы кешенді жиындар өткізіп, сұрыптау бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізгенбіз. Осылайша, қала тұрғындарының 70 пайызына қоқысты сұрыптау ережесін үйреттік. 3-4 жылымызды арнаған ісіміз тас-талқан болды, – деп шағынды эколог.

Эколог, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының басшысы Лаура Мәліковамен сұхбат. Фотоны түсірген: Мерей Әбдіжаппар 

Оның айтуынша, Астананың бірнеше ауданында, Есіл жағасында, саябақтар мен қоғамдық орындарда орнатылған қоқыс контейнерлерінің түсі, формасы мен дизайны біркелкі емес. Стандарт бойынша олар сары және жасыл түсті болуға тиіс. Алайда кейбір жерлерде көк, қара, сұр түсті немесе тіпті үсті ашық контейнерлер де тұр. Бір қалада қоқыс жәшіктерінің түсі мен таңбалауы бірыңғай болғаны дұрыс және бұл талап қаланың барлық ауданында ескерілуі қажет еді. Бірақ, жауапсыздық салдарынан ақпараттық-ағарту жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Мұндай контейнерлердің жалпы саны – 18 000. Мегаполисте 4 мың сары, 12 мың жасыл, 609 қызыл-сары қоқыс жәшігі бар. Олар 5 мыңнан астам алаңда орын тепкен.

Инфографика: Мәншүк Ахметова 

Халық көбейді, қалдық та молайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Астана қаласы тұрғындарының саны 1 558 501-ге жеткен. Сәйкесінше, жыл сайын 400 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық түзіледі. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің статистикасына сүйенсек, 20212023 жылдар аралығында Астана қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі айтарлықтай ұлғайған. (1-кесте)


Инфографика: Мәншүк Ахметова 

2021 жылы бұл көрсеткіш 310,7 мың тонна болса, 2023 жылы 344,3 мың тоннаға жеткен. Бұл қала халқының өсуі, урбанизация және тұтыну деңгейінің көтерілуімен тығыз байланысты. 2020 жылы коронавирус пандемиясының әсерінен қалдық өсімі баяулағанымен (+2,9%), келесі жылдары көлемі артқаны байқалды. 2021 жылы қалдық көлемі 310,7 мың тоннаға жетіп, 6,6%-ға ұлғайған. Бұл – зерттеліп отырған кезеңдегі ең жоғары жылдық өсім. Сарапшылар мұны урбанизация қарқынымен, құрылыс және қызмет көрсету секторының жандануы­мен байланыстырады. 2022 жылы 315 мың 338 тонна қалдық жиналған. Дегенмен, қайта өңделетін қалдық үлесі төмен деңгейде қалған. 2023 жылы 344 346 тонна қалдық тіркеліп, 5%-ға артқан. Осы кезеңде пластик және қағаз сияқты қаптама қалдықтарының көбейгені байқалды. Былтыр қалдықтар көлемі азайып, 257 мың 957 тонна болды. 2025 жылдың 6 айын есептегенде 163 800 тоннасы шығарылған.  

Экология және табиғи ресустар министрлігінің мәліметіне назар аударсақ, 2024 жылы Астана қаласында түзілген қалдықтардың құрамы әртүрлі. (2-кесте) Ең көп үлесті тамақ қалдықтары алып отыр. Олардың көлемі 48,67 % шамасында. Екінші орында шыны қалдықтары, олардың үлесі – 17,41%. Бұл көрсеткіш шыны ыдыстарды қайта өңдеу қажеттілігін көрсетеді. Үшінші орында – қағаз бен картон бөлшектері, олардың жалпы үлесі 8,39%. Сонымен қатар, пластик құтылар 7,2%, жөргектер 5,16%, металл банкілер 4,85%. Бұл материалдардың табиғи түрде ыдырау мерзімі ұзақ болғандықтан, экологиялық қауіп туғызатыны анық.

