Қаллекидің Дастаны
Дастан Карлдың ішкі күйзелісін, қоғамнан шеттетілген адамның трагедиясын жүрекпен жеткізді
«Сахна – шындықтың айнасы. Ал сол айнадан жанымызды дір еткізетін бейнені көргіміз келсе – актердің жүрегі сөйлесін». Бұл сөз дәл Дастан Әлімовке арналған секілді.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Дастан Әлімов – сахнада шағын рөлдерді де жанды образға айналдыра алатын сирек дарын иесі. Оны алғаш Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» спектакліндегі баланың бейнесінен көргенде-ақ, актерлік шеберлігінің шынайылығымен көзге түскен. Жас баланың ішкі жан күйзелісін, қиялы мен сағынышын жүрегімен сезініп, көрерменге жеткізуі – өнердегі биік парасаттың көрінісі еді. Бала бейнесі арқылы ішкі қиял мен сағыныштың үнсіз тілін сөйлетті.
Қостанай облысының Аманкелді ауданында дүниеге келген Дастан бала күнінен сахнамен тыныстап өскен. Қазақ ұлттық өнер университетіндегі Әзірбайжан Мәмбетов шеберханасы – оның актерлік негізін қалаған алтын орда. 2006 жылдан бері ол Елордадағы Қаллеки театрының сахнасында талай кейіпкердің тағдырын шебер жеткізіп келеді.
Дастанның сахнадағы ерекшелігі – шағын эпизодтардың өзінен үлкен дүние тудыра алуы. Иоганн Штраустың «Жұбайлар жұмбағындағы» мас күзетші бейнесі болсын, «Абай» спектакліндегі қарапайым хат тасушы бала болсын – әр кейіпкері өз бояуымен, өз тынысымен есте қалады.
Оның ойынына тән қасиет – кейіпкердің жан әлеміне терең бойлап, көрерменмен арадағы шекараны жойып, сахна мен зал арасындағы шынайы байланысты орнату. Бұл қасиеті «Абылай ханның арманы» қойылымындағы Қытай елшісі На-Ванг бейнесінен де, «01» драмедиясындағы аңғал тиктокер Әлиханнан да айқын байқалады.
Дастан Әлімов – психологиялық драма жанрында да ерекше ашылатын актер. Бұған неміс драматургі Георг Бюхнердің «Войцек» трагедиясындағы Карл бейнесі дәлел. Сахнада өмір мен өлімнің, үміт пен түңілудің арасында шарқ ұрған Карлдың бейнесі арқылы актер адам жанының қараңғы тұстарын көрерменге ашып көрсетті. Бұл рөл – психологиялық тереңдікті талап ететін, актердің жанын сарқа жұмыс істейтін бейне. Дастан Карлдың ішкі күйзелісін, қоғамнан шеттетілген адамның трагедиясын жүрекпен жеткізді. Сахнада кейіпкердің көлеңкесі ғана емес, бүкіл рухы көрерменнің жанын тітіркентті. Осы Карл бейнесі арқылы Мария мен Войцектің оқиғасына психологиялық тереңдікпен қарауға мүмкіндік береді.
Осы қатарда Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» спектакліндегі өзін пайғамбар санайтын науқас бейнесі де ерекше орын алады. Бұл рөл – Дастанның ішкі диалогқа, ақыл мен сезім арасындағы шекараға терең бойлай алатын қабілетінің жарқын мысалы. Бір қарағанда шетте жүрген адам, шын мәнінде қоғамның өзегіне айналған бейне.
Комедия мен классика да оның репертуарында кең орын алады. М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» қойылымындағы Көтібардың көмекшісі, Б.Ұзақовтың «Жандауа» драмасындағы Қысқа, «Үйлену» спектакліндегі асаба, «Антивирус» пен «Ақ жауындағы» кейіпкерлер – бәрі де сахнада көрініп қана қоймай, көрерменмен байланыс орната алатын тірі бейнелер.Комедия жанрының өзіндік қиындығына қарамастан, Дастан «Үйлену» музыкалық комедиясындағы Керек бейнесін көркемдік биіктікке көтере білді. Қарапайым ауыл баласының шынайы бейнесін сомдау арқылы ол көрерменін күлдіре отырып, ойландыра алатын қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Оның еңбегі тек сахнада емес, шет елдік фестивальдерде де мойындалған. «Шие» қойылымындағы «Пәтөнай» бейнесі үшін алған марапаттары, «Эпизодтағы үздік ер адам бейнесі» сынды атақтары оның жанкешті еңбегінің куәсі. «Еңбек даңқы» медалі – сахнадағы елеусіз еңбектің еленуі.
Дастан Әлімов – сахнада тірі бейне жасап, образға жан бітіре алатын талант. Оның әр рөлі – көрерменге арналған жүрек сөзі, оның шеберлігі – сахнаның тірі тынысы.
«Рөлдің үлкені не кішісі жоқ – әр рөлде өмір бар» деген қағиданы Дастан Әлімов өзінің бүкіл шығармашылығымен дәлелдеп келеді. Ол – сахнада өмір сүретін, бейнеге жан беретін, шындықты жүрегімен сөйлететін актер.
Мирас Әбіл
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының «Әдеби және ғылыми қор» бөлімінің басшысы.