Алматы сервис және технологиялар колледжінің студенттері заманауи киім топтамаларын көпшілікке таныстырды
Бұл шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды
Алматы сервис және технологиялар колледжінің студенттері заманауи киім топтамаларын көпшілікке таныстырды,- деп хабарлайды Jarialike.kz. Бұл шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.
«Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мен «Шаштараз өнері» мамандығы бойынша білім алған жас дизайнерлер қазақтың ұлттық ою-өрнектерін заманауи үлгілермен ұштастыра білді.
Колледж директоры Жарқын Жәниязова студенттерді оқытудағы мақсат-міндеттерді айқындап берді.
«Сән және сұлулық индустриясының мамандарын дайындап жатырмыз. Олар тек көрсетілімдер өткізіп қана қоймай, өз өндірістерін ашып, ел экономикасын дамытуға үлес қосады деп үміттенеміз»
Балжан Ерсерік, дизайнер:
Заманауи үлгіде ою-өрнектермен әсемделген қазақи нақыштағы киімдер тігілуде. Халықтың сұранысына сай, сапалы жібек маталардан ұзату көйлектері мен басқа да сәнді киімдер дайындалып жатыр.
Бұл шара жастардың тәжірибе алаңына айналып, жас мамандардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи стильде ұсыну — біздің мәдениетімізді әлемге танытудың бір жолы. Колледждің мұндай іс-шаралары жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұлттық мәдениетті сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.