Инфографика: Мәншүк Ахметова     

Қалған 11 пайызы түрлі өндірістік және басқа тұрмыстық емес заттардан тұрады. Аталған көрсеткіштер қалдықтарды басқаруда әртүрлі фракциямен жеке жұмыс істеудің маңызды екенін көрсетеді.

Ал эколог Лаура Мәлікованың айтуынша, Астанада коммуналдық қалдықтардың 40%-ы – қаптама қалдықтары. Егер жылына 500 000 тонна коммуналдық қалдық түзілетін болса, соның шамамен 200 000 тоннасы – осы фракция. Оған сусын құтылары, шыны, картон, қағаз, сүт пен майдың қораптары жатады.

Астана шаһарында 2017 жылдан бері қалдықтарды басқарудың орталықтандырылған жүйесі іске қосылған. Қала аумағында жалпы 40 учаске бар. 56 бірлік тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысса, GPS датчиктерімен жабдықталған қоқыс таситын арнайы көліктер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 16 мың контейнер қойылып, олардың 4 мыңы арнайы жабдықталған алаңдарға орналастырылған. 

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Жанар Сәдуақасованың дерегінше, қала аумағындағы қоқысты үш компания шығарады. Бұған дейін тек бір ғана мекеме жұмыс істеп келген. Күн сайын коммуналдық қызмет өкілдері шамамен 1200 тонна қоқыс шығарады.

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Жанар Сәдуақасова

Сарыарқа және Алматы аудандарына  Zero Waste кәсіпорны жауапты. Есіл ауданында «Сарайшық Таза Жер Капитал» жұмыс істесе,  Байқоңыр ауданына  «Горком Транс города Астаны» қарайды. Санитарлық талаптарға сәйкес, қоқыс күн сайын, тәулігіне кемінде бір рет тасылуға тиіс. Қазір бір ауысымда 60-тан астам көлік рейске шығады. Солай бола тұра, қаладағы коммуналдық қалдық көлемі азаймай тұр. 

Рұқсат етілмеген полигон көп

Жыл сайын тұрғындар саны өсіп, қолданысқа берілетін тұрғын үйлердің молаюынан қалдық көп түзіліп жатыр. Соның әсерінен рұқсат етілмеген полигондар шаһардың әр жерінде пайда болған. Еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда Астана заңсыз үйінділер жөнінен алдыңғы қатарға жайғасқан. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек биыл наурыз айында мұндай заңсыз полигондардағы  қоқыстың 95 пайызы құрылыс қалдықтарынан тұратынын айтты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің статистикасын сөйлетсек, қазір елордадағы заңды полигонның саны үшеу. Ондағы коммуналдық қалдық 6 млн тоннадан асып кеткен.

 Астанадағы қоқыс полигоны. Фото: Астана  қаласы әкімдігі 

Жанар Сәдуақасованың айтуынша, Астанадағы қоқыс полигоны ғана барлық санитарлық, құрылыс және экологиялық талаптарға сай салынған. Соған сәйкес, санитарлық-қорғау аймағы да бар. Ол кем дегенде 1000 метр болуға тиіс. Топырақ пен жерасты суларының ластанбауын қамтамасыз ететін тиісті талаптар сақталған және ол жүйелер жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта Экология департаменті тоқсан сайын өндірістік экологиялық мониторинг жүргізіп отырады. Олар су мен топырақтан сынама алып, тексеріс жүргізеді.

Десек те, полигондардың әрқайсы 4 миллион тоннаға дейін қоқыс қабылдай алады. Бірнеше жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдары «полигондар толып қалды, енді қайтеміз?» деп дабыл қаққан болатын. Бұл мәселенің өзектілігі күн өткен сайын артып барады. Қаладағы барлық коммуналдық қалдық 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан полигонның екінші ұяшығына жеткізіледі. Қазір бұл ұяшық 98%-ға толған. Сондықтан бұл полигон әрі кеткенде бір жыл ғана қоқыс қабылдай алады, дейді әкімдіктегі Қоршаған ортаны қорғау басқармасының өкілі.    

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев. Фото: Үкімет 

Астана ғана емес, еліміз бойынша қоқыс полигондарының көбі толып қалған. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, былтырғы жылдың статистикасына сенсек, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы полигондар 90% аса қоқысқа көміліп тұр. 2023 жылы Үкімет кешенді шараларды бекітіп, 100 полигон салуды көздеген. Алайда, екі жыл ішінде әкімдіктердің  шамасы тек соның жетеуін ғана іске қосуға жетіпті. 

«Қазір біз үшінші ұяшыққа арналған жоба-смета құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Шілде айында оң қорытынды алып, үшінші ұяшықтың құрылысын бастаймыз. Оның орналасатын жері де бекітілген, қолданыстағы учаскенің қасында тұрады. Оларды алыстау жерге салуға болмайды. Өйткені әкімшілік ғимараты, таразы, тағы басқасы ортақ инфрақұрылымға тәуелді. Сол себепті Астананың бас жоспарына сәйкес, олар бір-бірімен іргелес орналасқан», деп түсіндірді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының өкілі.  

Астанадағы қалдықты өңдеуге жалғыз зауыттың мүмкіндігі жетпейді 

Астана қаласында тұрмыстық қалдықты сұрыптап, өңдейтін жалғыз зауыт – Astana Recycling Plant ЖШС. Кәсіпорын 2012 жылы іске қосылғанда қоқыс өңдеу бойынша мәселе айтарлықтай азаяды деген үміт болған. Алайда бүгінде шаһардан жиналатын тұрмыстық қалдықтарды толықтай игеруге зауыттың мүмкіндігі жетпей отыр.

Көрнекі фото: Egemen Qazaqstan

Бастапқыда тәулігіне 400 тонна қалдық қабылдайтын бұл кәсіпорын дәл осы кезеңде 1000 тоннаға дейін жеткен коммуналдық шығарындылардың шамамен 600 тоннасын ғана өңдейді. Қалғаны тікелей қоқыс полигонына жөнелтіледі. Негізгі себеп – зауыттағы жабдықтардың әбден тозып, жаңғыртуды қажет етуі. Сонымен қатар, өндіріс орны мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп келеді. Жиналған қаражат тек салық пен қызметкерлердің жалақысын өтеуге ғана жетеді. Бұл туралы зауыт басшысы бұған дейінгі берген сұхбаттарында атап өткен.  

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Жанар Сәдуақасова жинақталған проблеманың басқа да қырларын атап өтті.

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Жанар Сәдуақасовамен  сұхбат. 

Қала аумағынан жиналған тұрмыстық қалдықтарды бір ғана зауытқа апарамыз. Ол жерде жұмысшылар заттарды қолмен реттейді. Негізі жалғыз сұрыптау желісі бар, оның өзі толық автоматтандырылмаған. Қалдықтар алдымен үлкен алаңға төгіледі де, қызметкерлер оларды қолмен ашады, пакеттерді жыртып, ішінен пластик, қағаз, металл сияқты өңдеуге жарамды заттарды бөліп алады. Бұл өте қиын шаруа болғандықтан, мұндай жұмысқа барғысы келетіндер аз, – дейді Жанар Сәдуақасова.

3 пайыздық несие қолдау ма, тосқауыл ма?

Қазақстан үкіметі кейінгі жылдары қалдықтарды реттеу үшін заңнамалық және институционалдық бастамаларды жүргізіп келеді. 2021 жылы қабылданған жаңа Экология кодексінде қалдықтарды өңдеуге қатысты заманауи тәсілдер енгізілді, соның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) жүйесі айқындалған. Жүйе бойынша, белгілі бір өнім өндіруші және импорттаушылар өз тауарларынан шыққан қалдықтарды жинап, қайта өңдеуді қаржыландыруға міндеттеледі. 2015 жылы құрылған «Оператор РОП» мекемесінің функциясы қазір мемлекеттік «Жасыл даму» АҚ-ға берілді. Бұл оператор қалдықтарды жинау инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға және халықтан қалдық қабылдау шараларына бағытталған қаржыны үйлестіреді.

Алайда 2022-2023 жылдары ӨКМ операторының ауысуына байланысты «EcoQolday» субсидия бағдарламасы уақытша тоқтап қалды. Бұл кезеңде 100-ден астам қайта өңдеуші кәсіпорын жабылып, салаға елеулі зиян келді. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бұл мәселелерді Парламент отырысында көтеріп, қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу саласының жүйесіздігін сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі таңда қайта өңдеуші кәсіпорындар істеген жұмысы үшін тиесілі төлемін уақытында ала алмай отыр, ал төлемнің орнына 3 пайыздық несие ұсынылуы жүйені тиімсіз әрі күрделі етіп жіберген. Депутат Экология кодексінің 388-бабына сүйене отырып, Өнеркәсіпті дамыту қоры тек қайта өңдеу өндірісін ғана қаржыландыра алатынын, ал қоқыс жинау, сұрыптау және тасымалдаумен айналысатын компаниялар бұл қолдаудан шет қалғанын алға тартты.

«Жасыл даму» АҚ өкілдерінің айтуынша, проблемаларды шешу үшін екі бағытта қаржыландыру қолға алынған. Біріншісі – қалдықтарды басқару жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру. Бұл тетік арқылы қоқыс таситын көлік, сұрыптау желілері және қайта өңдеу қуаттарын сатып алуға 3% мөлшерлемемен 3 жылдан 15 жылға дейін несие беріледі. Осы мақсатта 2024–2026 жылдарға 185 млрд теңге бөлінген. Екіншісі – «EcoQolday» автоматтандырылған жүйесін енгізу. Құрылым кеңейтілген өндіруші жауапкершілігіне жататын қалдықтарды жинаудан бастап өңдеуге дейін бақылауға мүмкіндік береді және кәсіпорындарға қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 367-бабына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Контейнер алаңдары мен тарифтерді бекіту – мәслихат құзырында. Алайда инфрақұрылымның жеткіліксіз болуы мен төлем тетіктерінің күрделілігі саланы дамытуға кедергі келтіріп отыр. Сол себепті депутат Сәрсенғалиев қалдықтарды басқару реформасын қайта қарап, төлем мен несиенің ара-жігін ажыратып, қайта өңдеушілерге нақты қолдау көрсетуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл сала жүйеленбесе, қоқыс полигондарының саны жылдан-жылға арта түседі.

Озық елдер тәжірибесі. Қалдықты өңдеуге сана мен жүйенің үйлесімі қажет

Қалдықтарды өңдеу мен сұрыптау – технологиялық мәселе ғана емес, адамның сана-сезімі мен қоғамдағы экомәдениет деңгейінің көрсеткіші. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қалдықты кәдеге жарату жұмысы инфрақұрылымға қатысты емес. Ол әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігіне де тікелей байланысты.

Мысалы, Ұлыбританиядағы Абердин университетінің магистранты Алпамыс Файзолла қоқысты бөлек жинау да заңды талап ретінде қарастырылғанын айтады. Ондағы қоғамдық ғимараттар мен көпшілік орындарда керексіз деп саналған материалдарды тастайтын бірнеше жәшік болады. Біріне «General waste», яғни «жалпы қоқыс», «аралас қоқыс» деп жазылса, өзгесіне «Recyclable waste», яғни қайта өңделетін түрі деп жазылады. Үйдің қасындағы арнайы контейнерлер де дәл осылай бөлінеді. Британиялықтар қайта өңделетін және өңделмейтін қалдықтарды екі бөлек жинап, сұрыптайды.  

Ұлыбританиядағы Абердин университетінің магистранты Алпамыс Файзолла. Сурет А.Файзолланың Facebook парақшасынан 

Біз пәтер жалдар алдында келісімшартқа қол қойдық. Онда «өңделетін қоқысты өңделмейтін қалдықтардан бөлек контейнерге тастаймын» деген тармақ та бар. Егер міндеттемені орындамасақ, үй иесі келісімшартты бұзып, пәтерден шығаруға құқылы. Басқа көптеген шартпен бірге, қоқысты бөлек жинау да заңды талап ретінде қарастырылған. Сол себепті, тұрғындар ас бөлмесінде екі қоқыс шелегін ұстайды. Бірі – өңделетін, екіншісі өңделмейтін қалдықтарға арналған. Сырттағы контейнерлерге тастағанда да, екі пакетті екі бөлек лақтырамыз. Әрине, өңделетін және өңделмейтін қалдықтарды араластырмай, екі бөлек тастап жүр ме деп, пакеттерді ақтарып, ешкім тексермес. Ең бастысы, қоқыстарды бөлек жинау заңды талап ретінде қойылады. Ары қарай оны орындау не орындамау әркімнің сана-түсінігіне байланысты. Дегенмен, өркениетті қоғамның мінез-құлқы, өмір салты адамға жақсы әсер етеді екен. Осы тәртіпке біз де бірден үйренісіп кеттік. «Мына пластик ғасырлар бойы шірімей жатып, табиғатты бүлдіргенше, қайтадан өңделіп, кәдеге жарасын» деп ойлап тұрамыз, – дейді ол.      

Мақаланы әзірлеу  барысында Жапонияда он жылдан астам уақыт тұрып, экология және энергия тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізген инженер-эколог Сәуле Жолдаяқовамен де сұхбаттастық. Оның пікірінше, Қазақстан мен Жапонияның экологиялық мәселелері тарихи, географиялық және мәдени тұрғыдан әртүрлі сипатта. Қазақстанда кең дала, табиғи ресурстар мол болғанымен, қалдықтарды басқару мәдениеті әлі қалыптасу үстінде. Ал Жапонияда, керісінше, ресурс шектеулі. Сол себепті олар қалдықты барынша азайтып, әрбір затты үнемдеп, қайта өңдеуге тырысады.  

Инженер-эколог Сәуле Жолдаяқова. Фото С.Жолдаяқованың жеке  мұрағатынан 

Жапонияда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өндірістің күрт дамығаны белгілі. Осының кесірінен «когай мондай» деп аталатын экология апаты көп болды. «Когай мондай» сөзі «ластану мәселесі» деп аударылады. Олар осы терминмен адам қолымен жасалған экология апаттарын айтады. Зауыттан шығатын зиян қалдық, өзенге түскен қатерлі зат ауа мен суды ластап, әуелі балыққа, сосын адамға әсер еткен. Нәтижесінде түрлі ауру тараған. Сынап, күкірт диоксиді, кадмий ауа мен суға жайылып, Жапония тарихында үлкен экология апаттары болады. Осыдан кейін мемлекетте өндірістен шығатын зиян қалдықтарға мониторинг жасау, бөлінетін зиян заттың нормасын қатаң қадағалайтын заңнама пайда болды.

Инженер-эколог Жапонияда қоқысты сұрыптау ережелері префектура деңгейінде емес, әрбір қала немесе ауылдық әкімдік деңгейінде реттелетінін мысал етті. Токушима префектурасындағы Камикацу қалашығы елдегі ең қатаң сұрыптау жүйесі бар аймақ ретінде ерекшеленеді екен. Мұнда қоқысты 13 санат және 45–51 түрлі сұрыптау ережесі бойынша бөлуді қолға алған. Мысалы, ас ішуге арналған таяқшалары бамбук пен ағаштан жасалған болып бөлінеді. Ал банкалар болат, алюминий деп ажыратылса, шыны ыдыстар түсіне қарай, мөлдір, қоңыр және басқа түсті деген санаттарға бөлінеді.  

Камикацу қалашығында тұрғындардың өзі қоқысты арнайы сұрыптау станцияларына жеткізеді. Бұл жерде қолданыстан шыққан заттар алдын ала сұрыпталған болуы керек. Қоқысты өртеу немесе көму тәсілдері мүлде азайған. Соның нәтижесінде, қайта өңдеу деңгейі 80%-дан жоғары болып отыр. Бұл бүкіл Жапония үшін рекордтық көрсеткіш. Камикацу тәжірибесі қалдықтарды басқарудағы қоғамның, биліктің және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігінің үлгісі.

Біз бірнеше өңдеу кешеніне барып, нақты процесті зерттедік. Бұл кешендерде қалдық алдымен мұқият сұрыпталады. Қайта өңделетін пластик, қағаз, металл арнайы бағытқа жөнелтіледі. Ал органикалық немесе қайталама өңдеуге келмейтін қалдықтар waste-to-energy (қоқыстан энергия) жүйесі бойынша жағылады. Жоғары температурада жанған кезде бөлінетін жылу – электр және жылу энергиясына айналады. Бұл процесс толықтай автоматтандырылған және экологиялық стандарттарға сай жүргізіледі. Сонымен қатар Жапонияда қалдықтардан сутегі өндіру (hydrogen from waste) жобалары бірқатар қалада енгізіліп жатыр. Қазіргі жұмысымның басты бағыты сутегі энергиясы болғандықтан, бұл болашағы зор әрі менің зерттеу бағытыма тікелей байланысты тақырып, дейді зерттеуші. 

Сәуле Жолдаяқова органикалық тұрмыстық қалдықтар немесе ауыл шаруашылығы биомассасы пиролиз немесе биохимиялық әдістермен өңделіп, одан таза сутегі алынатынын айтады.

Бұл бағыт бірден екі мәселені шешеді: қалдықты азайтады және балама энергия көзі – таза сутегі береді. Сутегі – жаңа балама энергия көзі. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы мол аймақтарда іске асыруға ыңғайлы, себебі ондай өңірлерде биомасса жеткілікті. Қазірдің өзінде Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдер осы технологияны өндірістік ауқымда дамытуда. 

Эколог Лаура Мәлікова қалдықты сұрыптап, өңдеуден әлемде көш басында тұрған Швецияның бастамаларынан үлгі алуға шақырады.  Тәжірибелі маман Стокгольмдегі Корольдік Технологиялар институтында оқыған.

Эколог Лаура Мәлікова. Фотоны түсірген: О.Қасым 

Бұл – инженерия саласында Еуропадағы ең үздік оқу орындарының бірі. Біз теориямен қатар, практикаға да назар аудардық. Полигондарға, қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттарға барып, заманауи үдерістермен көзбе-көз таныстық. Мені таңғалдырғаны, олар да қалдық шығарады, бірақ біздегідей үйіліп жатқан тау емес, нақты жүйеленген, ұйымдастырылған өндіріс кешені. Шөп, күл, қалдық – барлығы қайта өңделіп, жаңа материал әзірленеді. Мысалы, күлден цемент жасалып, сол өңдеу кешенінің ішіндегі жолдарды салуға қолданылады. Олардың мақсаты – қалдықты нөлге жеткізу. Ешнәрсе көмілмейді, барлығы қайта өңделеді. Қазақстанда да «полигон деген түсініктен арылып, «қалдықтарды өңдеу кешені» деген атауға көшу керек, дейді сарапшы.

Германия да қажетсіз заттарды кәдеге асыру бойынша алдыңғы санатта тұр. Мұнда қалдықтың төрттен үш бөлігі өңделіп, халық игілігіне беріледі. Немістер 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды көметін полигондардан түбегейлі бас тартуды жоспарлап отыр. Дамыған елдердің жылдар бойы жүзеге асырған тәжірибесін бізге де қолданатын уақыт әбден жетті.               

Қордаланған мәселенің шешімі бар

Елімізде қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу бағытында алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Биылғы наурыз айында Үкімет басшысы Олжас Бектенов қалдықтарды сұрыптау желілерінің қуатын 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін арттыру жұмысы қолға алынатынын мәлімдеді. Мұндай жоғары көрсеткішке жету үшін Қазақстанға жүйелі экологиялық стратегия қажет. Өкінішке қарай, елімізде қалдықты өңдеу үлесі аймақтарда әрқилы. Астана, Алматы, Шымкент пен Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау сынды бірнеше өнеркәсіптік өңірде 38%-дан жоғары болса, қалған өңірлерде бұл көрсеткіш 15%-дан аспайды.

Елімізде ҚТҚ-ның 3005 полигоны бар, соның тек 635-і ғана санитарлық-экологиялық талаптарға сай. Бұл полигондарда 125 млн тоннадан астам қалдық жиналған, оны өңдеу де, жою да мүмкін болмай тұр. Жыл сайын ғарыштық мониторинг арқылы мыңдаған заңсыз полигон анықталады. Бұл қоқыс проблемасының күрделене түскенін көрсетеді.

Дегенмен, Астананы және еліміздің басқа да ірі қалаларындағы қалдықтарды тиімді реттеу үшін бірнеше маңызды шешім қабылдануы керек.

Экологиялық тәрбиені мектеп бағдарламасына енгізу. Біріншіден, 2020 жылдан бері айтылып келе жатқан экологиялық тәрбие пәні мектеп бағдарламасына толық кірігуі керек. Экобелсенді Базарбек Қамысбаев оны тек пән ретінде емес, өмір салты ретінде ұғындыру қажеттігін айтады. Жапония, Швеция секілді мектеп жанынан биоорталық ашып, балаларды табиғатпен етене жұмыс істеуге баулу, экологиялық сенбіліктер мен жобалар арқылы қызығушылығын ояту оңтайлы тәсіл болар еді. Қалдықты сұрыптау жарыстары, экоклубтар құру, мультфильмдер мен әлеуметтік роликтер арқылы балаларды қызықтыру өте тиімді.

Экобелсенді Базарбек Қамысбаев. Суретті түсірген: Мерей Әбдіжаппар

Қалдықты сұрыптау жүйесін жетілдіру. Қаладағы контейнерлерді таңбалаудың бірізді болмауы, қолдану мақсаты көрсетілмеуі азаматтарды шатастырып, экологиялық белсенділігіне кері әсерін тигізеді. Сол себепті, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп қалдықтарды басқарудың жаңа бағдарламасын жедел түрде әзірлеуге тиіс. Тұрғындар контейнерлерді түсі мен мақсатына қарай ажырата білуі керек.

Қоқыс сұрыптауды заңды талап ретінде қарастыру. Қаланы ластайтын адамға қолданылатын жазаны күшейтпей, мәселенің түйінін тарқату қиын. ҚР Құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша азамат айналасын ластаған жағдайда ескерту беріледі. Сол ескертудің орнына айыппұл мөлшерін көбейткен жөн. 

Қалдық өңдеу полигондары мен зауыттар салу. Эколог Лаура Мәлікова Астана қаласында жиналып жатқан тұрмыстық қалдықтардың көлемін ескере отырып, кемінде 3 заманауи қалдық өңдеу зауытын салу қажет деп санайды. Шаһардың шеткері аймақтарында 2 ірі экологиялық талапқа сай жаңа полигон ашылып, қазіргі полигондар кезең-кезеңімен жабылуға тиіс. Қайта өңдеу зауыттары жылына кемінде 500 мың тонна қалдықты өңдей алуы қажет. Бұл полигонға түсетін жүктемені мейлінше азайтады. Жобаларды Астана әкімдігі мен экология басқармасы 2028 жылдың ортасына дейін іске қосуы керек. 

Қалдықтың бір бөлігін энергия көзі ретінде жағу. Экология министрлігі полигондардың қоршаған ортаға кері әсерін азайту мақсатында қалдықтың бір бөлігін энергия көзі ретінде жағуды оң шешім санайды. Ведомство ластанған шығарындыларды полигонға көмбей, оның орнына энергетикалық утильдеу, яғни өртеу арқылы электр энергиясын өндіру тиімді екенін мәлімдеді. Заманауи көпсатылы сүзгілерді қолданса, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларына қарағанда экологияға әлдеқайда аз залал келтіреді. Қазақстанда осындай тәсілдерді іске асыру мақсатында 6 бірдей заманауи қоқыс жағу зауытын салу жоспарланған.

Тамақ қалдықтарынан биогаз, қайта өңделмейтін қоқыстан энергия алу. Ұлыбританиядағы Абердин университетінің магистранты Алпамыс Файзолла шетел тәжірибесін Қазақстанда қолдануды ұсынады. Англияда қалдықтар түрі бойынша жеке-жеке кәсіпорындарда өңделеді, ал тамақ қалдықтарынан анаэробты ашыту әдісімен биогаз алынады. Қайта өңделмейтін қоқыс инсенераторларда жағылады, одан жылу арқылы энергия өндіріледі. Күл арасындағы металл сүзгіден өткізіліп, құрылысқа пайдаланылады. Полигондарда метан газын ұстайтын газ жинау жүйелері орнатылған. Англия 2035 жылға қарай қайта өңдеу үлесін 65%-ға жеткізуді көздеп отыр.

Органикалық тұрмыстық қалдықтардан сутегі өндіру.  Жапонияның тәжірибесін негізге алу. Эколог-инженер Сәуле Жолдаяқованың ұсынымын назарға алсақ, ол елде органикалық тұрмыстық қалдықтар немесе ауыл шаруашылығы биомассасы пиролиз немесе биохимиялық әдістермен өңделіп, одан таза сутегі алынады. Бұл бағыт бірден қалдықты азайтып,  балама энергия көзін  береді. Пластик қалдықтардан сутегі өндіру (hydrogen from plastic) де үлкен серпіліс алып жатыр. Кавасаки қаласы Жапонияда қалдық пластиктерді пайдалы энергия көзіне айналдырып, қайта қолданудың ерекше үлгісін көрсетіп отыр. Осы процесті «Resonac» компаниясының арнайы зауыты KPR зауыты жүзеге асырады. «Жергілікті пластиктен жергілікті сутегі өндіру және пайдалану» деген ұстаныммен күніне 200 тоннаға дейін қалдық өңдейтін жаңа орталық салуды жоспарлап отыр. Қазақстан үшін де бұл бағыт аса өзекті. Қалдықтарды көму немесе өртеу орнына, оларды сутегіге айналдыру – экологиялық тұрғыдан да, энергетикалық жағынан да тиімді шешім.

«Trade-in» бағдарламасы арқылы металл өндіру. АҚШ-тағы жетекші кәсіпорындар да қоқысты ресурс көзі деп қарастырады. Apple компаниясы 2015 жылы өзінің «trade-in» бағдарламасы аясында 1 тонна алтын, 3 тонна күміс өндірген. Бұл электронды қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің қаншалықты табысты бағыт екенін айғақтайды.

Қалдықтарды тиімді басқару – тек технологиялық жаңару ғана емес, сана мен мемлекеттік жүйенің үйлесімін көрсететін кешенді мәселе. Дамыған елдердің тәжірибесін бейімдеп, ғылыми негізделген ұлттық стратегияны қалыптастыру арқылы Қазақстан да экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға бет алады.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді. 

Олжас ҚАСЫМ